Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындармен кездесу барысында Осакаров ауданын сумен жабдықтау, тұрғын үй, жолдарды дамыту мәселелерін талқылады.
Бұл жолы аймақ басшысы Молодежное ауылының Мәдениет үйіне ашық диалог үшін келді. Бұл елдімекенде сонымен қатар басқа да өзгерістер бар.
Бірнеше жылда алғаш рет жеке инвестициялар есебінен тұрғын үй құрылысы басталды.
Ал жылумен жабдықтауды жақсарту үшін жаңа блокты-модульді қазандық салынуда.
Кездесуге барлық аудан тұрғыны жиналды.
– Жалпы жұмыс жүріп жатыр. Бірақ шешілуі тиіс міндеттер әлі де бар. Біріншісі – сапалы медициналық қызметтердің қолжетімділігі. Екіншісі – сумен жабдықтау. Барлық нысанды аяқтау керек. Үшінші және ең бастысы – жылыту маусымына дайындық, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ ол ауыл бизнесмендерін де жерлестерінің өмір сүру сапасын жақсартуға атсалысуға шақырды.
Аудан әкімі Руслан Нұрмұханбетов өткен кездесуде көтерілген мәселелер қалай шешіліп жатқаны туралы баяндады.
Тұрғындар кент ішіндегі және аудандық жолдардың жағдайы туралы бірнеше рет хабарласқан. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша Пионер және Қаратомар ауылдарындағы жолдар жөнделеді.
Басты міндеттердің бірі – тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Өткен жылы Қаратомар, Николаевка және Қаракөл ауылдарында су құбырлары салынды. Осакаровтағы жетінші кезектегі су құбыры желілерінің құрылысы аяқталуда. Биыл Садовое және Трудовое ауылдарындағы нысандарды аяқтау қажет. Сонымен қатар, Колхозное және Шұңқыркөл ауылдарында жобалар жүзеге асырылуда. Центральное және Приишимское ауылдарында су құбыры желілерін салу үшін ЖСҚ әзірленді.
Әрқайсысы 200-ге дейін адам тұратын тағы да жеті елдімекенде блокты-модульді су тазарту кешендері орнатылады. Осылайша, жақын арада тұрғындарға құдықтардан су қолданбау үшін сумен жабдықтау мәселесі толығымен шешілуі тиіс.
Сондай-ақ, ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салу мәселесі бірнеше рет көтерілді.
– «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша Сарыөзек ауылында дәрігерлік амбулатория салынды. Шұңқыркөл, Жұлдыз, Ошағанды және Ақпан ауылдарында медициналық пункттер салынуда. Қазіргі уақытта Молодежное ауылындағы ауылдық аурухананы күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, – деп хабарлады Руслан Нұрмұханбетов.
Кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін Осакаровта 18 пәтерлі екі үйдің құрылысы аяқталуы тиіс. Молодежное кентінде жеке инвестор екі бес қабатты үй салып жатыр, онда 120 пәтер болады.
Жеке тұрғын үй үшін аудан орталығында 200 жер учаскесі бар. Инженерлік коммуникация құрылысына ЖСҚ әзірленді және оң мемлекеттік сараптама алынды. Жұмыстар қаржыландыру бөлінгеннен кейін басталады.
Осакаров тұрғындары шешуді қажет ететін бірқатар мәселені ортаға салды. Бұрынғысынша жол, ТКШ, абаттандыру негізгі мәселелер қатарында. Моледёжное ауылының тұрғындары ХҚКО-ны қайтаруды сұрайды, себебі электрондық форматта көрсетілмейтін мемлекеттік қызметтерді алу үшін аудан орталығына баруға тура келеді. Ермағанбет Бөлекпаев ең болмағанда бір қызметкердің сол жерде қабылдауына мүмкіндік табуды тапсырды.
Ермағанбет Бөлекпаев кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдады.