Ауылға кел, замандас!

Қоныс аударушыларды Нұра ауданының Жараспай ауылдық округінде қабылдауға дайын. Оларды баспана және жұмыспен қамтуға дайын.

Жараспай ауылдық округі Қарағандыдан 220 шақырым, Астанадан 150 шақырым және Нұра кентінен – ауданның әкімшілік орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан.

Жараспайда 11 жылдық мектеп пен шағын орталық, күндізгі стационары бар фельдшерлік-акушерлік пункт, Мәдениет үйі, саябақ, наубайхана, тойхана, асхана бар, сондай-ақ «Жараспай» ірі серіктестігі орналасқан.

– Қоныс аударудың негізгі мақсаты – ауылдық округ тұрғындарының, сондай-ақ мектеп жасындағы балалардың санын арттыру. Сондықтан біз көп балалы отбасыларға артықшылық береміз. Бұл біздің мектепті сақтауға, сондай-ақ жұмыс күшімен қамтамасыз етуге көмектеседі, – дейді ауылдық округ әкімі Жанкелді Рахымжанов. – Мысалы, мектепте бізге математика, география, биология және химия, дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдері қажет. 20 мың гектар жерде бидай өсірумен айналысатын «Жараспай» ЖШС-не агроном, механизаторлар мен инженерлер қажет. Серіктестікте барлық техника жаңа, онда жұмыс істейтін қызметкерлер қажет.

Қоныс аударушыларға баспана беріледі, көмір жеткізіледі, көтерме жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ малы азықпен қамтамасыз етіледі.

Жалпы Жараспай ауылында жайлы тұру үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Өткен жылы 17 шақырым су құбырының құрылысы басталды. Осы жазда орталық сумен жабдықтауға 170-ке жуық үй мен 30 әлеуметтік нысан қосылады. Ауылда заманауи ойын алаңдары, көпфункционалды хоккей корты бар. Осы жазда 100 жаңа жарықтандыру тіректерін орнату, мектеп жанындағы аумақты асфальттау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, елді мекен көлік айырығында ыңғайлы орналасқан.

– Ауыл жол бойында, автобустар елордаға да, Қарағандыға да қатынайды. Жазда демеушілік қаражат есебінен біз волейбол алаңын жабдықтап, мешітті жөндейміз деп жоспарлап отырмыз, – дейді ауылдық округ әкімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *