«Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығыныңстероидты қосылыстар химиясы зертханасының меңгерушісі, Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Бораш Игілікұлы Төлеуовпен болған сырлы сұхбат.
– Бораш Игілікұлы, Сізді қарапайым ауылдан шыққан академик деп ел айтып жүр. Жалпы ғалым болуды бала күніңізден армандап па едіңіз, әлде қаладағы көп оқудың нәтижесі ме? Туған жеріңіз бен өскен ортаңыз туралы айтып өтсеңіз…
– Мен 1960 жылы 26 қаңтарда Қарағанды қаласында қызметшінің (сол кезде студенттің) отбасында дүниеге келдім. Әкем Игілік Калейұлы Төлеуов 1960 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін үздік бітіріп, Қарағанды облысы Ульянов ауданы ХХ-партсъезд атындағы кеңшардың Корнеевка ауылында, кейін Ақжар ауылында математика және физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Халық ағарту ісінің үздігі болды. Анам Дариға Ибрагимқызы Мақажанова үй шаруасымен айналысып, он бір бала тәрбиелеп, «Алтын алқа» құрмет наградасымен марапатталған еді. Сондықтан болар, көп балалы ауылдық отбасында өскендіктен, көпшіл мінезім, негізгі өмірлік ұстанымдарым: мақсаткерлігім мен еңбексүйгіштігім қалыптасты.
1966-1976 жылдары Ақжар ауылының Сарытау сегіз жылдық мектебінде, одан кейін Қылыш Бабаев атындағы кеңшардағы Үміткер орта мектебінде оқыдым. Шынымды айтсам, кейін Жоғары оқу орнына түскенде, орысша бір ауыз сөз білмейтінмін.
1976 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің (ҚарМУ) химия факультетіне оқуға түсіп, 1981 жылы оны «Химик. Оқытушы» мамандығы бойынша тәмамдадым.
– Алғашқы еңбек жолыңыз қалай басталды? Бірден ғылымға ден қойдыңыз ба?
– Шыны керек, біздің Ульянов (қазіргі Бұқар жырау) ауданы мен мына көрші облыстың Баянауыл ауданында Қанекеңнің (академик Қ.И. Сәтбаевтың) абыройы аса зор болатын. Сондықтан болар, академик болу біздер үшін «табу» сияқты болды, ол бір «қасиетті және тылсым ұғым» еді. Сол себепті, Қанағамыз өткен қасиетті жолды арамдамау, оны қасиет тұту – біздің әкелеріміздің тапсырмалары болатын. Оған жете алсаң, тек қана біліміңмен, асқан еңбекқорлығыңмен және тазалығыңмен ғана жетуге тиіс болатынсың.
Оқу бітірген соң, ел қатарлы еңбек жолымды халық ағарту ісінің жүйесінде бастадым. 1981-1982 жылдары Ульянов (қазіргі Бұкар-Жырау) ауданының Көктал кеңшарында Амангелді орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі, ал 1982 жылдан 1986 жылға дейін Орталық тұтыну одағы Қарағанды кооперативтік институтының жалпы химия кафедрасының оқу зертханасының меңгерушісі болып жұмыс істедім.
Негізгі ғылыми-зерттеушілік қызметім Қарағанды қаласының барлық химиялық ғылыми-зерттеу институттарының Альма-матері ҚазКСР ҒА Химия-металлургия институтында басталды. 1986 жылдан 1989 жылға дейін Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия-металлургия институтының ферроқорытпалар және қалпына келтіру үдерістері зертханасының инженері болып еңбек еттім. 1989 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Органикалық синтез және көмір химиясы институтының органикалық қосылыстардың электрохимиясы зертханасында инженер, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер және аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. 2000 жылдан бастап Қарағанды маргарин зауытында сынақ зертханасының инженер-химигі, ал 2002 жылдан бастап химик-зерттеуші болып қызмет еттім.
– Ғылыми жұмыстарыңызды жазып, қорғаған сәттеріңізге тоқталсаңыз…
– Қарағанды маргарин зауытында жұмыс істеген жылдарымда докторлық диссертация жазсам, оны қорғасам деген ой келді. Сол кезде зауыттың директоры Р.С.Елемесовтің және Фитохимия институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі (казір ҚР ҰҒА академигі), химия ғылымдарының докторы, профессор С.М. Әдекеновтің көзіне ілініп, бұл менің болашақ тағдырыма үлкен әсер етті және менің ғылымның практикалық аспектілеріне деген ерекше қызығушылығымды айқындады.
2000 жылы «Nacosta» компаниясы мен зауыт басшылығының ұсынысы бойынша белсенді және қабілетті зерттеуші ретінде Малайзияның май институттары мен зауыттарында іс-тәжірибеден өттім.
Қарағанды маргарин зауытының қабырғасында мен ғылыми байқауға алғаш рет қатысып, жеңімпаз болдым. Сосын «2002-2006 жылдарга арналған Қазақстан Республикасының өнеркәсібін дамытуды ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету» гылыми-техникалық бағдарламасына кіретін «Тамақ өнеркәсібі үшін Қазақстан Республикасының өсімдік шикізаты негізіндегі жаңа табиғи хош иістендіргіштер, бояғыштар, тәттілендіргіштер және антиоксиданттар» (мемлекеттік тіркеу №0102ҚР00157) атты такырыптың ғылыми жетекшісі болдым және бір мезгілде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Фитохимия институтының жетекші ғылыми қызметкері болып қосымша қызмет еттім. 2003 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Фитохимия институтының фенолдық және стероидты қосылыстар химиясы зертханасының, қазіргі «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ («Фитохимия» ҒӨО) стероидты қосылыстар химиясы зертханасының меңгерушісі қызметіндемін.1992 жылы ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жұрынұлы Жұрыновтың және химия ғылымдарының докторы, профессор Арстан Мәуленұлы Ғазалиевтің (қазіргі ҚР ҰҒА академиктері) жетекшілігімен химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін 02.00.03 Органикалық химия мамандығы бойынша «Цитизин алкалоидының фосфор құрамдас жаңа туындыларының синтезі, кұрылысы және биологиялық белсенділігі» такырыбында диссертация корғадым.
Ғылыми жұмысымның маңызды бір бөлігі – алкалоид негізінде гепатопротекторлық белсенділігі бойынша «Эссенциале» (ГФР) салыстыру препаратынан 8 есе жоғары тиімді «Цитафат» препаратын жасадым. 1995 жылы ҚР Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестациялық комитеті осы еңбегім үшін маған доцент ғылыми атағын берді.
2009 жылдың желтоқсан айында «Фитохимия» халықаралық ғылыми- өндірістік холдингі» АҚ жанындағы ОД 53.47.10 Диссертациялық кеңесінің отырысында химия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін 02.00.10 Биоорганикалық химия мамандығы бойынша «Өсімдіктердің полифенолды және стероидты қосылыстары. Іздеу, түрлендіру және қолданудың практикалық аспектілері» тақырыбындағы диссертациямды қорғап шықтым (ғылыми кеңесшілерім: химия ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Әбдіразақұлы Балтаев және ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Арстан Мәуленұлы Ғазалиев). 2011 жылы ҚР БҒМ Білім және гылым саласындағы бақылау комитеті профессор гылыми атағын берді.
– Ғылыми жұмысты сәтті қорғағаннан кейінгі ғылымға қосқан жаңалықтарыңыз жөнінде айтып берсеңіз…
– Қазақстан Республикасында алғаш рет табиғи қосылыстар химиясы және дәрі-дәрмек технологиясы саласында эндемикалық өсімдік шикізатынан стероидты қосылыстарды көп аспектілі зерттеуге және олардың негізінде бірегей дәрілік препараттарды жасауға байланысты жаңа ғылыми бағытты дамытуға күш салдым. Алғаш рет Қазақстан флорасы өсімдіктеріндегі фитоэкдистероидтарды іздеу бойынша скринингтік зерттеулер жүргіздім. Осы ретте 4 тұқымдасқа жататын өсімдіктердің 64 түріне химиялық зерттеу жүргізіп, бірқатар анаболикалық және адаптогендік препараттардың әсер етуші заты болып табылатын экдистеронның перспективті әрі өнеркәсіптік маңызы бар өсімдік көздерін анықтадым.
Нәтижесінде, тәжді түймебас шөбінен «Экдифит» препаратының субстанциясын алудың оңтайлы технологиясын әзірлеп, оның негізінде «Экдифит» препаратының жаңа дәрілік түрі 0,24 г таблеткаларды жасадық. Клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтар нәтижелері бойынша «Экдифит» препаратын алғашқы отандық анаболикалық, адаптогенді және сергітетін дәрілік құрал ретінде ұсынылды, ол медициналық практикаға ендірілді.
– Осы жаңалықтар негізінде оқулықтар, ғылыми еңбектеріңіз шықты ма?
– Жүргізген ғылыми ізденістерімнің негізгі нәтижелері 400-ге жуық ғылыми жұмыстарда, оның ішінде жеке авторлықпен шыққан «Өсімдіктердің стероидты қосылыстары және олардың негізіндегі дәрілік препараттар. Іздеу, химиялык түрлендіру және қолданудың практикалык аспектілері» (2009 ж.) және 2 рет басылып шыққан «Фитостероидты препараттар технологиясы» (2017 ж., 2023 ж.) атты 2 монографияда, екі рет қайта басылған мемлекеттік тілдегі «Биологиялық химия» іргелі оқулығында және ағылшын тілінде шыққан оқулықта жарияланды, ҚР 4 алдын ала патенті, ҚР 2 инновациялык патенті, ҚР 2 алдын ала патентін және ҚР 2 инновациялық патентін беру туралы оң шешім мен авторлық куәліктер сияқты 30-ға жуық өнертабыс пен зияткерлік меншік құжаттары алынды, 6 уақытша фармакопеялық мақала және 4 тәжірибелік-өнеркәсіптік регламент бекітілді.
– Ғылыми жобаларға жетекшілік еткен кездеріңізді де атап өтсеңіз?
– Осы жылдары келесідей ғылыми жобаларға жетекшілік еттім: 2003-2005 жж. арналған «Жана биологиялық белсенді өсімдік заттарын іздеу және олардың негізінде іс жүзінде құнды препараттарды жасау» (Ф.0286) іргелі зерттеулер бағдарламасына кіретін «Өсімдік текті экдистероидтар, тритерпеноидтар мен жүрек гликозидтері негізінде жаңа биологиялык белсенді туындыларды алу» (мемлекеттік тіркеу №0103КР00171) және «Жана полифенолды қосылыстардың синтезі, құрылысы және биологиялық белсенділігі» (мемлекеттік тіркеу №0103КР00169); 2006-2008 жылдарға арналған «Табиғи стероидтардың, тритерпеноидтардың жаңа биологиялық белсенді туындылары және оларды практикалық қолдану» (мемлекеттік тіркеу №0103КР00171) және «Қазақстан өсімдіктерінің полифенолдары негізіндегі гетероатом құрамдас жаңа биологиялық белсенді қосылыстар және олардың «құрылым-биобелсенділік» өзара байланысы бойынша ерекшеліктері» (Φ.0354); 2002-2006 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасының фармацевтика өнеркәсібін дамыту үшін бірегей фитопрепараттарды жасау және өндіріске енгізу» республикалық ғылыми-техникалық бағдарламасына (Ц.0253) кіретін «Қазақстан өсімдіктерінің стероидтары мен тритерпеноидтары негізінде бірегей анаболикалык, адаптогендік, иммунынталандырушы препараттарды жасау және өндірісін игеру» (мемлекеттік тіркеу №0102КР00183) және «Фенолды қосылыстар негізіндегi жаңа фитопрепараттар және флавоноидтарды химиялық түрлендіру» (мемлекеттік тіркеу №0102КР00187); 2002-2006 жылдарга арналган «Қазақстан Республикасының өнеркәсібін дамытуды ғылыми-технологиялык қамтамасыз ету» ғылыми-техникалық бағдарламасына кіретін «Тамақ өнеркәсібіне арналған Қазақстан Республикасының өсімдік шикізаты негізіндегі жаңа табиги хош иістендіргіштер, бояғыштар, тәттілендіргіштер және антиоксиданттар» (мемлекеттік тіркеу №0102KP00157); 2007-2009 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында фармацевтикалық кластерді дамыту үшін экспортқа бағдарланған бірегей фитопрепараттарды жасау және өндірісін ұйымдастыру» ғылыми-техникалық бағдарламасына (0.0431) кіретін «Тәжді түймебас негізінде адаптогенді препараттың субстанциясын алу технологиясын онтайландыру және клиникалық сынақтар үшін оның тәжірибелік партияларын шығару» (мемлекеттік тіркеу №0107КР00327); 2009-2011 жылдарға арналған «Жана технологиялардың ғылыми негіздерін әзірлеу және әртүрлі функционалдық мақсаттағы перспективті материалдарды жасау» іргелі зерттеулер бағдарламасына (Ф.0500) кіретін:
— «Технологиялық қолжетімді полифенолды қосылыстардың жаңа көздерін іздеу, олардың молекулаларын химиялық түрлендіру және биологиялық белсенділігі» (мемлекеттік тіркеу №0109КР00659),
— «Стероидтардың, тритерпеноидтардың перспективті көздерін іздеу және оларды химиялык зерттеу» (мемлекеттік тіркеу №0109КР00657;
Сондай-ақ, 2010-2012 жылдарға арналған «Мемлекетаралық ынтымақтастық және халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалар» ғылыми-техникалық бағдарламасы (0.0541-12) шенберінде орындалған «Табиғи брассиностероид негізінде антихолестеринемиялық препаратты жасау және оның тәжірибелік өндірісін ұйымдастыру» Халықаралық жобасының (мемлекеттік тіркеу №0110КР00388) бірлескен жетекшісі болдым.
2011-2014 жылдарға арналған «Өсімдіктердегі жаңа табиғи қосылыстарды іздеу. Компоненттерді бөлу, сәйкестендіру, молекулалардың құрылысы және олардың биологиялык белсенділігі» іргелі зерттеу бағдарламасына (Ф.0569) кіретін «Қазақстан флорасы өсімдіктеріндегі жаңа стероидты қосылыстарды іздеу және химиялық зерттеу. Стероидты компоненттерді бөліп алу, түрлендіру және олардың биологиялық белсенділігі» жобасының;
2015-2017 жылдарға арналған «Жаңа табиғи көздерді іздеу және стероидты препараттардың субстанциясын алу тәсілін әзірлеу» (мемлекеттік тіркеу № 0115КР00185) гранттық жобасының және 2017-2020 жылдарға арналған «Тәжді түймебас негізіндегі сұйық дәрілік түрдің технологиясын әзірлеу» №0030-17-ГК FFTҚН коммерцияландыру жобасының, сонымен қатар 2018-2020 жылдарға арналған №АР05133718 «Полиоксистероидтардың суда еритін жаңа туындыларының синтезі, құрылысы және биологиялық белсенділігі» және 2021-2023 жылдарға арналған №АР09260549 «Фитоэкдизондардың берілген қасиеттері бар жаңа туындылары: бағытталған синтез және биологиялық белсенділіктері»гранттық жобаларының жетекшісі болдым.
Қазіргі кезде 2024-2026 жж. арналған №АР23489639 «Полиоксистероидтардың жаңа туындылары, механокомпозиттері және конъюгаттары: бағытталған синтез және биологиялық белсенділіктері» гранттық жобасының аясында ғылыми жұмыстарды жалғастырудамын.
– Шәкірттеріңіз туралы не айтар едіңіз?
– Өз басым әрбір жұмысқа шығармашылық тұрғыдан және жоғары жауапкершілікпен қарауға тырысамын. Биоорганикалық химия саласында жоғары білікті маман болғандықтан, үлкен ғылыми-зерттеу жұмысын ғылыми-ұйымдастырушылық қызметпен ұштастыра отырып, қысқа мерзім ішінде стероидты және полифенолды қосылыстар химиясы саласында өзімнің ғылыми мектебімді қалыптастырып келемін. Менің ғылыми жетекшілігіммен 5 кандидаттық және 14 магистрлік диссертация қорғалды, 1 PhD-докторанты қорғады, ал осы жылы Алла жазса,2 PhD-докторант жұмыстарын қорғайды деген үміттемін.
– Қазіргі қызметіңіз бен марапаттар жайлы айтсаңыз…
– Ғылыми және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметпен қатар педагогикалық кызметті де қоса атқарып келемін.
Холдингтің Ғылыми кеңесінің мүшесімін, «Фитохимия» XFOX жанындағы докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі ОД 53.47.10 диссертациялық кеңесінің де мүшесі болдым. 2010 жылдың қазан айынан 2011 жылдың ақпан айына дейін «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің бас ғылыми хатшысы қызметін де қоса атқардым.
2017 жылдан бастап 2024 жылға дейін «Биотехнология» мамандығы бойынша Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ биологиялық-географиялық факультетінің жанындағы Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрағасы болсам, былтырдан бастап химия ммамандықтары бойынша бакалавриат пен магистратура үшін осы төрағалықты жалғастырудамын.
2019 жылдан бастап 2021 жылға дейін ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті (БЕССКК) жанындағы ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар беру жөніндегі Сараптамалық кеңес төрағасының химиялық және физикалық ғылымдар, қоршаған орта жөніндегі орынбасары болып та қызмет атқарғанмын.
Көптеген халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларға, конгрестер мен симпозиумдарға үнемі белсенді қатысып отырдым. Академик А.А. Ахремнің 100 жылдығына арналған «Биомолекулалардың химиясы, кұрылымы және қызметі» атты IV халықаралық ғылыми конференцияда (Минск қ., 2012 жылғы 17-19 қазан) секциялардың тең төрағасы болдым.
2010-2012 жылғы ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның стипендиаты және 2012 жылғы жаратылыстану ғылымдары бойынша үздік ғылыми зерттеу жұмыстарым үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің академик Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлығының лауреаты атандым.
2013 жылы Орталық Қазақстанның органикалық синтезі мен көмір химиясын дамытудағы жоғары еңбегім үшін «ҚР ОСКИ 30 жыл» медалімен марапатталдым.
2014 жылы табиғи қосылыстар химиясы саласындағы жетістіктерім үшін «Ғылыми серіктестік» халықаралық қорының Алтын белгісі мен Құрмет дипломымен, ал 2016 жылы «Михаил Васильевич Ломоносовқа 300 жыл» естелік медалімен марапатталдым.
2017 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің №001 «Химия өнеркәсібінің үздік кызметкері» медалімен марапатталдым. Сонымен қатар 2017 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының «химиялық технология» мамандығы бойынша корреспондент-мүшесі, ал 2020 жылы «жаңа материалдар технологиясы» мамандығы бойынша академигі болып сайландым.Осы жылы 2020-2021 жылғы жетекші ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері де атандым.
2018 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Павлодар облысының ғылыми-тарихи мұрасын дамытуға, Мұса Шормановтың кесенесін салуға қосқан үлесім үшін «Мұса ШОРМАНҰЛЫ-200 жыл» және 2021 жылы Астана қаласында Қ.И. Сәтбаевтың ескерткішін орнатуға қосқан қомақы үлесім үшін «Қаныш Сәтбаев» төсбелгілерімен марапатталдым.
2014 жылы «Қазақстан 2050» стратегиясы халықаралық деңгейдегі университетке» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға белсенді қатысқаным үшін С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің, ал 2019 жылы жоғары кәсібилігі мен белсенді ғылыми-зерттеу жұмысым үшін «Фитохимия» халықаралық ғылыми- өндірістік холдингінің және академик Қ.И.Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел жұмысына белсенді қатысқаным үшін Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының Алғыс хаттарымен марапатталдым.
Сонымен қатар, 2021 жылы Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің Білім және Ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің, 2022 жылы Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті КЕАҚ, 2023 жылы Қарағанды облысы әкімінің және Бұқар жырау ауданы әкімінің, Қарағанды Индустриалық университетінің ректорының Алғыс хаттарымен марапатталдым. Белсенді қоғамдық және шығармашылық қызметпен айналысамын.
– Ғылым мен Білімнен басқа да қоғамдық жұмыстарыңыз бар ма?
– Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы (2015 жылғы 26 сәуір), 2016 жылғы 20 наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауы бойынша Қарағанды қаласының №62 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі болдым. «Фитохимия» ҒӨОғылыми-өндірістік орталығының 20 жылдығына арналған Фитохимия Әнұранының сөздері мен музыкасын жаздым.
2019 жылдың 25 мамырында Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына арналған шағын футболдан саяси партиялар арасында блиц-турнир өткіздім.
Өзімнің Республикалық, облыстық, аудандық газеттерде және жекелеген ғылыми-көпшілік кітаптарда жарияланған 70 астам мақалалардың және 6 кітаптардың да авторы және қосалқы авторымын. Осы еңбегімді бағалап, 2021 жылдың 30 наурызында өткен Бұқар жырау аудандық мәслихатының 3-ші сессиясының №9 Шешімімен «Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы» атағын берді.
– Отбасыңыз жайлы білсек деп едік…
– Белсенді ғылыми және өндірістік қызмет жолында маған тату отбасым қолайлы жағдай жасап, әрқашан қолдау көрсетіп келеді.
Бір қызығы, менің отбасы мүшелерім де, ұлым Қуаныштан басқасы, химиктер болып табылады. Зайыбым Гауһар Хамитқызы Төлеуова, бірінші білімі химик (ҚарМУ-дың 1986 жылғы, Қазақстан фармацевтикалық институтының 2003 жылғы түлегі), фармацевтика ғылымдарының кандидаты, жоғары категориялы провизор, «Фитохимия» ҒӨО бақылау-аналитикалық жұмыстар және физикалық зерттеу әдістері зертханасының меңгерушісі, ал 2020 жылдан ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының Арнайыландырылған сараптау басқармасының үйлестірушісі. Ұлым Қуаныш Борашұлы Төлеуов ҚарМУ бакалавриаты мен магистратурасын (психолог) және Заманауи гуманитарлық университетті (заңгер) қызыл дипломмен бітірді, ал кіші ұлым Ұлығбек Борашұлы Төлеуов ҚарМУ бакалавриатына (химик) конкурстан тыс түсіп, оны қызыл дипломмен, кейін магистрантураны тәмамдады, PhD докторанты. Келінім (қызым) Эльмира Маратқызы Төлеуова мектепті «Алтын белгімен», ҚарМУ (шет тілдері) қызыл дипломмен және Қарағанды экономикалық университетін бітірді, ал кіші келінім (қызым) Салтанат Елкелді-Данилбекқызы Төлеуова Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің сәулет-құрылыс факультетін және магистратурасын бітірді. Немерелерім Әлихан мен Карина үздіктер қатарындағы оқушылар, ал Рабия Сұлтан Бегім балабақшаға бармақшы.
– Бореке, алтын уақытыңызды бөліп, бізге сырлы сұхбат бергеніңізге мың алғыс! Ұлтқа қызметіңіз ұзағынан сүйіндірсін! Ғұмырлы болыңыз!
Болат САРСЕМБАЕВ,
Қазтұтынуодағы Қарағанды Университетінің доценті,
химия ғылымының кандидаты,
Әлімжан ЖАҚАН,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
журналистика кафедрасының аға оқытушысы