Ауылды толғандырған ауқымды мәселе

Шілденің алғашқы үш күні «Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің жетекшісі Серік Егізбаев Қарағанды облысында сапарда болды. Бұл сапар – жазғы демалысты халықпен жүздесуге арнаған партия депутаттарының ел ішіне етене еніп, ауыл тіршілігін терең тануға бағытталған игі бастамасының көрінісі.

 

Бірінші күн: ауылмен етене араласу

Іссапар Осакаров ауданы Озерное ауылындағы «Тоқсұмақ» агротуристік базасынан басталды. Мұнда агротуризмнің даму барысы, декоративтік көгал өсіру жобасы таныстырылды. Кездесу шеңберінде ауыл туризмі саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланып, депутат шетелдік агротуристермен пікір алмасты.

Бұқар жырау ауданындағы Самарқанд ауылында жаңадан пайдалануға берілген амбулаторияның жұмысы таныстырылды. Ауыл тұрғындары көтерген электр желілерінің тозуы, тарифтердің жоғарылығы, мәдениет үйінің жағдайы – барлығы партия бақылауына алынды. Осы ауылда 51 жылдық еңбек өтілі бар медбике Жұмакүл Алкеева партия қатарына қабылданып, ардақты еңбегі еленіп, Денсаулық сақтау министрі тарапынан марапатталды.

Келесі нысан – Абай ауданына қарасты «Шанс» шаруа қожалығы. Мал шаруашылығы, суару жүйелері, қысқы азық дайындау сынды нақты мәселелер назарға алынды. Кешке қарай Жосалы санаторийінде халықпен жүздесу өтті. Мұнда шипажай жұмысы мен 27 шақырымдық жолдың жағдайы көтерілді.

 

Екінші күн: Қарқаралы – медицина, білім беру мәселелері

Қарқаралыдағы сапар киелі Құнанбай қажы мешітінен басталды. Бұдан кейін «Бұғылы» таулы-шаңғы кешені құрылысы мен «Қарқаралы-Бәйтерек» мемориалдық галереясын аралады.

Аудандық аурухананың жағдайы, оның ішінде материалдық база, кадр жетіспеушілігі, жедел жәрдем көліктерінің тозуы, жас мамандарға тең қолдау болмауы сынды өзекті мәселелер ашық айтылды. Қарқаралыдағы ауылшаруашылық колледжінде студент санының төмендігі, маман тапшылығы жөнінде нақты ұсыныстар айтылып, салада басқару жүйесін өзгерту керектігі талқыланды.

Кешке қарай Ботақарада жөнделіп жатқан мектеп, оның сапасы мен мердігер жұмысы қаралды. Алайда аудан әкімінің кездесу барысында көрінбеуі – саяси этика тұрғысынан сынға алынды. Әкімдердің партияаралық теңдікке құрметпен қарауы қажеттігі баса айтылды.

 

Үшінші күн: қорытынды, ашық сұхбат, шынайы байланыс

Қарағанды қаласы мен Бұқар жырау, Осакаров аудандарында өткен үшінші күнгі сапар балалар ауруханасынан басталды. Медициналық мекемедегі жағдай тұрақты екені айтылды.

«Достық үйіндегі» өңірлік актив жиынында партия мүшелері, сарапшылар, қоғам белсенділері, жастар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мұнда ауыл өмірін жаңғыртуға қатысты маңызды идеялар айтылды: ауыл әкімдерінің құзыретін арттыру, жергілікті білім мен медицина саласын күшейту, ауыл мектептеріне интернаттар салу, ЖҚШ туралы заң қабылдау, фермерлерге нақты көмек көрсету.

Облыс көлемінде радиостанциялар мен телеканалдарда берген сұхбаттарда Серік Егізбаев қоғамдық пікірді тыңдап, елге нақты уәделер берді. 51 жыл еңбек еткен медбике Жұмакүл Алкееваға министрлік марапатын салтанатты түрде табыстау да осы күнге дөп келді – бұл қарапайым еңбек адамының лайықты құрметке ие болғанының жарқын дәлелі.

Saryarqa TV облыстық телестудиясында жалғасын тапқан, облыстық журналистер одағы төрағасы Жанибек Садыканов басшылығымен БАҚ өкілдеріне арналған 1 сағаттық баспасөз конференциясы тартымды өтіп, саны көбейген киіктер мәселесі, суармалы жер, алыс ауылдар жағдайы, субсидия төлеу сияқты өткір сауалдарға нақты жауаптар берілді.

 

Қорытынды: жаңа формат, нақты нәтиже

Үш күнде 800 шақырым жүріп, 15 жерде халықпен жүздесу өткізген бұл сапар – бюрократиялық жиналыс емес, шынайы диалог, нақты әрекетке негізделген кездесу болды. Сценариймен емес, халық үніне құлақ асқан, ауыл тіршілігінің шындығын ашық естіген, ұсынысты тыңдап қана қоймай, шешімге ұмтылған жаңа форматтағы жұмыс үлгісі.

Серік Егізбаев бастаған делегация ауылмен ашық сөйлесіп, шешімін күткен түйткілдерден хабардар болып, көптеген ұсынысты Парламент қабырғасында көтеруге уәде етті. Халық та ризашылығын білдіріп, ел болашағына сеніммен қарады.

Бұл сапар – саяси мәдениеттің, елге қызмет етудің, партия жұмысының жаңа дәуірі басталғанының көрінісі болды.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *