Қарқаралы ауданы, Тегісшілдік ауылдық кеңесіне қарасты, Қарынши ауылы бір кездері мыңғырып өскен төрт түлік малдарымен, көгарай шалғынды, кұнарлы топырақта бітік шыққан егіндерімен аудан бойынша миллионер колхоз аталған. Ол кезде біз жас болдық. Жол бойын шаңдатып, талай көліктер ауылға жиі келіп, ауыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіп, өмірі көрмеген әнші, күйшілер думандатып жататын.
Ауыл шетінде алтыбақан құрылып түнімен сауық сайран арасында болатынбыз. Осы ауылымыздан еңбектерімен жарқырата көрінген ағаларымыз Социалистік Еңбек Ері атағын алып, аудан мен ауылдың атағын аспандата көтеріп жіберген. Атап айтсақ, Айтмағанбет Тұрғанбаев, Ыбырай Тоққожин, Оспан Кәкетаев, Иманбек Өтегенов, Дәулетбек Оразалин.
«Ауыл – қазақтың алтын бесігі» десек, 1948 жылы ферма меңгерушісі болған, тыл ардагері Жөкіш Текен Қазақ ССР ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2 рет Ленин орденімен марапатталады.
Ежелден кеңқолтық, дарқан мінезді ауылдың берекелі дастарқаны ұлттық тағамдарымызға әлі де болса толы ғой. Мал шаруашылығы қазақ халқының көп пайдаланатын құнарлы тағамдары десек қателеспейміз.
Ұлттығымызды дәріптейтін тағамдардың барлығы да осы төрт түлік малдарымыздан өндірілетін құнарлы, сапалы тағамдар. Сол кездері мал шаруашылығына үлкен үлес қосқан ауыл тұрғындарының қажырлы еңбектері айтуға тұрарлықтай болды, олар Ленин орденді Іңкәрбек Мусин, тыл ардагерлері Рахымберлі Мұсабеков, Қамерден Болатбеков болса, ал қойшылар Бейсенбай Байтохин, Аманжол Жылыбаев, Құсайын Сәдуов, ағайынды Құдайберген Қожагелдин, Сағынбай Жақышевтар қақаған мұз қатқан, бетқаратпас үскірік аяздарда малмен бірге ығып, мемлекеттің малын шығынсыз бағып, көбейтті.
«Қазақ ұлтының алтын бесігіне» бағаланатын ауылдың мақтанышы отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы болатын. Ұлтымыздың ұлттығын дәріптейтін қымыз, айран, ірімшік, құрт, қаймақ секілді тағамдардың барлығы да осы төрт түліктен алынған. «Біздің байлығымыз – ұлттың денсаулығы» десек, ата-бабаларымыз бәлендей ғылыми сауатсыз болса да қарапайым тәжірибе жинақтау арқылы мал бастары өнімділіктерін болжап, бағалап мал өсіруді тиімді атакәсіп түріне айналдыра алған.
«Жақсының аты өлмейді» демекші, Жөкіш атаның жалғыз баласы Өмен жастай кайтыс болды, артында Зейнолла, Шәкен, Қорлан, Төлеу, Рымбек деген балалары калды. Күлпаш деген жеңгеміз сұлу өңді, пысық, қайратты болатын. Қырықтықшылар сайысында ерекше көзге түсіп, жеңімпаз атанды. Кезінде «Қырықтықшылардың қырғын жарысы» деген мақалам, аудандық «Коммунизм таңы» газетіне шығып, елдің ризашылығына бөлендік. Ауылымыздың беделді азаматы Төкен Сланбеков ағамыз әзілге жақын адам еді, ризашылығын білдіріп төрт шумақ өлең шығарып жіберді.
Өмен ағамыздың анасы Сара әжеміз де өте қайратты, ауыл аймаққа сыйлы болды. Немерелерін өзі қарап, ержеткізді. Үйлендірді, немере, шөбере сүйді. Ағайынды Зейнолла, Шәкен, Рымбек шөп шапты, егін септі, жинасты. Өте тындырымды, еңбекқор, елгезек азаматтар болып ержетті. Ауыл басшысы Аман Боранбеков пен бригадир Сапарғали Мұсабеков ұйымшыл, бауырмал азаматтарға талай күрделі жұмыстарды тапсырып жүретін. Немерелердің қызық, қуанышын көрген Сара әжелері тәубасын айтып 103 жасқа келіп, немересі Рымбек пен келіні Сәнияға батасын беріп, дүниеден өтті.
Ұлы Отан соғысы кезінде тылда екінші майдан атанған. Ауылдағы аналар мен жас балалардың еңбектері өте ауыр болды. Сол кезде Калинин ауылының тұрғындары да бел шешпей Жеңіске өз үлестерін қосты. Шөп шабу, соқамен жер жырту, егін салу, оны жинап қамбаға тасу, бейнеті көп бітпейтін ауыл тұрмысының жағдайы өте қиын болған. Бригадир Сейсенбай Алдажұманов деген азамат әйелдер мен жас жігіттерге түсіністікпен қарап жақсы, жылы сөздерін аямай қамқор болыпты. Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері, ауылдың шежірелі ақсақалдарынан тыңдаған тарих өткелдерінің өзі бір ғанибет болатын. Қарынши ауылының өнегелі беткеұстар аталарымыз, Отан соғысының ардагерлері, шежіреші Шөкей Нұршин, Қуанышбек Тоқсанбаев, Әміре Жұманов, Іңкәрбек Мусин, Жарылғап Пшаев, Болатбек Қамерденов, Боранбек Төлемісов сияқты ақсақалдары болған.
Алтын ұя ауылымыздан еңбекпен шыңдалған ағаларымызда көптеп саналады, олар Орынбасар Кітанов пен Айтмағанбет Айтқожин Еңбек Қызыл Ту орденімен, Әсия Ысқақова Ленин орденімен, Махмет Айтқожин Құрмет белгісі орденімен, інісі Рахмет Айтқожин 3ші дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен марапатталған.
Сонымен бірге, ауылымызда №7 Калинин атындағы сегізжылдық мектебіміз де Оқу ісінің үздігі, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, тәжірибелі ұстаз Мағауия Мақышевтың еңбегін айта кету өте орынды. Ауданнан шалғай жатқан бөлімшеде бала саны аз болса да, тынымсыз еңбегінің арқасында ауыл мектебін жапқызбай, «Білім беру инемен құдық қазғандай» қылып қатаң тәрбие мен сапалы білім берілуін қатаң бақылауда ұстады. Өз мамандықтарының майталмандары үздік педагогтар Жұмаш мұғалім Ахметов, Қалит Кәкібаев, Зекен Кенжебекқызы, Төлеу Арбабаев сияқты бесаспап ұстаздар талмай еңбек жасады.
Ауыл тарихынан сыр шерткен, ауылдас ақын ағамыз Адамжан (Адыбай) Рахымберліұлының жыр шумақтарын келтіре кетсек;
Қандай еді қара орман, қасиетті ауылым,
Шаршағанды ұмыттырып шабыт берген ауылым.
Сауық сайран ән салдырып, сауықтырған ауылым,
Ел ішінде пима басып, ұн да тартқан ауылым,
Қара судан тоған бөгеп, бақша салған ауылым.
Соғыс жылы танк істеуге ақша аударған ауылым,
Талай боздақ сол соғыстан қайтпай қалған ауылым.
Отаныма бес батырды бірақ берген ауылым…
Миллионер колхоздың ардақты ағаларының ерен еңбектерін де өлең шумақтарына қосып, ұрпақтарының есіне түсіреді. Бұл да ақын ағаның қарапайым ауыл адамдарының қажымас еңбектеріне арналған перзенттік парызының өтеуі.
Ауылымыздың мал шаруашылығын жетік білетін мал дәрігері жайылымды аралап жүріп, малдың күйсеуі мен жүріс-тұрысынан ауырып тұрған малды дәл тауып, иесіне көрсетіп емдеп отырған Рымтай Мақсұтов 1990 жылы «Еңбек ардагері» медалін иеленді. Ал Өмірзақ Жарылғапов мал ауруының алдын алып, егу жұмыстарын дер кезінде орындап отырды.
Көктас пен Қарыншидің арасында,
Жаяулап талай жастар күй кешкенбіз…
Ел аман, жұрт тыныш, аман болсын,
Бейбіт күн, берекелі заман болсын.
Тілегі ағамыздың қабыл болып,
Бойында әр қазақтың иман болсын!
Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Қарынши ауылы