Қазақстанда атом электр станция тұрғызылады. Халық 6 қазан күні өткен жалпыұлттық референдумда осындай шешім қабылдады. Дауыс бергендердің 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады. Ал дауыс беруші ретінде тіркелген қарағандылықтардың референдумға 70 пайыздан астамы қатысып, таңдауын жасады.
Референдум күні алғашқылардың бірі болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент орталығында орналасқан №211 референдум учаскесіне барып, дауыс берді. Содан кейін референдумға қатысты пікір білдіріп, тілшілердің сұрағына жауап берді.
– Бүгін – тарихи күн. Халқымыз АЭС салу мәселесіне қатысты дауыс беріп жатыр. Референдум – тікелей демократияның өте тиімді тетігі. Халқымыз қандай шешім қабылдаса, мемлекетіміздің түпкі байламы да солай болады. Нәтиже оң болады деп ойлаймын. Шын мәнінде, бұл – тағдыршешті оқиға. Сондықтан мен референдумды қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы жерде Президент «Халық АЭС салуды қолдаса, оның құрылысын қай ел жүргізеді?» деген сұраққа жауап берді.
– Бұл оңай мәселе емес. Үкімет талдау жасап, тиісті келіссөздер жүргізуге тиіс. Менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет. Қалғанын уақыт көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл күні референдумға қатысу құқығы бар ел азаматтарының жалпы саны 12 миллион 284 мың 487 адам дауыс беруге тиіс еді. Бірақ бүкілхалықтық дауыс беруге 7 миллион 820 мың 204 адам немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66% қатысты. Орталық референдум комиссиясының мәліметі бойынша еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың 71,12% немесе 5 миллион 561 мың 937 адам Қазақстанда атом электр станциясын салуды қолдап, дауыс берді. Ал атом электр станциясын салуға қарсы дауыс берген азаматтардың саны 2 миллион 45 мың 271 адамды құрады.
Қарағанды облысындағы референдум барысы ойдағыдай өтті. Учаскелердің негізгі бөлігі таңғы 7-де ашылды және 20:00-ге дейін жұмыс істеді. Бірақ кейбір учаске жұмысын бір сағат бұрын бастады. Мәселен кәсіпорындар мен әскери бөлімдердегі учаскелер ерте ашылды. Бұл олардың жұмыс режиміне байланысты ауыстырылды. Облыс бойынша осындай 10 учаске бар. Бұлар Қарағанды, Шахтинск, Теміртау қалалары мен Қарқаралы, Нұра аудандарында орналасқан.
Мүгедектігі бар адамдар үшін қажет жағдайлар қамтамасыз етілді. Олар үшін инватакси қызметі ұйымдастырылды. Учаскелерде пандустар мен арнайы жабдықталған кабиналар қарастырылған. Есту қабілеті нашар адамдарға сурдоаудармашылар көмектесті. Арнайы жәшіктері бар комиссия мүшелері үйде дауыс беру үшін қарт адамдарға барды. Референдум өткізуге барлығы 664 комиссия жұмылдырылды. Олардың ішінде облыстық, аумақтық және учаскелік комиссиялар бар. Ал дауыс беру үдерісін тәуелсіз бақылаушылар – қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қадағалады.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та дауыс берді. Аймақ басшысы Кеншілер мәдениет сарайындағы №17 учаскеде таңдауын жасады. Бұл учаскеде 2 201 адам тіркелген. Учаскелік комиссия төрағасы Ерлан Құлымбетовтың айтуынша, белсенділік жоғары, тұрғындар ертелетіп келіп дауыс берген.
Кешкі сағат 8-де референдумда дауыс беру аяқталып, барлық учаске жабылды. Орталық референдум комиссиясы сағат 21:00-дегі жағдай бойынша алдын ала қорытындыларды жариялады. Аумақтық комиссиялар ұсынған деректерге сәйкес, Қарағанды облысы бойынша референдумға қатысушылардың саны 72,12 пайызды құрады. Яғни бұл күні 760 мыңнан астам адам дауыс беру құқығына ие болды.
Сонымен елде атом электр станциясы салынатын болды. Ендігі мәселе бұл станцияның қай жерде және қандай компания салатыны. Үкімет Франция, Корея, Ресей және Жапония елдерінің компаниялары арасында таңдау жасалатынын хабарлады. Дегенмен құрылысты бастауға қазір әзірлік басталды. Бұл әзірлік жұмыстары 1-1,5 жылға созылады.
Манас АҚСАРЫ