Компаниямыз 2014 жылы Премьер-министрдің бұйрығымен атом энергетикасын дамыту жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарын орындау үшін құрылды. 2018 жылы біз атом станциясын салудың техникалық-экономикалық негіздемесін жасауды қолға алдық.
Маркетинг деп аталатын бірінші бөлім орындалды, онда Үкіметтің тапсырмасы бойынша біз атом электр станциясы салынуы мүмкін 2 ауданды қарастырдық. Олар – Шығыс Қазақстан, қазіргі Абай облысы Курчатов қаласының маңы, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігіндегі Үлкен ауылының маңындағы Оңтүстік Қазақстан МАЭС салу жоспарланған алаң. Екі ауданға да АЭХА-ның (МАГАТЭ) қауіпсіздік жөніндегі ұсынымдық құжаттары мен ҚР қолданыстағы нормативтік құжаттары негізінде талдау жүргізілді.
Яғни, қазір бізде жақсы заңнамалық база бар. Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы, ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік және т.б. барлық конвенцияның қатысушысы. Соған сәйкес, нормативтік база дамыды. Станса әлі жоқ болғандықтан, нормативтік- құқықтық база қайта қарауды қажет етеді. Екі аудан да атом стансасын салуға жарамды деп танылды. Өткен жылы Үлкен ауылы маңындағы алаңда АЭХА (МАГАТЭ) миссиясы болып, бұл жерде атом электр стансасының орналасуына кедергі келтіретін факторлар жоқ екендігі туралы есеп алынды.
Екеуінің ішінен біз неліктен дәл осы аймақты таңдаймыз?
Бұл жерді жүктеме орталығы деп атасақ болады, яғни Солтүстік пен Оңтүстіктің қақ ортасында орналасқан. Қазір оның жүктемесі 100%.
Желінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін орталыққа жақсы энергия көзін қою керек – бұл атом электр стансасы. Осылайша, желінің жүктемесі азайып, атом электр стансасынан солтүстікке де, оңтүстікке де электр қуатын беруге болады. Жолшыбай Қазақстанның оңтүстігіндегі энергия тапшылығы мәселесі де шешіледі.
2018 жылы Қазақстанның энергожүйесін дамыту модельдерін жасаған кезде 2030 жылға қарай оңтүстікте базалық қуаттың тапшылығы 2,7 ГВт болатыны көрсетілді. Сондықтан біз әрбір блоктың қуаттылығы 1200-1400 МВт болатын екіблокты, әлемдік нарықта бар стансаны қарастырамыз. 2019 жылы жетекші вендорларға Қазақстанда АЭС салу бойынша техникалық-коммерциялық ұсыныстарға өтініш беру үшін шақырулар жіберілді.
ҚР Энергетика министрлігі әзірлеген критерийлер жүйесі негізінде стансалардың 4 жобасы іріктелді. Мұның бәрі III, III+ буын, яғни ең қауіпсіз технологияларды ұсынуға дайын вендорлар. Атап айтқанда, ресейлік «Росатом», қытайлық CNNC, корейлік KHNP және француздық EDF.
2022 жылы бұл ұсыныстар өзектендірілді. Осы ұсыныстардың негізінде біз әрбір жоба аясыныда қуат өндірудің ықтимал құнын білу үшін қаржы-экономикалық модельдер жасадық. Мұның бәрі қаржыландыру жағдайына байланысты. Бұл – жобаны жүзеге асырудың техникалық тұстарынан кейінгі екінші кезектегі мәселе. Біз қандай қаржыландыру жолдары бар екенін қарастырамыз және жобаны қаржыландырудың сенімділігі осыған байланысты болады.
Сондай-ақ, критерийлер жүйесі француздық белгілі «Аssystem» консалтинг компаниясының қолдауымен пысықталды және қазір ұсыныстарды нақтылау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Референдумның нәтижесі оң болған жағдайда, жасалатын келесі қадам – станса салынатын ауданды бекіту туралы Үкіметтің қаулысын алу. Егер мұны Үкімет қолдаса, онда АЭС салу үшін Үлкен ауылының маңындағы үш балама алаңның ерекшеліктері зерттеледі.
Осы жұмыспен қатар алдын-ала талдау негізінде станса вендорын таңдау керек. Сәйкесінше, қорытынды шешім елдегі жоғары деңгейде қабылданатын болады.
Әрі қарай, таңдалған жеткізушімен бірге белгілі бір станса мен белгілі бір алаң үшін техникалық-экономикалық негіздеме пысықталады (бір негізгі және екі балама). Техникалық тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін, қоршаған ортаға әсерді бағалау, қауіпсіздік жөніндегі алдын ала есептерді қосып, барлық құжаттама
мемлекеттік сараптамаға беріледі. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы оң болған жағдайда, біз құрылысқа рұқсат алу үшін Үкіметке шығамыз. Үкіметтің станса салу туралы Қаулысынан кейін заңға сәйкес жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталады.
Жалпы, барлық құжаттарды реттеуге 5 жылға дейін уақыт жұмсаймыз. Әрі қарай құрылыс барысына, алғашқы бетонды құйған кезден бастап, стансаның бірінші блогын пайдалануға беруге дейін тағы 5 жыл өтеді. Яғни, барлығы дұрыс болған жағдайда бірінші блокты іске қосу 2035 жылға қарай жүзеге асады.
Тимур ЖАНТИКИН,
«Қазақстандық атом электр станциялары»
ЖШС бас директоры