Қазақ тілі – қазақтың жаны

Қазіргі күні орыс тілінің емес, мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әлеуметтік желілерде бұл жөнінде алып-қашпа әңгімелер көп. ХХІ ғасырдың құндылықтар парадигмасында біз үшін қазақ тілі басты орын алуы қажет. Өйткені тіліміз ұлттық мәдениет пен руханиятты үнемі, ұдайы жаңғыртып отырудың бірден бір көзі. Ал бұл, біріншіден, қазақ тілін еліміздегі тілдік саясаттың басты бөлігі ретінде қарастыруға кепілдік береді. Екіншіден, егемен еліміздің тіл саясатында мемлекеттік тілге берілген басымдық мемлекеттің тұтастығын айқындайтын мемлекеттік ұлт саясатының маңызды бөлігі. Зиялылардың бұған неқұрайды қарай алмай, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде ой бөлісіп, пікір таластырып жататыны соның айғағы. Үшіншіден, әрбір елдің қуатты күші, байлық-бақыты экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге мәдени, рухани өрісімен де айқындалады, ал мәдени өре, рухани талғам халықтың ақыл-ойының көрінісі – тілге тікелей тәуелді. «Халва, халва, халва деп айтқанмен ауызға тәттілігі сезілмейді» дейді шығыс даналығы. Қаншама, ұлттың болмысын айқындайтын ең асыл құндылығы – тілі десек те, қазақ тілінің қазіргі ахуалы көңіл қуантарлық емес. Әсіресе мемлекеттік мекемелерде, сот жүйесінде, әкімшілікте, тіпті білім беру саласында ана тіліміз әлі күнге екінші орынға ысырылады. Басын қанатының астына жасырып, көрмеймін дейтін түйеқұстың кебіндеміз. Мемлекеттік мекемелер мен құзырлы органдарда қазақ тілі көбіне ресми қағаз бетінде ғана бар. Тіл туралы заңымыздың қағидалары жиі ескерусіз қалады. Мәселен, азаматтардың арыздары орыс тілінде қабылданып, қазақ тілінде жазылған өтініштер кейінге шегеріліп жататынын байқаймыз. Оған дәлелдер жеткілікті. Бұл мемлекеттік тілге деген құрметтің кемдігінің айғағы.

Қазақ тілі – тек қана бір ұлттың емес, тұтас мемлекеттің, ондағы әр этнос өкілдерінің де тілі екенін түсінетін кез келді. Жасырмайықшы, көшелердегі жағдай да мәз емес қой. Қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында, көлік жүргізушілері мен жолаушылар арасында орысша сөйлесу әдетке айналған. Бұл жағдай тек тілдің мәртебесіне емес, ұлттың болмысы мен рухына да зиянын тигізеді. «Тілі өлген елдің өзі де өледі» деген даналар сөзінің ақиқатын күнделікті өмірімізде сезініп жүрміз.

Тәуелсіз болғанымызға он бес жыл өткеннен кейін «Халықаралық қазақ тілі қоғамының» қызметі тұралап жатқан кезде, оған балама ретінде 2016 жылы қаламызда ғасыр адамы марқұм Темірғали Көкетай біз қазір қызмет етіп жүрген облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамын» құрған еді. Жақсылықтан емес әрине. Кейінгі үш-төрт жылдың жүзінде бұл ұйым қаламыз ғана емес, өңір-өңірлердегі тіл мәселесіне, руханиятқа, тұрмыстық ахуалға қатысты көптеген шараға арасалып, өз ұстанымын айғақтап келеді. Қоғам мүшелерінің қатары күнбе-күн толысу үстінде, жүрек әмірімен тіл тағдырына алаңдайтын азаматтар кілең. Әлеуметтік желілерде парақшамызды ашып, уақыт қажеттілігіне сай сайтымызды іске қосып отырмыз. Оның тізгіні Гүлдана ханым Жаркееваның қолында. Осы уақытқа дейін бізге демеушілік көрсеткен тірі жан болған емес. Әкімдікке, аудан басшыларына қолдау сұрап хат жазсақ та, ауызды құр шөппен сүрткізетін жауаптарын жолдаудан олар да талған емес.

«Қазақ тілі және мәдениеті қоғамының» мүшелері жергілікті атқарушы биліктің Тіл басқармасының қызметшілеріне арналған тіл заңнамасын бұзушылыққа қатысты заңнамаға негізделген әдістемелік нұсқаулық дайындады. «Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық» деп аталады. Бірақ қаншама уақыт өтсе де сол әдістемелік нұсқаулығымыз құжат түрінде шығарылмай келеді. Көп нәрседен, әсіресе қаражттан қағажу көріп келе жатқанымыз рас. Мемлекеттік мекемелерде, көшелерде қазақ тілінің қолданысын қадағалауды қоғам белсенділері Сәкен Келдібаев, Аңғар Смағұл ағаларымыз, басқа да тіл жанашырлары өздерінің басты міндетерінің бірі санайды. Қоғамдық бірлестіктің мүшелері түрлі шараның басы-қасында мұрындық болып жүргендігін де баса айту керек. Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған қазақ тілінің ғылыми-технологиялық, инженерлік-инновациялық әлеуетін дамытуға арналған «Сөзжасам» жобасына қоғамдық бірлестіктің мүшелері Жаңабек Нар, Жанболат Баймұрынов, Бектұрсын Қалиев мырзалар да өз үлесін қосып, қоғамға пайдалы жұмыстар атқарып жүр.

Жалпы білім беру мекемелерінде қоғам мүшелері білім алушылармен, ата-аналармен кездесуді мықтап қолға алуда.

Өңірлерде зейнетке шыққан, бірақ еңбектері еленбеген бірталай мұғалімдерге Қоғам атынан төсбелгілер дайындап, тапсырдық.

Жоғары оқу орындарындағы студенттермен кездесулер жоспар бойынша өткізіліп тұрады.

Әсілінде, мемлекеттік органдар мемлекеттік тілге мойын бұрмай-ақ келетінін айтуды өзімізге парыз санаймыз. Мәселен, Бас Прокурордың 2020 жылғы 10-шiлдеде «Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» №85 бұйрығы шыққан. Онда «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» (ӘІБТ) деген тіркес кездеседі. Бұйрық мәтіні қазақша болса да, бұйрықтың электрондық тасымалдағышында, яғни мобильді қосымшасынның хаттама бөлігінде, яғни «көйлегінде» ЕРАП («Единый реестр административных правонарушений») деп, орыс тілінде беріліпті. Біле білгенге бұл арға – сын, намысқа – сызат түсіретіндей хәл. Осыған орай неге «ЕРАП», неге қазақша «ӘІБТ» емес деп, құзырлы органға Қоғам атынан шағым түсірдік. Сол шағым баянды болды. Шағымымыздан соң, Бас прокуратура орысшасын әзірлеушілерге (разработчиктерге) қайта тапсырма беріп, қазақшаға түзетті. Бұл да біз үшін туған тіліміздің түтіні түзу ұшуын күйттейтін тіл майданындағы үлкен жеңіс. Қазақтілді қоғам үшін. Тіл қолданыста ұсақ-түйек болмауы керек.

Осы сияқты Шет ауданында патрульдік полиция қызметкері көлік жүргізуші бір азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру барысында адамның қандай да бір өтініші не арызы болмағанына қарамастан, іс жүргізу тілін өз бетінше таңдап, орыс тілінде толтырған. Қарап отырсақ, заңды біледі деген адамның өзі заңды белден басып, қазақ тіліне шекесінен қарап тұр. Мұны да Қоғам мүшелері өз назарына алды. Қазір сол полицей сот арқылы жазасын тартты да.

Айта кетер жайт, жергілікті жазушы Өмір Кәріптің 85 жас мерейтойына орай, өңірлік «Arqa Aqshamy» газетінде мақалалар ұйымдастырып, айқарма бет арнадық. Қазақ әдебиетінде жазушылардың дені ауылдан шыққандар десек те, олар туған жерінен алған әсерін ұлт мұрасына айналдыра алды ма, гәп сонымен өлшенбек. Ондай жазушылар қазақ әдебиетінде некен-саяқ, солардың бірегейі Өмір ағамыз екенін айттық.

«Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» құру жолында ұлт мүддесін биік қойып, қазақ тіліне қырын қарайтын, сорақы аудармамен айналысатын мамандарды жауапкершілікке тартатын уақыт жетті. Бұл сыңайлы мәселе көтерсек, «ұлтшылдық» деп қабылданады. Бірақ ақиқаты осы. Қазақ тілінің заң тілі, ғылым тілі ретіндегі атқарып отырған қазіргі жай-күйінің анық көрінісі, қалпы осындай. Ұлттық заңдарымыз орыс тілінің аудармасы сипатында ғана қалып отыр. Оны жазып та, айтып та жүрміз. Тіл басқармасының «Ресурстық тіл» орталығымен бірлесіп Бұқар жырау ауданында «Ұлттық диктант» өткізуге Гүлдана Жаркеева атсалысып, қоғамдық бірлестіктің атынан алғысхаттар табыстап қайтты.

Қоғамымыздың белді мүшесі Темірғали Аршабеков осы жылы «Қарағанды қаласының годонимдері: ескі және жаңа атаулар» атты кітап шығарды. Бұл ретте кітапты шығаруға селбес болған Тіл басқармасына көптен-көп рақметімізді айтамыз. Қаламыздың шежірелік сипаты көше атауларын да көрініс тауып жататыны бар. Өзгелерге ұқсамайтын басты ерекшелігі, олар қала тарихымен етене тығыз байланысты келеді. Бұрынғы кеңес дәуірінде жергілікті халықтың қалауынан тыс, үстем саяси көзқарастардың ықпалымен берілген атаулар қаламызда әлі де мейлінше көп екені туралы жазылды.

Жаңа жылда тіл заңнамасының сақталуына тың серпінмен кіретініміз анық, осы қарқынды жоғалтқымыз жоқ.

Қазір тіл төңірегінде даулы істер көп. Анайы сөз айтып, ар-ұжданымды қорлады деп сотқа жүгінетіндер баршылық. Осы «анайылықты» анықтайтын тәуелсіз линвистикалық сараптама орталығы құрылған абзал екендігін көп жылдан бері айтып-ақ келеміз. Тілдік сараптама орталығының бағыт-бағдары мен міндеті соттық-медицина орталығындай жұмыс істеп, сот процестерінде тілдік қолдану бойынша ешкімге тәуелсіз сараптама жасауы керек. Әйтпесе, жекеленген сөздер ар-намысқа тиетін сөз бе, жоқ па деген анықтауды қажет ететін сот процестері көптеп өтуде. Бұл да болашақта тындырар бір қомақты ісіміз болмақ.

Тіл қоғамдық құбылыс болғандықтан, оның түйіткілді мәселелері қоғаммен бірге талқылаумен, біте қайнасып жатса ғана шешіледі. Қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ететін бақылау органдарының жұмысы күшейтілуі тиіс. Қоғамдық насихат бір сәтке де үзілмеуі керек. Егер әрбіріміз қазақша сөйлеп, балаларымызды қазақ мектебіне беріп, күнделікті өмірде ана тілімізді қолдансақ, қазақ тілі өз тұғырына көтерілері анық. Ұлттың ұяты – тілінде, намысы – дәстүрінде емес пе?!

Бұл жазбамызды облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жылдық есебі деп те қабылдауға әбден болады.

«Arqa Aqshamy» оқырмандарына Жылқы жылы құтты болсын деп тілек айтпақпын. 2026 жыл үлкен өзгерістер әкелер, қой үстіне бозторғай ұялаған, мейірім мен байлықтың, жаңа жетістіктердің жылы болсын! Барлық игі бастамалар жалғасын тауып, ырыс пен ынтымақтың, құт пен берекенің жылы болсын дәйім.

Елеужан СЕРІМОВ,

Қарағанды облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы