Қазағыма жасамаймын қастандық …

 

Гүлсара Шалқар – «Гүл-Сән», «Менің әкем» кітаптарының авторы. Топтама өлеңдері «Үркер», «Егемен Қазақстан», «Тұмар», «Мұқағали», «Төртінші билік» т.б. республикалық газет-журналдарға жарияланған. Сонымен қатар, «Азаттық таңындағы азат жыр», «Сарыарқа самалы» жас ақындар антологиясына енген. №21 негізгі орта мектептің қазақтілі мен әдебиеті пәні мұғлімі.

 

Ұлт

 

(Қырғыз елінің жігітіне арналған ақ өлең)

 

Жақсы қызды жар еткіңіз келеді.
Еліңізге келін болман, себебі:
Том-тарихты ақтарғанда болашақ
Қазақ болып қалу керек дерегім.

 

Бастарында болғаннан соң «бостандық»,
Қаншама қыз «өзге» жастық жастанды.
Ел болмайтын «жиендерді» көбейтіп,
Қазағыма жасамаймын қастандық …

 

Зор білекті батыр тусам, қайтемін?
Жар астында жасырынған жау болар.
Дүр жүректі хакім тусам, қайтемін?
Ел арасын алшақтатар дау болар.

 

Өте білгір әкім тусам, қайтемін?
Қарашадан дара шығып хан болар.
Өткір тілді ақын тусам, қайтемін?
Тамырыма тартып текті жан болар.

 

Жезтаңдайлы әнші тусам, қайтемін?
Өнер шіркін өзге ұлтқа жолданар.
Шеберленген күйші тусам, қайтемін?
Сатқындықтың сорақысы сол болар.

 

Ұрпағымды сүйгенмен,
Ұлтым үшін күйгенде,
Белгілі ғой жұлдызымның жанбасы.
Әйел – ердің  қабырғасы білгенге,
Бір қазағым «қабырғасыз» қалмасын.
Үрдің қызы күтіп жүр-ау сізді де
«Қабырғаңыз» болғасын.

 

Достық туын желбіретсек…
Достық сөзі сүйерім
(Адал дос деп сізге басты иемін).
…Өзге ұлтта алынбаған өшім жоқ,
Өз ұлтымды өзгешелеу сүйемін.
Сондықтан да, қазақ болсын күйеуім!……..

 

 

Ұстаздық міндет

Оқушыларым менің,

Ұстаз деген, ақын деген ар-атағын

Көтерумен күн батады, таң атады.

Бойымдағы ұлылықтың ұшқындарын,

Ойыңдағы тазалыққа жаратамын.

 

Сендерсіңдер – белгісіздеу болашағым.

Бос өтпесін құр ойынмен бала шағың.

Жамандықты қуып тастап алыс жерге

Жақсылыққа әрдайым мен жолашамын.

 

Сендерсіңдер – асқақтаған  армандарым.

Білесің бе бұл өмірде жалған барын?

Көрсем деймін жақсы бала өзгерместен,

Жақсы адам боп өмірінің жалғанғанын.

 

Сендерсіңдер – үкілеген  үміттерім.

Алға қарай жылжи алар үмітпен кім?

«Саған сенем. Келеді ғой қолыңнан» — деп,

«Шаршама», — деп, сондықтан көп үгіттедім.

 

Сендерсіңдер – ең  бағалы асылдарым.

Тасқындай боп тасын жаным, басылмағың!

Шәкіртінің шабытына қанат бітсе,

Ұстазының бақытының ашылғаны.

 

Сендерсіңдер – алға  қойған мақсаттарым.

Шықса екен әр жерлерден жақсы аттарың.

Шәкірттерге білімдерін бөліп берген

Ұстазының асқақ жаны, асқақ бәрі.

 

Сендерсіңдер – еңбегімнің  адалдығы.

Аңғарыпты бойымдағы шашамды кім?

Сендер адам болсаңдар, бұл – адамдығым.

Сендер жаман болсаңдар, бұл – жамандығым.

Осыны есте сақтаңдар!

 

 

Өлеңім

 

Өлеңім ол – соғып  тұрған жүрегім,

Өміріме тірек болар тілегім.

Мен өлеңсіз өмір сүре алмаймын,

Өзімді өзім жоғалтқандай жүремін.

 

Өлеңім ол-сағынышым, сенімім.

Ашық-жарқын еш кіршіксіз көңілім.

Өмірім мен өлеңдерім қатарлас

Қос бұрымдай қазақылық өрімім.

 

Өлеңім ол – қайғы  менен шаттығым.

(Шаттықсыз да қаншама рет батты күн?)

Өмірімді жұбата алмай жазықсыз

Өлеңімде елден ерең тапты мұң.

 

Өлеңім ол – көлге  айналған көз жасым.

(Өмірімде өлең болып боздасын)

Сыр жасырып, жыр жасырып қайтейін?

Жұмбақтықты жақтырмаймын өз басым.

 

Өлеңім ол – соғып  тұрған жүрегім.

Өмір – өзім. Өлең – өзім. Бір еді…

… Өлеңдерім қанша ғұмыр сүрсе егер,

Өмірімде сонша ғұмыр сүреді,

Көңілімде сонша ғұмыр сүреді.

 

 

Ұяңдық

 

«Сезім жайлы неге өлең жазбайсыз?» — деген сұраққа жауап.

 

 

Сезім жайлы сөйлемеймін?

Неліктен?

Сезім жайлы өлеңдерді кеміткем

Сезім деген – жүректегі   ерліктер,

Ерліктердің сөйлегенін көріп пе ең?

 

Сөйлесе егер,

Мақтаныш боп кетпей ме?

Мақтаншақтық – сатқын  іс боп кетпей ме?

Сезім деген – адал  болу сүйгенге

Адалдықсыз ғашық жүрек көктей ме?

 

Көктесе егер,

Өзімшілдік құрбаны.

(Өзімшілдер кетер кейін мұң бағып)

Сөйлеу емес, сезінуді үйретер

Сезім деген – сүйіктіңнің  зыңданы.

 

Қамалса егер,

Таркеудеге, қапасқа

Сүйген жүрек – сүйген  адам… (Нар, қасқа!)

Сезім деген – тулап  жатқан толқын ғой,

Соғылатын кеуде деген жартасқа.

 

Соғылса егер,

Қайдан сыртқа атылсын?

(Сүйген жандар – ізгі  жандар, батыр шын!)

Сезім деген – сөйлемейтін  үнсіздік

Ол қалайша арыстандай ақырсын?

 

Жүрек деген – бақыт  атты зор айна.

Жүрек деген – қайғы  атты сор айна.

Сезім жатыр жүректердің түбінде

Ең түбіне жету, айтшы, оңай ма?

 

Сезім жайлы сөйлемеймін.

Неліктен?

Сезім жайлы өлеңдерді кеміткем.

Сезім деген – көсілетін  сөз емес,

Сезім деген – жасалынған  ерліктер!

Сезім деегн – жасалатын  ерліктер!

 

 

Бір адам бар

 

Жүрегі – қарт  тау, асқақтап тұрар аспанда.

Тілегі – бақ-бау , пыр-пырлап ұшар қасқалдақ.

Талғамы – бақыт, арманға салған қос қармақ,

Арманы – саты, мақсатқа жетер баспалдақ.

 

Қайраты – темір, таусыла күтер тағатын.

Айбаты – көмір, өшігіп-өршіп жанатын.

Ойы – қырандай, қиядан қиқу салатын.

Бойы – жыр-әндей, жаныңды жусап алатын.

 

Көңілі – қардай, сөз киесіне еритін.

Өмірі – жардай, аттаса болды… құритын.

Қамыты – өлім, өксікпен өмір кемитін.

Шабыты – бөрі, аштықта ғана ұлитын.

 

Жыры – алтын күн, шуағын жерге төгетін.

Мұңы – салқын  түн, қараңғылықпен төнетін.

Тасуы – қапырық, күн ыстығына көметін.

Ашуы – жапырақ, күз мезгілінде өлетін.

 

Сыры – асыл  тас, теңіз түбінде жататын.

Түрі – масыл  мас, ақылын аққа сататын.

Көзі – жалын-от, алаулап жанып жататын.

Сөзі – қару  (оқ), дұшпанға ғана ататын.

 

Жанары – гүлдей, мезгілі жетсе, солатын.

Қаламы – желдей, әркімге жолай соғатын.

Аққу құстай алысқа жайған қанатын

Біреуден төмен, біреуден биік-санаты.

Бір адам бар, ал атына келсем…

Ол-ақын!

 

 

***

Менен бұрын бүгінде

Жолықсаң сен жырыммен

Жүрегімнің түбінде

Жалғыз қалдым сырыммен

Жалғыз қалдым мұңыммен.

 

Жүрегіме малып ап,

Қанмен жырды жазамын.

Әрбір жырым анық ақ,

Жыр алдында тазамын.

Ар алдында тазамын.

 

Мені іздесең, табылам

Әрбір шумақ пішінде.

Мен сені сағынам

Сағынышым ішінде

Киелі сөз күшінде.

 

Ақын деген өлеңін

Оңашада жазады.

Ал өзіне керегін

Оқитын бар қазағы-

Оқырманның ғажабы.

 

 

ТАНЫСТЫРУ

(Жан әкеме)

 

Тағдырдың тауқыметі таусылған ба?..

Ашуға булығып мен ашынғанда,

Осы адам жамандығымды жасырып,

Жақсылығымды әркез асырған жан.

 

Пенделер қателеспей тұра ала ма?..

Қабырғам қайысып мен жылағанда,

Осы адам шын көңілмен қайта-қайта

Алладан кешірімді сұраған жан.

 

Маңдайға жазылғанға амал бар ма?..

Әлсіреп ой-қапасқа қамалғанда,

Осы адам қамықпаспан қамқоршы боп,

Қорғайтын мені басқа адамдардан.

 

Жалғанда жақсы адам қалмаған ба?..

Әлділер әлсіздерді жалмағанда,

Осы адам пәк көңілге дақ түсірмей,

«Бұл өмір-ертегі» деп алдаған жан.

 

Жүректен асқан сірә жалын бар ма?..

Үмітсіздікке  әбден салынғанда,

Осы адам көңіліме демеу болып,

Үн-түнсіз жанымнан көп табылған жан.

 

Ешқандай мақтау сөзге сыймайтын жан,

Өлімге еш уақытта қимайтын жан,

Мінекей, жалғыз ғана осы адам

Ерекше құметтеп мен сыйлайтын жан

Танысып қойыңыздар…

 

 

СЕЗІНУ

 

Әкем жылады дейсің бе? Баласынғанда,

Еркесі ермен аттаса жарасып алға.

Күйеу абалсын ойлаған болар бәлкім ол,

Сезімі қандай? Әппақ па? Аласы бар ма?

 

Әкем жылады дейсің бе? Уайымдағанда,

Бір жігіт ұрлап әкетсе, айын табанда.

«Кішкентай қызым-құндызым » деп жүрген кезде

Тосын сыйды тағдыры дайындағанда.

 

Әкем жылады дейсің бе? Қобалжығанда,

(Нәзік сезім бар иманды, тобалы жанда)

Бала әдетін қоя алмай жүрген қызының

Әйел міндетін ойлап ап, обалсынғанда.

 

Әкем жылады дейсің бе? Жыламағанда,

(Қызы ана болса, әкеге ұнамаған ба?)

Әке жамандық шақырып жыламайды,

Баянды бақты Құдайтан шын сұрағанда.

 

 

АДАЛ ЖАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ

 

Асқақ едім,

Асқақтықты аласартып тастап едім.

Тани алмай жүрсің бе еш, асыл жарым,

Бір сен үшін мүлде өзгерген басқа мені?

 

Ерке едім,

Күрмелмейтін қысқа жіптей келте едім.

Тарпаң-тағдыр ноқта салып асау басқа,

Сендей жанмен жүрегімді некеледі.

 

Қырсық едім,

Қырсықтықтан біраз жанмен ұрсып едім.

Тағдыр-тауда шығар шыңын биік болсын!

Ақ тілегім ақ раушан боп тұрсын дедім.

 

Мықты едім,

Екі иығым көтерген ғой жүктің көбін.

Бұдан былай бұл міндетті саған беріп,

Нәзіктігім мықтылықтың құртты шебін.

 

Ақын едім,

Өлеңдермен төленген тек ақым менің!

Атым ақын болғанымен, шындығында,

Нәзік әйел емес пе еді ақым менің!

 

Өршіл едім,

Құрметсүйер, қошаметшіл, төршіл едім.

Ер сыйлаған әйелдерді ел сыйлайды,

Бір сен үшін бәрі құрбан. Көрсін елім!

Бір сен үшін жаным құрбан. Көрсін елім!

 

 

ОТАНАСЫ

Қажет етпеймін билік басын,

Отағасына беремін жолды.

Жетеді маған үй тұтқасы

Ошақтың оты сөнбесе болды.

 

Емес атана жалаң атым,

Бақытым-балам, қосағым-досым.

Алланың берген аманаты-

Отбасы. Отау. Ошағым. Отым.

 

Қажет етпеймін билік басын,

Отағасына беремін жолды.

Жетеді маған үй тұтқасы

Ошақтың оты сөнбесе болды.

 

 

ҰРПАҒЫМА ТІЛЕРІМ…

Мұса, Мұса, қай Мұса?

Бұл әзірге жай Мұса,

Жаратқан өзі жар болса,

Болады ертең бай Мұса

(Әкемнің ұлыма айтқан сөзі)

 

Ұрпағыма тілерім:

Ақылға да бай болсын,

Ақшаға да бай болсын.

Өзі тасып-толысып,

Отбасына болысып,

Әулетіне болысып,

Еліне де болысып,

Әлемге де болсысып,

Рақымына Алланың

Ақылы да сай болсын.

 

Несібе-ризығы:

Өзінен де артылсын,

Отбасынан артылсын,

Әулетінен артылсын,

Елінен де артылсын,

Әлемнен де артылсын,

Жомарттығына риза боп,

Бата берсін халқым шын.

 

Парасат-пайымы:

Өзінде өзгертсін,

Отбасын да өзгертсін,

Әулетін де өзгертсін,

Отанын да өзгертсін,

Әлемді де өзгертсін,

Балалықтан ада боп,

Даналыққа тез жетсін.

 

Сана-сезімі:

Өзгеден бөлек өсіп,

Мұқтажға көмектесіп,

Кедейге көмектесіп,

Ауруға көмектесіп,

Жетімге көмектесіп,

Жесірге көмектесіп,

Жесірге көмектесіп,

Жұртым жүрсін үлгі ап,

Ақылға да бай болған,

Ақшаға да бай болған

Осындай саналы ұрпақ

Бізге де керек десіп.

 

 

ЖАҚСЫ  АДАМНЫҢ ӨМІРІ…

Жақсы адамның өмірі-

Ғибратты күндер тізбегі.

Жаман адамның өмірі-

Жамандық толы іздері.

 

Жақсы адамның көңілі

Жақсылыққа тек бастайды.

Жаман адамның көңілі

Арамдықтан көз ашпайды.

 

Жақсы адамның сөздері

Жүректе мәңгі сақталар.

Жаман адамның сөздері

Қайғыда қалар басқалар.

 

Жақсы адамның тірлігі

Өліп кетсе де өшпейді.

Жаман адамның тірлігі

Өзге көңілге көшпейді.

 

Жақсы адамның өмірі

Ғибратты күндер тізбегі.

Жаман адамның өмірі

Жамандық толы іздері.