Азаматтық қоғам – даму кепілі

Қазіргі таңда Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуына үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) ерекше үлес қосып келеді. Бұл ұйымдар мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдағы түрлі әлеуметтік, экономикалық және мәдени мәселелерді шешуге атсалысады. Қарағанды облысында да ҮЕҰ-дардың қызметі кең ауқымды және маңызды бағыттарды қамтиды.

Облыстағы ҮЕҰ-дар жұмысының басты ерекшелігі – олардың халықпен тікелей жұмыс істеуі және жергілікті мәселелерді жақсы білуі. Мысалы, экология, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау, жастарды қолдау, білім беру, мәдениет пен өнерді дамыту, этносаралық келісімді нығайту сияқты бағыттарда көптеген жобалар жүзеге асырылуда.

Соңғы жылдары Қарағанды облысында әлеуметтік жобаларды мемлекеттік гранттар арқылы қаржыландыру тәжірибесі кеңейіп келеді. «Қоғамдық келісім» КММ, жастар ресурстық орталықтары және салалық басқармалар ҮЕҰ-мен бірлесіп, түрлі тренингтер, форумдар, қайырымдылық акцияларын өткізуде. Мәселен, өңірдегі экологиялық ұйымдар «Жасыл қала» бастамасы аясында ағаш отырғызу мен тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосуда.

ҮЕҰ-дардың тағы бір басым бағыты – әлеуметтік осал топтарды қолдау. Қарағанды қаласы мен аудандарында мүгедектігі бар балаларға арналған орталықтар, көпбалалы аналарға арналған қолдау жобалары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағдарламалары жұмыс істейді. Бұл бастамалар қоғамда бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді.

Қорыта айтқанда, Қарағанды облысындағы үкіметтік емес ұйымдар – өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды тетік. Олардың қызметін дамыту, институционалдық әлеуетін арттыру және мемлекетпен серіктестігін нығайту – алдағы жылдардағы басты басымдықтардың бірі болып қала бермек.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *