Өткен аптада Ақадыр кентінде республикамызға белгілі «Сәт» триосының әншісі Азат Әбілдаевтың концерті өтті. Бұл музыкалық трионы ақадырлықтар жақсы біледі. Осыдан алты жыл бұрын толық құрамымен кентімізге гастрольмен келіп, әуелетіп шырқаған әндерімен көрермендердің ризашылығына бөленіп қайтқан. Осы жолы әнші ансамбль мүшелерімен келмесе де, өзінің сүйікті жары, әнші Айгүл Қыстаубаевамен бірге келген.
Азат Әбілдаев Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылының тумасы. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында тұрып жатыр. Әредік жер-жерлерге әншілік сапарларға шығып жүреді.
Шабал Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының Мәдениет үйіне жиналған көрермендер алдында Әбілдаев Азаттың орындауында «Өмір», «Бұдан артық қасірет бар ма?», «40 жылдық кездесу», «Бақытты болайық», «Қайран анашым», «Жұмағың менмін», «Ай күнім», «Қара, қара шаштарың», «Ризамын», зайыбымен қосылып айтқан «Сен», «Өзіңді аңсап» әні халықтың көңілінен шығып жатты. Шырқалған әндердің арасында Азаттың да, Айгүлдің де өздері жазған әндері бар екен. Әсіресе Айгүл Қыстаубаеваның «Биле, биле» әніне кент тұрғындары орнында отыра алмай, әнді орындаушымен бірге залда билей жөнелді.
Азат әншінің айтуы бойынша келесі жылы «Сәт» триосының құрылғанына 20 жыл толады екен. Осы мерейлі датаға ансамбль мүшелері толық құрамымен республикамыздың елдімекендеріне шығып, шығармашылық есептерін халық алдына ұсынбақшы.
Әдемі, әсерлі кеш кент тұрғындарына қатты ұнады. Концертке ризашылықтарын білдіріп, әншілерге деген ыстық ықыласын жасырмады.
Алдағы уақытта әншілерге, «Сәт» триосына сәтті сапарлар тілейік!
Қ.БЕКҚОЖИН