Қалың қазақтың қабырғасындағы қайғы мен зар-шеменді шайып кеткен осы күн – 16 желтоқсан. «Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кием» деген сөз қазір ғой, құны жоқ. Өйткені бастапқыда көп айтылды. Орынды-орынсыз қолданылды дегендей. Оның да себебі бар. Қазақ тәуелсіздігі үшін үш ғасыр айқасты. Бодандықтың қамыты мойнын қиюға аз-ақ қалғанда азаттықтың таңы атып, аман қалған жұрт емес пе? Ендеше қазір азаттығы мен бейбітшілігінен артық ештеңе жоқ.
Жаһанға мәшһүр болса, Отанында ел болып, той жасап, көшеде алшаң басып жүрсе, ұлын ұяға, қызын қияға ұзатып салып жатса, әні мен күйін тебіреніп тыңдап ақ залдарда отырса, бүкіл әлемдік қауымдастық алдында Президенті мен басалқасы мұрты көкке шаншылып сөйлесе, ғаламдық қауымдастықтарға лебізін білдіріп, ұсыныс қыла алса, әншісі мен өнерпазы, спортшысы мен жеңімпазы өркениетті елдердің алып сахналары мен шаршы алаңдарында елді аузына қарата алса, біреуге жылу таратып, қамқорлық жасап жатса, тағысын тағы қаптаған мүмкіндіктер мен игіліктердің көбі осы АЗАТТЫҚТЫҢ арқасында бұйырып жатқан игіліктер. Тіпті ел ішінде біреу кәсібін дөңгелетіп байып, біреу оқу-білім жолында дамып өркендесе, біреудің әулеті көркейіп басы көбейсе, берекесі артса тағы да тәуелсіздік пен бейбітшіліктің арқасы. Ал қатарға қосыла алмай кері тарттың екен, ол өз басыңның кемшілігі мен ақылыңның аздығы шығар, елдік пен татулықтың кінәсі жоқ онда. Біреу ілгері, біреу кейін… өмір сүреді.
Үш жүз жылдық кеселдің зардаптары отыз жылда орнына келеді деу де ақылға сыя бермесі және бар. Елу жылда ел жаңарады, бұйырса. Мұржамыз қисаймай, жүгіміз аумай сол уақытқа жетсек, бұйырса Әлихан Бөкейхан айтпақшы, алдымыз той. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп Президент Тоқаев та айтқаны содан. Елу жыл елдігіміз бүтін тұрса, азаттықта туған ұрпақ алмасады. Өмір ыңғайымен билік басына солар келгенде, өмір көші де түзеледі. Оған сенім мол. Тәуелсіздік алғалы оқу-білім іздеп, өзін жетілдірумен келе жатқан ұрпақтың көзқарасы мен дүниетанымы мүлде бөлек. Олардың алды отыз-қырыққа келді. Бастапқыда бұлардың да көргені кеңестік тәрбиенің сарқыншағы. Енді осы буыннан туған балалардың алды жетіліп, өмір көшіне іліккенде… теңеліп кетеді деген ойдамыз. Әрине, оған да аман сақтап жеткізетін әуелі Алла десек, одан соң айналайын азаттықтың алтын шуағы. Еркін өскен елдің ұрпағы халықтар арасында қақысын алмай қоймайды. Қазір де соған жақындап қалды. Қазақ өзге елдер алдында тарихынан қалай ұялмайтын болса, қазір де солай. Осал ұлт емес. Қабілетсіз халық емес екенін баяғыда-ақ дәлелдеп келеді. Кезінде кеткен кемшіліктің бәрі – көш жүре түзеледі. Заман бүйтіп тұра бермейді. Мешеулік пен қараңғылықтан шыққан посткеңестік елдердің қай-қайсысы болсын бірден теңеліп кетпегенін көріп отырмыз. Бірақ, Құдайға шүкір, қазақ баласы ес жиып, етегін қымтап, болашаққа бет алып бара жатқан жоқ па?! Алласы қиған, ата-бабасы мен аға буын қалдырған азаттығы тұрсын де басында. Соны сезініп, кіршік түсірмей көздің қарашығындай сақтайтын саналы ұрпақтың тасы өрге домаласын деп тілейік! Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ
