Бағдаршамға жауапты бірегей компания Қарағандыда

«Билік пен бизнес бірігіп, жаңа Қазақстанды құруға тиіс». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұны кәсіпкерлермен кездесуде айтқан болатын. Бұл – экономиканы көтерудің бір жолы, әрі «Қазақстанда шығарылған» деген отандық өнім өндіретін кәсіпорындарға – серпін. Research and Development Solutions-RDS та өзіне керекті бұйымдарды жергілікті кәсіпорындардан алады.

Мақалаға өзек болған бүгінде Research and Development Solutions-RDS деген атаумен өңірімізде жұмыс істеп жатқан «Карагандаавтотранссигнал» ЖШС өз тарихын 1971 жылдан бастайды және Қарағанды облысындағы көлік қозғалысын ұйымдастыру сияқты өмірлік маңызды салаға маманданған компания. Компанияның басты миссиясы – жол қозғалысын басқарудың заманауи техникалық құралдарын енгізу және пайдалану арқылы тасымалдау процесінің көрсеткіштерін, жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін жақсарту бойынша шараларды жүзеге асыру. Қаладағы қауіпсіздік негізінен бағдаршам арқылы ретке келетіні белгілі. Осы бағдаршамдарды қазіргі уақытта Шахтинск, Теміртау, Қарағанды, Саран қалаларында орнатуда Research and Development Solutions-RDS кәсіпорнының да үлесі басым.

– Компанияның стратегиясы тұтынушылардың қажеттіліктерін барынша қанағаттандыру үшін көрсетілетін жұмыстар мен қызметтерді үздіксіз жақсартуға, жаңартуға бағытталған. Бүгінде кәсіпорында 50-ге жуық жұмыскер бар. Олардың көбі – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында көп жылдық тәжірибесі, біліктілігі мен білімі бар жоғары кәсіби мамандар. Жақсы өндірістік әлеуеттің арқасында біздің компания жоғары бизнес стандарттарын қалыптастырып, инновациялық шешімдер мен технологияларды енгізуді ынталандыра отырып, саланы дамытуға белсенді қатысады, – дейді кәсіпорын басшысының орынбасары Нұржан Самитов.

Қазіргі орнатылып жатқан бағдаршам шетелден жеткізілгенімен, қосалқы бөлшектер, арнайы жабдықтар жергілікті кәсіпорындардан сатып алынады. Яғни, отандық өндіріс орындары­мен келісімшартпен жұмыс істеуге басымдық берілген.

– Интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу және техникалық қамтамасыз етумен қатар жол белгілеріне арналған тіректерді жасаймыз. Отандық компаниялардың өнімдерін пайдаланамыз. Бірнеше кәсіпорыннан келісімшарт не­гізінде өзімізге керек заттарды алып отырмыз. Мысалы, Майқұдықтағы «Энергосистемы ЭЛТО», Сарандағы «Kazcentrelectroprovod», «Өрнек НС» ЖШС, «Ұлар МК», РСУ, «Агродор» компанияларымен тығыз байланыстамыз, – дейді Нұржан Самитов.

Бір-екі жыл мұғдарында кәсіпорын көру қабілеті нашар жаяу жүргіншілер үшін дыбыстық белгі беру құрылғысын енгізген болатын және оның жұмыс істеп тұруын жіті қадағалауда ұс­тайды.

Бұл туралы бағдаршамдар шаруашылығы бөлімінің басшысы Владимир Плотов:

– Келісімшарт негізінде 162 бағдаршамды күтіп ұстауды міндетімізге ал­дық. Дегенмен, Қарағанды қаласы бойынша 200-дей бағдаршамға жауаптымыз. Бүгінде Қарағанды қаласында жаяу жүргіншілер өтетін жерлерге   арнайы дыбыстық белгі беру құрылғысымен жабдықталған әлеуметтік бағдаршамдар мектеп, аурухана маңайында орнатылды, – дейді.

Кәсіпорынның басты міндеті – бағдаршамдарды орнату және күтіп ұстау. Автоматтандырылған қозғалыс­ты басқару жүйесін енгізу және техникалық қамтамасыз ету. Кері санақ таблосы, арнайы дизайндағы жол белгілері мен билбордтар, жасанды жол бұдырлары, жол жиегіндегі металл қоршауларды жеткізу және орнату да осы ұйымның құзыретінде.

Кәсіпорын өз қызметін 1971 жылы «Гордорстрой» басқармасына қарас­ты учаскеден бастады. 1977 жылы Қа­рағанды облысының мамандандырылған монтаждау-жөндеу басқармасы негізінде қайта құрылды. 1988 жылы СМЭУ Қазақ КСР ІІМ Мемлекеттік автоинспекциясы Бас басқармасының «Қазавтотранссигнал» республикалық тресінің құрамына енді. 1993 жылы трест «Автотранссигнал» АҚ болып қайта құрылып, оның құрамына Қарағандыдағы бөлімшесі ретінде қосылды. 1999 жылы 31 наурызда акционерлік қоғамның мүлкінің, құқықтары мен міндеттерінің бір бөлігін бөлу арқылы «Автотранссигнал» ЖАҚ қайта құру жолымен «Қарағандыавтотранссигнал» атанса, 2004 жылдың шілдесінде ЖАҚ «Қарағандыавтотранссигнал» ЖШС болып қайта құрылды. Бүгінде бұл мекеме «Research and Development Solutions – RDS» деген атаумен белгілі.

Әділ БЕК

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *