Бақыт формуласы

Көкейден сөз суыру – кеудеден жан суырумен пара-пар білгенге. Таудан сарқырай құлаған өзен суының табиғатында сол таудың рухы мен түйсігі барын ұқтырады Шаханов жырлары. Жан-жүрегінің ең аяулы, асыл сезімдерін өзегінен жұлып берген ақын өзгенің жүрегіне жылу сыйлап, түйсігін оятып қана қоя ма? Жан бітіреді. Ақылына, ойына, сезімі мен арына. Сезімге қанат бітіріп, сөзге жан бітірудің өзі оқырманның рухани әлемін байыту деген сөз. Демек автор өзіне тұқымдыққа ғана алып қалып, жарты жанын жұлып берген шығармаға. Ең аяулы, нәзік жаратылысқа саналғанымен, Тәңірінің қалауымен дүниеге келіп, өсіп-жетілген жан мен рухтан күшті әрі дамытушы құбылыс жоқ дер едік. Манағы буырқанған тау өзені қайда асығып барады? Бір жүректен сая тауып тыншуға немесе өзінен де ұлы арналар тудыруға. Сол арқылы адамзат игілігіне айналуға серт еткен ақын шығармалары да сондай.

Жетпісінші жылдан былайғы ұрпақ арасында Мұхтар Шахановтың рухымен тыныстамағаны кемде-кем шығар. Кітап, газет-журнал оқымайтындар әндерге жазылған өлеңдерін тыңдап өссе керек. «Ғайша жеңгей», «Ғашықтық ғаламаты», «Жігерлендіру», «Төрт ана» сияқты шығармалары ауылдағы талай қара домалақтың бетін әдебиетке, өлеңге бұрғанын білеміз. Екімыңыншы жылдардың алғашқы онжылдығында ауылдағы әр қазақтың телефонынан Шаханов жырлары саңқылдап естіліп жататынын ұмыта қойғанымыз жоқ.

Сондай арманшыл ортада есейген біз «Танакөз» бен «Ғашықтық ғаламатын» оқып өстік десек, аздық етер еді. Кемшін соғар едік. Біз осы екі шығармамен өмір сүрдік. Мектеп оқушысы кезімізде-ақ жастап оқыдық. Бұлақтай мөлдір сезімдерді былғап алмауды, достықта ар-ожданды биік ұстауға талпындық. Асқақ сезім қанатында арман-қиялға көз жібердік. Ізгілік пен ізеттің бәрі шын ақын жазған шығармаларда тұратынын сездік. Кеудеміздегі жан көкейдегі сырды оятқанда барып күш алатынына көз жетті. Махамбеттей жігерлендіріп жырлайтын Мұхтар Шаханов шығармаларын бір қыдырып шыққанда әлі де осындай ойға қаламыз.

«Ізгілік пен ізеттің байлауында,

Мама қаздар самғайтын қойнауында.

Достық атты қазына аралы бар,

Сонау Мақсат тауының жайлауында» деп басталатын «Танакөзді» оқи бастағанда-ақ жанымыз ерекше нұрға бөленер еді. Қазақ даласында қаншама буынның аузынан түспеген поэма өмірді адал сертпен сүюге, махаббат пен достықтың туын өлсең де жықпай өтуге үндеген жалынды жастықтың жүрегіндей кеуделерде соғып жүрді.

Кез келген өлең, өлең ғана емес, шын таланттың жанынан туған әдеби туынды құдіретке жүгіндірмей қоймайды. Бір қарағанда маған жүгін, қайталап мені оқы деп жалындап немесе мөлдіреп тұрғандай көрінгенімен, ой көзімен қайта үңілсе, құдіретке жүгіндіреді. Сезімді, арды, көңілді, пейілді, ықыласты, бір сөзбен айтқанда, Тәңірдің адам баласына сыйлаған ең басты артықшылығы махаббатты түйсіндіреді. Қандай жағдай төнсе де, пенде баласының адам болып қалуы – кеудесіндегі сүйіспеншілік сезімге, махаббатқа байланысты екені бұрыннан белгілі. Осындай ең аяулы сезім – махаббат пен достыққа дақ түсірмеуді тұңғыш рет «Танакөзден» түйсінгендейміз.

Бала күнімізден құлағымызда қалған әннің сөзі екен: «Қуаныш пен бақытты мүсіндеген, келбетіңнен сенімнің күшін көрем». Дүниеде қуаныш пен бақыттың өлшемі мен кескіні бар да шығар, кім біліпті? Сезініп қана білетін дерексіз нәрселердің құны өлшеусіз ғой. Ақындар өмір бойы жырлап өтетін құбылыстар екі-ақ жолға сыйып кеткеніне қайран қалдырмай қоймайды автор. Адамзат баласын осы күнге дейін ұстап тұрған үміттің жібі мен сенімнің күші десек, олар да осы екі жолда. Бақыт формуласына пара-пар екі жол. Сұлу жар, сүйген жар, асыл жар, әрине бақыт формуласы.

«Дәрменсіз ғой, дәрменсіз білек енді,

Шікәм көңіл көтермес мінегенді.

Жүрегімнің жазира күнгейінен

Сенің бейнең асқақтап түрегелді» дейді автор «Алғашқы махаббатқа хат» атты циклдік өлеңдерінің бірінде. Қайсысын бұрын жазғанын білмейміз, алдыңғы екі жолды һәм осы шумақты тарқатып, ашып берген «Тереңдік жыры» деген өлеңі бар. Ақынның іңкәр сезіммен сұлулыққа бас июі. Шахановтың бас июінің әр жағында ерлік жатады негізі. Жалпы, адамзат баласы сұлулықты, асылды мойындағанымен, түйсініп бас июін жиі кездестіру қиын. Соған талпынып немесе қасиетіне жетіп өмір сүру басқа әңгіме деген ойдамыз. Ондай биікке шығаратын қасиет ерлік, кесек мінез деп білеміз. «Қуаныш пен бақытты мүсіндеген» сенімі күшті сұлулықты мойындау өз алдына, соған пара-пар сезім мен рухты арқау қылып, онымен өмір сүруге құдіретің жетуі керек қой. Автордың біз айтып отырған «Тереңдік жыры» әлгіндей серттің есігін айқара ашады. Соған қарағанда, махаббат пен ерлік егіз сияқты. Жүрегінде махаббаты күшті жан ғана ерлік жасай алады. Ал махаббат, сұлулық болмаса ерлік те болмайтындай көрінеді.

«Өзіме-өзім ете алмай қалсам иелік,

Күшімді жидым, арманым, саған сүйеніп.

Сен менің асқар белім боп,

Шалқисың кейде шадыман шалқар көлім боп.

Көңілінде терең көлі бар жандар бақытты,

Көңілінде терең көлі бар жанға өлім жоқ» деген ақын арасында сүйген жарына шектірген азабы мен мехнатын, оның сенімі мен шыдамын айтады. Соның бәріне төзген «әйел халқының парасат көркі» бір сүйсе құлай сүйерін, құлай сүйгендер асқақ тұрарын әйгілей келіп, «сол үшін таудай мерейім, сол үшін бақыттымын мен!», деп аяқтайды.

***

…Бұрынырақтағы қазақтар білген шығар. Ғайыптан тайып арыстан не жолбарыс тап келсе, қандай әрекетке көшу керегін. Себебі даламызда бертінге дейін жолбарыс болғаны белгілі. Кейіннен тұқымы құрып кеткен соң, жоқ нәрсеге кім бас ауыртсын? Мұхтар Шаханов «Гималай жолбарыстары» деген өлеңінде осы туралы толғанады ғой. Ақын онда жолбарыспен кезіге қалған адам не істеу керегін шетелде жүргенде жолбарыс аулаушыдан естігенін келтіреді.

«Қалың орман арасында, не құзар шың төсінде,

Не асқақ тау баурайымен сапар тартсаң жолға алыс,

Қайтпек керек, қарсы алдыңнан шыға келсе жолбарыс?

Ең бастысы, сабыр сақтап, еңкейместен тік тұру,

Аңға, малға жақындамас болмысыңды ұқтыру.

Осы шартты орындасаң, одан қауіп күтпегін,

Ал еңкейіп, төрт аяқты малға ұқсасаң – біткенің.

Сол сәтінде-ақ тарғыл мысық қан толтырып көзіне,

Серіппедей тартыла кеп атылады өзіңе», дейді. Өлеңнің басында «ең дұрысы, адамдығы еңкейгеннен қорыққан…» деген елеусіз ғана бір жол бар. Негізгі мазмұн осы жолда, алайда біз оған кейінірек соғамыз.

1916 жылға дейін небәрі 40 жыл өмір сүрген Америка жазушысы Джек Лондон «Арыстан адамның хикаясында» да осыны айтады. Бірақ мұндағы кейіпкер жолбарыс емес – арыстан. «Ол үшін арыстандармен бетпе-бет келіп шайқасу түкке тұрмайтын, соншалықты оңай нәрсе еді. Егер сасқалақтап, қобалжымай, сабырлы қалпын бұзбай тұра алса, кез келген адам арыстанды таяқпен-ақ дегеніне көндіре алады. Арыстан адам (кейіпкер кісі) бірде арыстанмен бір жарым сағат шайқасқан болатын. Арыстан өзіне ызалана ұмтылған сайын мұрнынан таяқпен соғып қалады да, айлаға басып, басын төмен салып шабынған кезде аяғын таяқ орнына қолданады. Ал аяғына жармасқысы келсе, сәл ғана артқа шегініп, мұрнынан қайтадан таяқпен ұрады. Бар болғаны осы» дейді кейіпкері туралы. Яғни алтын басын имей, адам қалпын сақтай алғаннан арыстан да, жолбарыс та тайсалады екен. Сыры неде?

«Бұл сұраққа ғылым әлі толық жауап таппаған:

Адам кейпін сақтағанды жыртқыш неге жақтаған?

Бәлкім, тәңір пенделерін ойға тарту үшін де,

Жаратты ма жолбарысты осындай өр пішінде?

Іңкәр тірлік жолындасың. Қимылыңа мән бер сен,

Қай кезде де еңсе бүкпеу – ердің басты құралы.

…Мен де кейде адамдығы аласарған жан көрсем,

Ыза буған жолбарыстай атылғым кеп тұрады…»

Осы жерде біз «ең дұрысы, адамдығы еңкейгеннен қорыққан…» дегенді қайыра еске саламыз. Оған себеп – Джек Лондонның «Арыстан адамның хикаясындағы» Уэллэс есімді арыстан үйретушіге қастық қылған Де Вилдің әрекеті. «Уэллэс шын мәнінде патша еді. Мен оны біреумен бәстесіп, таяқ та ұстамай, жалаң қолмен арыстанның торына кіріп барғанын өз көзіммен көрдім. Жұдырықпен аң патшасының мұрнынан бір-ақ ұрып тырп еткізбей, дегеніне көндірді», дейді Джек Лондон. Әңгімеде ешбір жаратылыстан қорқуды білмейтін Уэллэске өшіккен Де Вилдің оған шамасы жетпей иттен қор болып, кектене түседі. «Төбелескісі келген Де Вилдің басына бір шелек желімді құйып жібере салады» Уэллэс биіктен қарап. Иә, бұған дейін қаншама аң патшасын жүгендеп, арандай ашылған арыстанның аузына басын тығып өнер көрсетіп жүрген Уэллэс кезекті бір ойында өзінің үйреншікті арыстаны Августустың аузына басын салғанда, ол кенеттен қауып қалып, қытыр еткізіп мойнын үзе салады. Уэллэстің әріптесі, «Арыстан адамның» айтуынша: «Халық тарқаған соң, мен торға кіріп, Уэллэстің басын иіскедім. Ащы иіс қолқамды атып, түшкіріп жібердім», дейді.

Сөйтсе, «киім ауыстыратын шатырда Де Виль Уэллэстің шашына қолқаны ататын ұнтақ сеуіп қойыпты. Кәрі Августус көрсетілім барысында аузын жауып қалуды мүлде қаламаған. Ол бар болғаны түшкірген екен» деп аяқтайды Д.Лондон. Шахановша айтсақ, арыстаннан да, жолбарыстан да емес, «ең дұрысы, адамдығы еңкейгеннен қорыққан…».

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *