Өмірдің өзі – антоним

Бірі ақ, бірі қара түсті таңдайды. Қара түсті таңдаған әлемдегі ең зұлым адам емес шығар? Ең бастысы, ол таңдау жасады. Қара түстің жақсы жағы бар. Қара өлең. Қара көз. Қара қазан. Қара тер. Қара орман. Қара шал. Қара кемпір… Залымның да бір жақсылық жасайтын кезі болады. Ақ түсті таңдағанның бәрі әлемдегі ең пәк жан емес. Әрбір сыншы осы ұстаныммен жүруі керек. Сыншының ақынға (өлеңді екінші орынға қояды), ақынның сыншыға біржақты қарауы – дерт. Жазылмас дерт пе деп қаласың кейде. Бұл дерт әдебиетшілерге жұққан. Сынайтын болса, қазақ тіліндегі ережелерді алға тарта жөнеледі. Ғарыш пен адамның арасындағы байланысты санаға сыймайтын құбылыс деп санайды. Ал сын ақынның болмысын ашып беру емес пе еді?

Ақ пен қара демекші, Жұмекен Нәжімеденовтің осы аттас керемет өлеңі бар.

«Ақ бор жазбайды екен де,

Тақта қара болмаса.

Жаза алмайды екен қара сия да,

Дәптер аппақ болмаса.

Ақ кеудеме қара дақ боп ұялап,

Жеке адамдар жасағанмен қиянат,

Түсің сенің ақ-ау деймін, дүние,

Әйтпегенде болар еді сиям ақ?!».

Өмірдің өзі – антоним. Бір-біріне қарама-қайшы дүниелер көп кездеседі. Бірақ олар бір-бірінен ажыраған емес.

Сын жоқ деген – өтірік сөз. Бұл түсінік қайдан туып отыр? Елге танылып жүрген ақынды сынайды. Жап-жақсы сын. Нанымды. Бірақ оңбаған кім? Сыншы. «Ақынға тіл тигіздің», «Сында сенің не жұмысың бар» немесе «Өлеңді түсінетін түйсігің жоқ екен» деп ата жауының соңғы ұрпағын көргендей найза, қылышын ала жөнеледі. Бәрі басылғаннан кейін, «Бізде сын жанры ақсап тұр» деп жар салатын да – дәл солар.

Тұтынушының киімді фирма танымалдығына қарап таңдайтыны секілді, оқырман да ақынды дәл солай таңдайтындай көрінеді. Қателессем жақсы еді.

Хат алмасып жатқандар да бар. Хат алмасса бір сәрі, соңының боқтасуға айналғанына не дейсіз? Әдебиетті қатындардың тірлігіне айналдырудың керегі не? Солай емес пе?..

Сыншының ақында әкесінен қалған құны жоқ. Оның мақсаты қаралау емес. Біле жүріңіз, сынға тек мықтылар ілігеді. Қазақ жерінде қаншама өлеңшінің барын ескерсек, бір том кітап жазуға болар еді. Қаламның қадірін кетірудің қажеті қанша? Жарасқан Әбдірашевтың «Парасат пен пайым» сын кітабын оқысаңыз, пікіріңіз өзгерер ме еді? Жарасқанның сын садағына поэзияның Гераклдары ғана енген.

Өлеңнің алдында ешкім емессіз, құрметті ақын жолдас! Акутагава айтпақшы, «Адамзат Бодлердің бір шумағына да татымайды». «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал», – дейтін Абай. Кезінде Жұмекен романын Абайдың ұстанымымен сынап көрген жоқ па? Джером Сэлинджер де сөйтті. «Над пропастью во ржи» романымен танылған жазушы кітабына суретін қоюдан бас тартқан. «Есіміме емес, шығармама қарап баға берсін», – депті. Әдеби ортадан бой тасалаған адам. Жанна Елеусіз деген ақын бар қазақта. Ол да Джером секілді. Өсек-аяң мен дауасы жоқ даудан алшақ. Өлеңімен таныссаңыз жеткілікті.

«…Құстар келіп қойыпты ғой.

Көктемсіз:

Қалтыратты-ау қара суықта өткен сыз?..

Менің нәзік Лүпілдерім тоңып тұр,

Бүрсең қағып бұтақтарда шекпенсіз.

 

Қар жынынан тоң Ашуы уытты, а…

Ол өзгере қоймас, күнім, жуықта.

Жүрегімде сұңқылдайды бір өлең –

Ұрынарын білмей келген суыққа…

 

Жеріп олар жерлерінен түстенген,

Жеткенінде жерден биік күштермен.

Көктем маған аяулы осы сәтімен:

Қайта айналып Өзегіне Құс келген…».

Өлеңші дедік қой. Солар туралы бір қызық әңгіме бар. Белгілі бір жазушыға жазбасын көрсетпекші болады. Мақтау алудан да дәмесі зор. Жазушы: «Мынауың – шимай-шатпақ», – деп лақтырып жіберсе керек. Жігері құм болып қайтқан ол жазғандарын амалсыз отқа тастап кеп жібереді. Парақтар жанбайтын көрінеді. Мұны жақсылыққа балаған ол жазушыға келіп, болған оқиғаны баян етеді. Сол кезде жазушы: «Жазған шығармаң сылдыр су болса, әрине, жанбайды», – деген екен. Мұндайдан аулақ бол, ақын дос!

Бұл дүниеде ақын біткен құрып кетсе, әдебиетшілердің күні қараң болар еді. Тірісі мен өлгені де әдебиетшілерді асырап келе жатқан жоқ па? Абай болмағанда, докторлығы не болар еді?! Сөйте тұра ақындарды жеккөреді-ау.

Әй, есімі белгісіз ақын! Қай қырдың қазағысың?! Әлде осы хат жазылып отырған сәтте шыр етіп дүниеге келген шығарсың? Елдің мазасын алып. Әлде қара кемпірдің ертегісін тыңдап отырсың ба? Мүмкін, арамызда жүрген шығарсың? Дүниеден өтіп кеттің бе әлде?! Әй, белгісіз ақын!

Сенімен кездескен адам бойыңнан анаңның сүті мен кітаптың иісін сезінсін. Мейлінше адал бол. Бірақ адал болу – лыпасыз қалу деген сөз. Оны да ескер. Адам – сананың құлы. Ал сен жүректің ұлы бол!

Соңғы демі үзілерде Пушкиннің кіммен қоштасқанын білесің бе? Кітаптармен. Рубцовтың ең адал достары кім екенін ше? Пушкин, Лермонтов, Гоголь. Олармен бөтелке қағыстыратын көрінеді. Әрине, жетіскеннен емес. Бұл жалғаннан шын дос таппағандықтан. Иә, солай, белгісіз ақын!

P.S. Егер осы хатты оқитын болсаң, жауап берме! Өйткені сыншының сиясы көк те, қара да емес, қызыл. Есімің белгісіз емес, белгіліге айналады!

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *