Балқаштың болашағы бұлыңғыр ма?

Кейінгі жылдары Балқаш көлінің деңгейі түсіп кетті дейді Балқаш қаласының тұрғындары. Солардың бірі – жергілікті табиғат жанашыры Нұрдос Кәрім. Оның айтуынша, көл деңгейі төмендегенін көрер көзге көрініп тұр.

Балқаш көлі күннен күнге тартылып бара жатыр. Осыдан үш-төрт жыл бұрын жағаға жетеғабыл тұста шалқып жататын. Көл суына жету үшін үш-төрт қадам жүрсеңіз, жеткілікті болатын. Қазір сол жағаданжиырма-жиырма бес қадамдай ұзап кетті, – дейді Нұрдос Маратұлы.

Балқаштың деңгейі өткен ғасырдың 70-ші жылдары төмендеді. Іленің басым бөлігі Қапшағай су қоймасын толтыруға жұмсалды. Ал, шаруашылықтар тоқыраған 90-шы жылдары су қайта көбейді. Қазір Балқашқа ірілі-ұсақты ондаған өзен құяды. Бірақ, көлдің 80 пайыз суын Іле береді. Дегенмен, мамандардың айтуынша, кейінгі жылдары Іленің де екпіні кеміп келеді.

Іле өзенінің суы азайды. Әрине, азаяды. Су алып отырмыз.

Қытай, егер суға шаруашылық тұрғыдан тиіспеген жағдайда біздің шекараға орташа сулы жылы 14,5-15 текше километр су келуі керек еді. Бірақ, қазір орташа сулы жылдары 11,5-ке, тіпті 11-ге түсіп отыр. Яғни, Қытай тарапының антропогендік, шаруашылық, экономикалық әсерінен 3-3,5 текше километрдей су жоғалтып отырмыз, – дейді «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Саят Әлімқұлов.

«Қазгидрометтің» дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта көл деңгейі – Балтық жүйесі бойынша 341 метрден сәл жоғары. Егер, бұдан төмендесе, көлге қауіп төнбек. Ғалымның айтуынша, суды қолдану көлемі осы қарқынмен жалғаса берсе, көл деңгейі таяу жылдары төмендейді. Сондықтан, Саят Әлімқұловтың айтуынша, трансшекаралық өзендерді пайдалану жөніндегі келісімдерді жеделдетіп іске асыру қажет.

Бұл жерде ең үлкен мәселе, маңызды қауіптердің бірі – Қытайдан келетін судың азаюы. Яғни, Қытай мен Қазақстан Республикасы арасындағы нақты суды ортақ пайдалану, ортақ экологияны қорғауға бағытталған іс-шараларда ортақ деп аталғанмен ортақтық жоқ қазірге дейін, – дейді ғалым.

Ал, суға жауапты министрлік бұл бағытта жұмыс жүріп жатқанын хабарлады. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Данияр Сағадиев көлдің деңгейін бір межеде ұстап тұру үшін қажетті су ағып келіп жатқанын мәлімдеді.

Балқаш көлінің экологиялық тұрақтылығы Қытай аумағынан келетін Іле өзеніне тікелей байланысты. Осыған орай, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы трансшекаралық өзендердің суын бөлу жөніндегі келісім жобасын талқылау және келісу барысында екенін хабарлаймыз. Аталған келісім жобасы тараптар арасындағы үш ірі бассейннен құралатын 24 трансшекаралық өзеннің суын бөлуге бағытталған. Іле өзеніндегі Добын гидробекетінде жүргізілген гидрологиялық бақылау деректеріне сәйкес 2020-2023 жылдар аралығында Қазақстан аумағында орташа жылдық су ағыны 13 текше шақырымдықұрады, – дейді министрлік өкілі.

Ал, ғалымдар Іленің толуына мұздықтар мен таудағы тоңның пайдасы тиіп отырғанын айтады. Алайда, бұл да бір күні сарқылады дейді олар.

Климаттың жылынуымен, әрине, белгілі бір дәрежеде тауда сақталған көпжылдық қорлар суға айналады. Бірақ, бұның да қоры шексіз емес қой. Зерттеушілердің айтуынша, бұл аймақтағы, Тәңіртау жүйесіндегі көпжылдық қорлар 2070 жылдарға дейін жетуі мүмкін. Бірақ бұл да нақты сенетіндей            болжам емес, – дейді ғалым.

Яғни, таудағы тоңның нәрі әрі кетсе қырық жылға жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде там-тұмдап келген су азая берер болса, онсызда таяз көлдің тартылып қалмасына кім кепіл? Әзіргісі осы, кейін ғайыптан тайып Қытай су қақпасын ашып жібермесе, Көкше теңіздің жағасы алыстай бермек.

Манас АҚСАРЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *