Соғыс жылдарындағы милиция қызметі

Тау алыстаған сайын биіктей беріп, тұлғалана түседі деген тұғыры мықты тұжырымды сөз бар. Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес, оның түпкі орамында толарсақтан қан кешіп, отан қорғау жолында барын салып, жанын берген, судың тұнығындай ұл мен қыз майданға аттанғанда, қызметі ел кәдесіне жарап, ғұмыры үлгілі болған адамдар туралы әспетті ой жатыр. Мұндайіспеттіиірімді тіркесті соғыс жылдарында күшті құрылымда қызмет еткен милиция қызметкерлері тарапына қатысты айтуға әбден болады. «Өткенді тапаншамен атсаң, келешек өзіңді зеңбірекпен атады» дейді білгір қауым. Бүгіннен алыс жоқ, ертеңнен жақын жоқ.Сабақты ине сәтімен деп, орайы кеп тұрған Отан қорғаушы күні мен екінші дүниежілік соғысындағы Жеңістің 79 жыл толуы қарсаңында елдің бірлігі мен тыныштығын күзеткен милиция қызметі туралы бір ауыз сөз айтқымыз бар.Адалдықтың жолына жүгінген, азаматтық арына дақ түсірмей, парасатты мұрат қылған қаншама абыралы қызметкерлер өтті дееңші со жылдары.Ниет тілден емес, жүректен шығуы керек. Мейірім мекені – жүрекпен жаздық мұны.

…1941 жылы 22 маусымда  ашық күнде найзағай ойнағандай жан дүниені селк еткізіп Ұлы Отан соғысы басталды да, соғыстың алғашқы күндері-ақ Үкімет мемлекеттік органдарды әскери уақытқа өткізу туралы заң актілерін жариялады: «Әскери жағдай туралы» Жарлық, «Әскери трибуналдар туралы ереже», «Әскери уақытта халық арасында дау туғызатын жалған ақпараттарды таратуға жауаптылық туралы», «Парашютті десанттармен және диверсанттармен күрес іс-шаралары туралы» және т.б.

1941 жылдың 3 ақпанында ССРО Ішкі істер халық комисариаты қызметінің кей бөлігі сол кезде жаңадан құрылған Мемлекеттік қауіпсіздігі халық комиссариатына (НКГБ) берілді. Бірақ  ол қызметі ұзаққа созылмады, Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін бір ай өтпей-ақ, 1941 жылғы 20 шілдеде, ол қайтадан Ішкі істер халық комиссариатымен біріктіріледі. Бұл барлық күшті жау агенттерімен және қылмыспен бір орган болып күресуге, елдің мемлекеттік қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтауға септігін тигізді.

Қалыптасқан әскери жағдай милиция қызметінде қиындықтар туғызды, өйткені көптеген тәжірибелі қызметкерлер майданға кетіп, олардың орнына түрлі кәсіп салаларынан келген милиция қызметінің ерекшелігін мүлдем білмейтіндер келді, оның үстіне қылмыс та қарқын ала түсті. Қылмыстың ұлғаюының себебі эвакуацияға келген халықтың көбеюі, халықтың материалдық жағдайының төмендеуі,  жасөспірімдердің қараусыз қалауы және т.б. Сондай-ақ Қазақстан Ішкі істері халық комисариаты (НКВД) алдында депортацияға ұшыраған тұлғаларды күтіп алу, оларды орналастыру жүктелген маңызды міндеттер тұрды. Сонымен бірге соғыс жылдары шешендер, ингуштар, кәрістер, немістер, қырым татарлары секілді бірқатар ұлттар жаппай депортацияға ұшырады. Жергілікті органдардың алдында арнайы көшірілгендерді мәжбүрлі түрде жұмысқа жұмылдыру, олардың мінез-құлық, жүріс-тұрысын бақылауды ұйымдастыру, депортацияға ұшыраған халықтардың есебін жүргізуді жүзеге асырды.

Қазақстандық милиционерлер соғыс жылдарында қылмыскерлерге қарсы күресте, қоғамдық тәртіп пен тыл қорғауында өз міндеттерін аянбай абыроймен адал атқарып өтті. Ішкі істер органдары алдында қылмыспен күрес мәселесі қауырт тұрды. Қылмыспен айналысқан көп бандалардың атыс қаруымен қарулануы көптеген қиындықтар туғызды. Мысалы, Жамбыл облысының Ішкі істер басқармасы 1946 жылының сәуір айында Жамбыл және Қарағанды облыстарының аумағында кең тараған желісі болған Ахметжанов мен Ескермесовтің қарақшылық топтарын жойды. Олар 1943 жылдан бері республиканың біршама облыстарында еш жазасыз өз әрекеттерін жүргізген. Соғыстың соңына қарай Прибалтика мен Батыс Украинадағы ұлтшылдық, антикеңестік күрестер аса күрделі сипат алды. Сол себепті милицияның басты міндеті – қоғамдық тәртіптің жағдайы мен қылмыс деңгейінің өсуіне әсер ететін құқық бұзушылық әрекеттерін жою тұрды. Ұрлау, тонау, кісі өлтіру, қоғамдық меншікке қол сұғу, спекуляция, панасыз, қараусыз қалған балалар қылмыстарына қарсы күрес қызу да қарқынды жүріп жатты. Еліміздің 16 облысында, 3 қаласы мен 200 аудандарында милиция басқармалары құрылды. Соғыс кезінде көптеген қарақшы топтардың көзі жойылғанына қарамастан, республиканың кей аймақтарында қашқындар мен қылмыскерлердің кішігірім топтары қандық істерін көп уақыт жүргізіп келді.

Қазақстанның қылмысты іздестіру қызметкерлері жедел іздестіру шараларды дұрыс ұйымдастыру нәтижесінде 1946 жылы 42 қарақшы топ (126 адам), 219 жеке қарақшы, шет мемлекеттердің барлау ұйымдарының 7 тыңшысы, 110 неміс-фашистерінің көмекшілері ұсталды, 1415 ату қаруы тәркіленді. Оның үсітіне сол жылғы жұт салдарынан халық азық-түліктен тапшылық көрді. Нәтижесінде Қазақстанның кей аймақтарында басқа елдерден келушілердің саны артты, олардың ішінде қылмыс жасаған адамдар да болды. Осының барлығы қарақшылық топтардың құрылуына негіз болды.

1947 жылы 51 қарақшы топ (176 адам), 109 жеке қарақшы ұсталыпты. Соның  нәтижесінде қарақшылық әрекеттер 47%-ға азайды. Бұл қылмыстар дұрыс әрі жедел шаралардың нәтижесінде ашылды.

Соғыстан кейін қылмысты іздестіру қызметі осы бағыттағы жұмысқа аса назар аударды. 1949 жылы бұл жұмыс өз өрісін одан сайын кеңейте түсті. 20 қарақшы, 370 қауіпті қылмыскер қамауға алынды. Осы уақыттан бастап, іздестіру жұмыстары қарақшылықпен күрестегі негізгі бағыт саналды. Ішкі істер органдары атқарған шаралар нәтижесінде 1950 жылдың басына қарай республика аумағындағы қарақшылық топтардың көбісі жойылды. Осы себепті 1950 жылы Қазақстанда қарақшылықпен күрес бөлімдері таратылды.

…Қай кезде де елдің ықыласына бөленіп, адамға, жерге қызмет етудің ерен үлгісін көрсетіп өткен, ғұмыры мен қызметін ұрпақтар үлгі тұтып, қым-қуыт мынау дүниеде олардың адастырмас темірқазық жұлдызына, рухани бағалы байлығына айналатын тұлғалар Ұлы Отан соғысы кезінде жанын шүберекке байлап, барынша адал қызмет етті.

Ақиқатында бүгінгі тұлпар мінез жас қазақтың намысын қамшылап, арқаландырып, арынды да қарымды, шабысты да табысты, қажырлы да қайратты асқар армандарға жетелейтін де, жол сілтейтін де солар. Соғыс уақытының аласапыран ақиқатында сыннан сүрінбей өтті олар.

Халық қалаулысы атану жақсы, халықтың қалауын табу – ерлік. Халықтың ұлы болу мәртебе, халықтың құлы болу – міндет. Сол міндетті халық алдында атқарып жүргендер де белгілі бір құрметке ләзім шығар. Егер айтылмай, жазылмай қалса, оған баршамыз да күнәліміз. Бұл жазбамыз сол бір кемшілікті бүтіндеудің бір амалы ғана.

Елеужан СЕРІМОВ,

заң ғылымдарының кандидаты, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының Ғылыми зерттеу институты ІІО тарихын зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, запастағы полиция полковнигі

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *