Ұлт көсемі – Әлихан

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым, әдебиеттанушы аудармашы әрі дарынды публицист Әлихан Бөкейханның өмірі мен, өмір сүрген кезеңі жайлы тағылымы мол, танымдық шара өтті.

Бұл кездесудің басты қонағы «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі», Ақтоғай ауданының «Құрметті азаматы», Әлихантанушы, этнограф, өлкетанушы, тарихшы-ғалым Тұңғышбай Мұқан.

Бұндай тағылымы мол кездесулер жиі өткізіліп тұру қажет деп ойлаймыз. Бұл кездесуге Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектептің 10 сынып оқушылары қатысып Тұңғышбай ағамыздың аузынан естіген Әлихан Нұрмұхаммедұлының өмір тарихы туралы деректермен қанықты.

Тұңғышбай Мұқан зейнеткерлікте болғанына қарамастан біздің ұсынысымызды қабыл алып, мектеп оқушыларымен кездесіп бар білгенімен, зерттеулерімен бөлісті Әлихан атамыз жайлы  деректі филімнен үзінділер көрсетіп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Тұңғышбай ағамыз өзі де сол Алаш арыстарының атамекені болған Ақтоғайдың тумасы.

Кіндік қаның тамып, кіндік бауың кесілген туып – өскен жер әрбір адам үшін қастерлі де қасиетті. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Дана халқымыз : «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтпаған. Сондай жерлердің бірі –Ақтоғай ауданы десек артық айтпаймыз. Бүкіл Қазақстанға әйгілі де ардақты тұлғалар —  қазақтың Үш арысы , Алаш қозғалысының ардагерлері – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, жезтаңдай әнші Күләш Бәйсейітова, әнші Манарбек Ержанов, шебер домбырашы Мағауия Хамзин, ақын Әсет Найманбаев, Ұлы Отан соғысының батырлары Қазыбек Нұржанов пен Нұркен Әбдіровтердің киелі өлкесі болып саналады. Осындай қасиетті топырақтан нәр алған Тұңғышбай ағамыз да, Әлихан бабамыздың өмірін зерттеу өзінің перзенттік парызы санаса керек.

Тұңғышбай Мұқан ағамыз Әлихан бабамыздың балалық және жастық шағынан көп деректер келтірді:

– Әлиханды әкесі Нұрмұхамед болашағынан зор үміт күтіп, 7 жа­сында Қарқаралыдағы ноғай Зариф молдаға мұсылманша оқуға берген. Алайда Әлекең діни оқуға құлықсыз болып, өз бетімен сондағы үш сатылы қазақ-орыс интернатына ауысып алады. Әлекең балалық шағының өзінде туған жерінің тарихы мен табиғатын білуге айрықша құштарлық танытқан. 1848 жылы Арқадағы Қоянды жәрмеңкесі ашылғаннан кейін Ташкенттен шыққан саудагерлердің керуен жолы Балқаш көлінен асып, Әлихан туған Желтауды басып өтіп, Қарқаралыны қақ жарып Қояндыға жетіп, Омбыға барып тоқтаған. Сол кездегі адамдардың қажетіне айрық­ша қызмет жасаған бұл керуен жолында Әлихан Нұрмұхаммедұлы  да талай ат құлағын қайшылатқан. Қазақтың қанатты сөздеріндегі: «Төрде тұрған бесікке, төре де басын иеді», дегендей, Әлекең кездесулерден қолы босаған уақыттарында ауыл балаларын күрестіріп, асық атқызып, тіпті қаланың городки деген ойынын үйретеді екен. Жекежал қыстағының Желтауға жал­ғасқан аңғарындағы мұзжарғыш алып кеменің тұмсығына ұқсаған құз-жақпар «қарауыл қаратастың» төбесіне шығып, кең жазиралы алқап­қа, алыстан мұнартқан Ақсораң мен Бегазыға көз салып, терең ойға шомып жалғыз отыратын сәттері көп болған…..Әрине бір сағатқа созылған кездесуде болған бар әңгімені бір мақалаға сиғызу мүмкін емес, ең бастысы біз бар ынтасымен тыңдаған жастардың көзінен жалындаған от, ата-бабасына деген зор мақтаныш сезімін көріп шарамыздың текке өтпегеніне жүрегімізді қуаныш кернеді.

Ал енді осы кездесу шарасында көрермендер назарына ұсынылған «Көсем» атты туындыға тоқталар болсам: 2021 жылы «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» республикалық онлайн-байқауы өткізілді оған республикамыздың әр қаласынан 100ден аса суретшілер қатысты, жеңіп шыққан картиналарға ақындарымыз өлең жазды, соның ішінен жеңіп шыққан Бас жүлде (Гран прий) 1,2,3 орын алған туындылар біздің музейге табысталды (12 жұмыс).

Бұл туындының авторы Толқын Табысбек, Кенепте майлы бояумен жазылған «Көсем» деп аталатын, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың портреті.

Толқын Табысбек 1986 жылы 21 ақпанда Алтайда дүниеге келген. ҚР Суретшілер Одағының мүшесі. Ұлт көсемінің бейнесін сомдап Бас жүлде (Гран прий) ұтып алды. Содан кейін конкурс ережесі бойынша жеңіп шыққан туындыларға ақындарымыз жыр арнау қажет болды. Осы туындыға Мұрат Шаймаран ақынымыз «1937 жыл немесе Әлиханның соңғы монологы» жырын арнады. М.Шаймаран 1969 жылы 13 қарашада Қытай халық Республикасының Үрімжі қаласында дүниеге келген. Ақын, ұстаз.

Өлең жолдарынан үзінді…

Бара ма қолдан өтіп жатқа дәуір,

Шапшиды қызыл оттай көкке дауыл.

Қобыздың көмейіне тұнған мұндай,

Уа, Алаш, қасіретің неткен ауыр…

Кездесу кезінде оқушылар «Көсем» туындысының жазылуы және оны жазған автор жайлы қысқаша деректі фильмді көріп тамашалады.

Осы арқылы біз жас ұрпақтың бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын, эстетикалық талғамын арттырып, болашақта дұрыс мамандық таңдауларына шамалы болса да дұрыс жол, көрсете алдық деп ойлаймыз.

Төл тарихымызға өшпес із қалдырған, Алаштың айбынды қайреткері жайлы Тұңғышбай Өміртайұлының немересімен бірге түсірген деректі фильмінен үзінді көріп, Әлиханның туған жері Жекежал қыстағымен (деректі фильм арқылы) танысып тарих толқынан дәріс алды. Бабамыздың есімі берілген аудан жайлы, оған ат салысқан азаматтар жайлы мағұлмат алды.

«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп Әлихан бабамыз өзі айтқандай, осындай ұлы тарихи тұлғаларды таныту мақсатында  барынша көп шаралар өткізіліп тұру керектігіне тағы бір көз жеткізгендейміз.

 

                                                                       Мейрамгүл  ЕЛУБАЕВА,

                                                                Мәдениет саласының үздігі.

                                                      Қарағанды облыстық

                                                        бейнелеу өнері музейі

                                                                         басшысының орынбасары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *