Балаларды қараусыз қалдыруға болмайды. Ойын баласы тыныш отыра ма? Олардың қауіпсіздігіне де назар аударуымыз керек. Төтенше жағдайлар министрлігі балалардың терезеден құлау жағдайларына байланысты алаңдаушылық білдірді. Ведомствоның хабарлауынша, жылы мезгілдің басталуымен, сондай-ақ жазғы мектеп демалысы кезінде жыл сайын осындай оқиғалар саны артады.
Төтеншеліктердің мәліметінше жыл басынан бастап елімізде балалардың терезеден құлауына байланысты 60 жазатайым оқиға тіркелген. Бес бала оқиға орнында қайтыс болды, 55 бала түрлі жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілген.
Ал 2024 жылы осындай 196 оқиға тіркелген екен. Әдетте, мұндай жазатайым жағдай ересектердің қарауынсыз қалған 2 жастан 13 жасқа дейінгі балалар арасында болады. Көбінесе қайғылы оқиғалар балалар москит торларына сүйенген кезде болады, себебі бұл торлар салмаққа шыдамайды.
Ведомство басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірінде профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Құтқарушылар, ата-аналармен кездесу және балалар мекемелерінде рейд, профилактикалық шара өткізеді.
Азаматтардың қауіп-қатер туралы хабардарлығын арттыру үшін ақпараттық ресурстар белсенді түрде тартылуда.
Екі бала құлады
Жылы кезеңнің басталуымен мұндай жағдайлардың ықтималдығы артады. Қарағанды мен Балқашта немқұрайлылық салдарынан 2021 және 2024 жылы туған екі бала зардап шекті. Екі оқиға да балалар ата-аналарының қарауынсыз қалған сәтте болды.
Бірінші жағдай 18 наурызда Қарағандының 13 шағынауданында орын алды. Бес қабатты үйдің екінші қабатында орналасқан терезеден төрт жастағы бала құлап түсті.
Дәл осындай оқиға Балқашта 4 сәуірде болған еді. Ол кезде үш қабатты үйдің екінші қабатының терезесінен бір жастағы қыз құлап түскен.
Ал өткен жылы Қарағанды облысында балалардың терезеден құлауының 24 жағдайы тіркелген болатын.
Акция басталды
Оқушылары үшін соңғы қоңырау соғылды. Осыған байланысты өңірде «Абайлаңыз, балалар!» акциясы басталды. Акцияның бастамашылары Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері, Қарағанды облысы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің, сондай-ақ ТЖД өкілдері «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында және «Заң және тәртіп» қағидаттары рухында күш біріктірді.
Мақсат – әр балаға қауіпсіз жазды қамтамасыз ету.
Акцияның басты міндеті – балаларға қауіпсіздік ережелерін еске салып қана қоймай, оларды денсаулықты сақтауға, тіпті төтенше жағдайда өмірді сақтап қалуға көмектесетін нақты дағдылармен қаруландыру.
Айта кету керек, осы шара аясында балаларға алғашқы медициналық көмек көрсетудің негізгі әдістері көрсетілуде. Мамандардың жетекшілігімен акцияға қатысушылар жарақат алған жағдайда, күйік немесе есін жоғалту кезінде қалай дұрыс әрекет ету керегін үйренуде.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ