Жұпар Рысқұлқызы Жақан 1968 жылы, 18 маусымда Қарағанды облысы, Шет ауданы, Үңірек ауылында туған.
1990 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік дипломмен бітірген. Педагогика ғылымдарының магистрі.
Еңбек жолын Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушылығынан бастаған. Орта мектепте біраз жыл мұғалімдік қызметте болып, қазір тіл саласында қызмет атқарады. 2018 жылдан бастап Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі.
Әдебиетші-ғалым ретінде түрлі басылымдарда ғылыми мақалаларын жарыққа шығуда. Сондай-ақ «Фейсбук» әлеуметтік желісінде, БАҚ беттерінде тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы өткір мәселелерді көтеріп, үнемі жазып отырады.
Сонымен қоса соңғы уақытта әдеби шығармашылықпен айналысып, әңгіме, мысал әңгіме, ертегілерімен балалар әдебиетін дамытуға үлес қосып жүрген авторлардың бірі.
«БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА САЯХАТ» ТОПТАМАСЫНАН
БОРАНДЫ КЕШТЕ
Ойхой, шіркін, қыстың боранды күнгі кештерін айтсайшы! Баяғыдағы борандар, айтары жоқ, керемет еді. Нағыз ақтүтек. Күн бұлттанып, аздап сырма жүре бастағаннан үлкендер ауа райын болжап, қамдана бастайды. Боранды кешке дайындалады. Үйдің кіреберісінде көмір толы шелектер бой-бойымен сап түзеп тұра қалады. Көмірдің ірі кесектері салынған шелектер басына биігірек бөрік киген мырзалар сияқты қасындағы ұсақ көмірлі шелекке менсінбей шекесінен қарайды. «Байғұстар» деп ойлаймын ішімнен. Отынға бірінші болып кететінін білмейді ғой.
Бір бұрышта отындық ағаш, от тұтатын тезек… Тезектер де қызық, ағаштар сияқты қаланып тұру деген жоқ. Бір жартысы төменгі жақта, екінші жартысы рұқсатсыз төрге шығып кететін тентек бала сияқты ағаштардың үстіңгі жағында жатады. Өз өмірлеріне риза. Бірдеңеден құр қалмайын дегендей, қар күрейтін күрек те төрден болмаса да, босағадан орын алады. Тап бір отын-суды күзетуге қарауылға тұрғызған сияқты. Айтпақшы, отынның төменгі жағын ала жарты литрдей қалбырға құйылған керосин жайғасады. Кірген-шыққанның бірі аяғымен іліп, қағып кетпесін дегендей, иманын үйіріп тұратын сияқты көрінеді. Ондай оқиға болған. Сондықтан да қалтарыстау жерге тығыла орналасуға тырысады. Шошаладан тегеш тола соғымның еті де ел ішіне келіп, кіреберістегі үстелдің үстіне жайғасады.
Өзіміздің бес қаруымыз сайланды дегенде, кезек қорадағы малдарға келеді. Бұл күні сиырларға ерекше құрмет көрсетіледі. Алдындағы оттығы шөпке нығыздай толтырылады. Олар болса, күйсеген күйі қой қора жаққа маңғаздана көз тастайды. «Сиыр боп тусаң, жеке оттығың болар еді» деп айтқысы келе ме, кім білсін?
Қойларға ондай құрмет көрсетілмейтіні де рас. Бастайтын лидерлері – текенің тәрбиесі өтіп кеткен бе, байыз тауып бір орында тұра алмайды. Алақандай қораның ішінде жөңкіледі де жүреді. Кішкене лақтар жантайып жатқан қойлардың арқасына шығып алып, массаж жасап береді. Онысына қойлар риза шығар, үстінде ойнақ салған лақтарға реніш білдірмейді.
Шөп салса, оны аяқтарын сүртіп, таптайтындары анық. «Таптайтын енді нең бар, таптап-таптап қиымызды кірпіштей қылып қоямыз ғой» дегендей, мақтаныштан да құр алақан емес. Сондықтан да қойға деген шөп бір бұрышта үюлі тұрады. Тірі жан болған соң, оларда да сезім бар. Көк шөптің хош иісіне елтіп, тезірек таң атса екен деп ойлайтын шығар іштерінен.
Қой қораның қарсысы – тауықтардың мекені. Олар үшін бәлендей дайындықтың керегі жоқ. Диетадағы бикештер сияқты бәрі. Кішірек тегешпен жемі бір рет шашылса болды, соны қанағат тұтады. Дегенмен, қыт-қыттап ауыздары жабылмайды. Қойлар шөпті таптап жатыр деп өсек айтқысы келетін шығар, бәлки? Өздері құс ұйқы. Көз шырымын алғысы келетін сиырлар мен қойларға обал-ақ. Айтпақшы, төрт-бес шелек суға да қалтарыстау жерден орын тиетінін ұмытып кетіппін.
Қош. Сонымен, үй-іші боран алдында дайындалып, бәрін сайлап алғандарына риза кейіпте отырады. Біздер мысықтілеуге көшеміз. Шамның сөніп қалғанын тілейміз. Нағыз романтика! Несі бар, бір өтірігі жоқ. Тыста ақтүтек боран уілдеп тұрады. Пеш жағулы, отын сайлаулы. Пеште қазан қайнаулы. Жылқы етінің сүйкімді иісі бөлмені алып, өмір сүруге, дұрысында тезірек жеуге деген құштарлығыңды оятады.
Қас қарая үлкен тамақтың алдында бәріміз шайға отырамыз. Қолдан пісірілген ақ бөлке қалыңдау туралады. Өзі қалың нан тілімінің мол пошымына сай етіп үстіне тоңазыған майды қондырасың. Шақпақ қанттың да үлкендеу кесегін қақшып алып, бір шетін кеседегі шайға болар-болмас батырып аласың. Өмірімде жеген ең тәтті, ең дәмді тамағым – май жаққан нан мен шақпақ қант дегенге сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де өздеріңіз біліңіздер…
Шай үстінде қозғалмайтын тақырып жоқ. Ыстық шай ішіп, маңдайы жіпсіген үлкендер әңгімені боран алдындағы дайындықтан бастап, ананы айтып, мынаны айтып, ел-жұрттың амандығына тірейді. Біреулердің осы боранда жолаушы шығып кетпеуін тілейді. Арасында соғым соймаған, отын-шөбін дұрыстап қамдай алмаған туысқандарды еске түсіріп, аяушылық білдіріп отырады. Бұзаулағалы жүрген сиырдың бүгін түнде бұзаулап қалмауын тілейді. Боранда қар ұйытқып, сыртқы есікті басып қалмауын тілейді. Орталарында «шам қазір сөнсе ғой» деп қияли армандап мен отырамын.
Қайран менің қамсыз күндерім…
АУЫЛДЫҢ ҚЫСЫ
Бораннан кейінгі ауыл көрінісінен хабарыңыз бар ма? Ұйытқып соққан алай-түлей бораннан кейін көп үйдің төбесі ғана көрініп, тоқал тамдар қар патшалығының құрсауында қалады. Жалғызаяқ жолдармен бірлі-жарым адамдар ғана жүріп, ауыл мүлгіген тыныштық құшағына енеді. Тек мұржалардың төбесінен будақтап, кейде сыздақтап шығатын түтін ғана тіршіліктен хабар бергендей болады. Алдында өзін-өзі игере алмай, мың бұралған түтіннің өзі боран басылып, жел тынса, жанталасып көкке қарай ұмтылады. Оң-солына қарамайды. Шамалы уақыт бұрынғы дәрменсіз халін ұмытады.
Ауылдың аты – ауыл. Боран соққан екен деп тіршілігін тоқтатпайды. Қыбыр-қыбыр… жыбыр-жыбыр…
Ауа райы бұзыла бастағаннан әр үйдің ер азаматы «боран соғып, қар баспаса екен» деп тілеу тілейді. Өйткені сол қарды күреу салтанатының тізгіні өзіне тиетінін біледі. Содан кейін іштей санай бастайды: есіктің алды, мал қораның алды, тезек қораның алды, шөп қораның алды, көмір қораның алды, дәретхананың алды… Түуу, бітпей кеткен неткен көп қора! Осындай күндері қора санын көбейте берген пысықтығына ренжиді. Жүйкесі жұқарып, іштен тынғанмен, мойынсұнып алдын-ала күрегін сайлауға кіріседі. Басы жалпақ үлкен күрек және басы сүйірлеу келген кішкене күрек сарбаздар сияқты сап түзеп қатарға тұрады. Күректің сабына қарайды. Жарылып, шытынап тұрса, бір ескі шүберекпен бірнеше мәрте орап, таңа салады. Бәрі сақадай сай тұрса, өзінің пысықтығына, шаруақорлығына риза болып, шырт түкіріп, екі алақанын ысқылап қояды. Қар күреу науқаны басталады. Күректер қарш-қарш… қар дүрс-дүрс… қар күреуші пыс-пыс… кейде ырс-ырс…
Боран соққан екен деп мектепте сабақ тоқтап қалмайды. Миыңның қыртысында «мүмкін бармаспын» деген есекдәмең болғанмен, сабақтан қалмайсың. Дұрысында үй-ішің қалдырмайды. Барғызады. Аяғыңа жүн нәски мен пимаңды кигізіп, көзіңді ғана жылтыратып қалдырып, бетіңді қалыңдау ұзын шарфпен екі қайтара орап, жел кіретін бір тесік қалдырмай қымтап, мектепке жібереді. Ертіп бармайды. Жібереді.
Қайтарда өшіңді сөмкеден аласың. Қар үйіліп, сырғанаққа ұқсаған жерлерден сөмкеңе отырып, сырғанақ теуіп қайтасың. Талай сырғанақтың куәсі болған сөмкелер бір тозбайды-ау! Мықтылығына қайран қаласың. Одан қалса, қарды жентектеп, бір-біріңе лақтырып ойнайсың. Қызды-қыздымен, біреуді жығып сап, қойны-қонышын қарға толтырасың. Пиманың іші қарға лық толады. Қар жабысқақ болса, қолғабыңа жабысады. Бір қабаты жүн тоқыма, екінші қабаты сіреу қар, сәл дымқылданып ауыр тартқан қолғабың пана болудан қалса да, қолыңнан тастамайсың. Одан да зоры қарды жентектеп алып, жығылған баланың аузына тығасың. Сонда да шіркіндер қыңқ демейді. Жыламайды да. Шағынданбайды да.
Қарды жентектеп аққала жасайсың. Басына төңкеруге есіктің қалтарысында тұрған ескілеу шелекті ала саласың. Енді ше, аққаланың сәні басындағы шелегі емес пе? Шелексіз аққала жаулықсыз әже тәрізді. Болса сәбіз, болмаса жуандау бұтақты бір сүйем қылып сындырып алып, мұрынның орнына пісе саласың. Екі көзін моншақтай қылып, түймедей көмірмен жылтырата саласың. Аққалада ауыз болған-болмағаны есімде жоқ. Бәрібір сөйлемейді деп аузын салмаған шығармыз. Тіпті сәндегің келсе, омырауына үш қатар көмірден түйме қадайсың. Қолдың орнына ербитіп екі бұтақ шаныша саласың. Бітті. Керемет өнер туындысы дап-дайын. Күн жарықтық аққалаға өші бардай, сәл жылынғанда махаббатымен ерітіп жіберетіні болмаса, көктем шыққанша сол орнында тұра береді.
Қыстың аты – қыс. Үлкеннің де, баланың да жөтеліп, мұрны пысылдайтыны болады. Дәріханадан алатын дәрілер санаулы ғана: От кашля, Мукалтин, Пертусин. Болды. Ары қарай қазақша ем. Бір кесе ыстық сүтке үлкен қасық сары майды салып жіберіп, тосап жасап береді. Ішіп аласың. Одан әрі сенің сауабыңды алғалы ыстық сорпа не құрт көже дайын тұрады. Екі күн, әрі кетсе үш күн емделесің. Тірлігіңді жалғастыра бересің, өйткені қыстың қызықтарынан қалғың келмейді. Алда сені небір қызықтар күтіп тұрады.
ҚОРҚЫНЫШ
Өмірімде солай қатты қорықпаған шығармын. Еңіреп келемін. Жо-жақ, еңіреп емес, даланы басыма көтере бар даусыммен ойбайымды салып бақырып келемін. Майлыаяқ та аяғы-аяғына тимей, ұшыртып келеді. Тап бір бәйгеге қосылған Құлагер дерсің… Құлагер жарықтық бәйгеге қосылғанын біліп шапты емес пе? Біздің Майлекең бәйгесіз-ақ Құлагерден де асып түскендей. Мен одан қорқып, ол менің бақырған даусымнан қорқып, шананы бұйым құрлы көрмей ызғытып келеді. Бақырған сайын алға қарай жанталасып ышқынады.
Оқиға былай болған еді. Менің беске толық тола қоймаған кезім. Қаңтар айы. Қар қалың. Сол жылы қар ерекше қалың жауды. Күнде қалың киініп алып, далада ойнайтынмын. Шана сүйретемін, шанаммен сырғанақ тебемін, қарды жентектеп аққала жасаған боламын өзімше. Аяқта тәтем тоқып берген жүн нәски, қолда қабаттап киген екі қолғап. Ол да қолдан тоқылған. Күн сайын осы, аязға қарсы бес қаруымды сайланып шығамын. Бет домбығып, мұрын қызарып, башпайларым мен саусақтарымның басы дызылдағанша үйге кірмеймін.
Бір демалыста студент ағаларым үйге келе қалды. Түс ауа бәріміз далаға шықтық. Майлыаяқ деген төбет итіміз болатын. Өзі денелі әрі мығым болғанмен, жуас, маңқиып жата беретін. Артық үріп, мазаңды алмайды. Шақырсаң ғана құйрығын бұлғаң еткізіп, еріне басып қасыңа келеді. Ара-гідік сипалап, түртпектеп онымен де ойнайтынмын. Қайран Майлекең сонда бір де бір тосын мінез көрсетпепті-ау!
Сөздің қысқасы, ағаларымның басына қызық бір идея келе қалғаны. Өзім ойнайтын шанаға жақсылап Майлыаяқты жекті. Мені отырғызды да, итті айтақтап, үркітті де жіберді. Ұйқылы-ояу манаурап жатқан Майлекең ұйқысынан оятып мазасын алғанға ренжіді ме, жүйткітіп ала жөнелді. Қар қалың болғанмен, аяз ширатып тастаған. Қорыққаным сонша – бақырып келемін. Бір кезде байланған жіп әлсіз болды ма, үзіліп кеткені. Екпінімен барып Майлыаяғымыз тоңқалаң асты. Шана аударылып, мен де тоңқалаң астым. Ағаларым келді жүгіріп. Өздері әбден қорыққан. Менің үсті-басымды қағып, бәйек боп жатыр. Сол жолы екеуі де әке-шешемізден сыбағасын алды ғой жақсылап.
Одан кейін Майлыаяқ екеуміз бірталайға дейін бір-бірімізге қырын қарап жүрдік те, артынан достасып кеттік.
КЕРБЕЗ
Студентпін, үшінші курсты бітірген жылым. Жазғы демалыста ауылда жүргем. Бір күні үлкен апайым бізге қайын апасының үйінен қолтығына қысып әдемі күшік әкеп берді. Иттің қай түріне жататынын білмеймін, тегін ажырата алмадым. Өзі әдемі-ақ. Ақшыл қоңыр түсті, құлақтары алақандай. Көздері қап-қара, моншақ секілді жылт-жылт етеді. Адамға қорқыңқырап, үркектей қарайды.
Қора жақта иттің үйшігі болатын. Ішін тазалап, жұмсақтап төсеніш төсеп, күшікті сонда орналастырдық. Алдына кішкентай ыдысқа сүт құйып қойдық. Қарны ашыңқыраған болса керек, сүйір тілімен жалап-жалап сүтті ішіп алды. Аздан кейін қайда келгенімді білейін дегендей, жан-жағына қарады. Әлі де жатсынатыны сезіліп тұр.
Ендігі мәселе күшікті қалай атайтынымыз туралы болды. Мен бірден Кербез деген ат ұсындым. Үйдің іші келісті.
Содан екі күн өтті. Кербез бізге үйренісе бастады. Сүт қана емес, нанның жұмсағын да аздап жейтін болды. Үшінші күні қора жаққа бір үлкен ит келді. Оның да түсі ақшыл қоңыр түсті. Мойнын созып үйшік жаққа қарап, жаланып қояды, бірақ айбат шекпейді. Өзі адамға біртүрлі жалынышты көзбен қарайтындай ма, қалай? Не істер екен деп бақылап тұрдым. Не кетпейді, үйшік жаққа қайта-қайта қарайды. Қашанғы аңдып тұрам, қолды бір сілтеп, үйге кіріп кеттім. 10-15 минуттан кейін әлгі иттің не істегенін білейін деп қора жаққа барсам… Қызық… Үйшіктің алдында күшігін емізіп жатыр. Енесі екенін сонда ғана білдім. Ол көп алданған жоқ, біраз емізді де, кетіп қалды. Сонымен, түскен дейінгі уақытта күшігіне бір соғып, емізіп кететін болды. Шамамен жарты айдай емізді. Біз де оған тамақ құятын болдық. Бізді жатсынбайды, меншікті итіміз сияқты еркін келіп-кетіп жүреді. Ең қызығы, Кербездің итаяғына көбірек тамақ құйсақ, түбіне аздап қалдырып қояды, енесі келіп қалған тамақты ішіп алады. Бір күні аузына сүйек тістеп келді. Кеміретіндей Кербездің азу тістері әлі жетілмеген, сүйекті әрлі-берлі сүйрелеп ойнады.
Қолдан тамақ ішіп әрі енесін еміп, Кербез өсіп жатты. Атын атағанда құйрығын бұлғаңдатып, еркелеп жетіп келеді. Екеуміз достасып кеттік. Үш аптадай уақыт өткен соң, енесі келмей қалды. Оны жайлауға алып кетіпті. Күшігіміз біраз елеңдеп жүрді де, келмейтініне көзі жетті ме, аулада асыр салып ойнайтын болды. Өзі сондай қылықты, ойынға тоймайды. О жағыңнан бір шығып, бұ жағыңнан бір шығып, өзінше еркелейді. Әсіресе, маған үйренісіп алды.
Жаз өтіп, оқуға баратын уақытым болып қалды. Бұл уақытта Кербез өскен, етейген, ірілене бастаған. Үй-ішіммен, Кербезіммен қимай қоштастым. Стансаға дейін жеткізіп тастайтын машинеге отырып, қол бұлғадым. Мәшине орнынан қозғалды. Кербез екі езуі ыржиып, құйрығын бұлғаңдатып, машиненің соңынан он шақты метрдей еріңкіреп барып, қалып қойды. Кейіндері мәшиненің соңынан ұзағырақ еретін болды.
Ол кезде ауылға екі-үш аптада бір келіп, үйдің ішін қағып-сілкіп, кір-қоңдарын жуып, тәтті тамақ пісіріп дегендей ағатайым мен тәтеме көмектесіп кететінмін. Қайтарда тәтем сөмкемді толтырып, қаймағын, құрт-майын, етін, салып береді. Жент жасаса, омырып жентінен береді. Мықшыңдай көтеріп, алып кетемін. Әр келгенімде Кербез құйғытып келіп, аяғымнан құшақтап, кеудеме артылып қарсы алатын. Ит те адамша қуанады екен. Қуанышын қалай жеткізетінін білмей, есі шығады. Сағынғаны, тосып жүретіні сезіледі. Ылғи езуін ыржитады, онысы күлгені сияқты. Қолымнан жалап-жалап алады.
Мен соңғы курста оқып жүргенде, Кербез кәдімгі үлкен ит болды. Бірде құйрығын жарақаттап алыпты. Онысы дұрыс жазылмай, үнемі құйрығымен алысатын. Өз құйрығын өзі қауып, ырылдап жатады. Кішкене ызақор бола бастағандай, бірақ мені көрсе, сол баяғы күшік кезіндегідей керемет еркелейді.
Араға екі айдай уақыт салып, ауылға келсем, аулада Кербез жоқ. Сөйтсем тәтем аттырып тастапты. Себебін анықтасам, қыста қоздаған қойлардың қозысын жейтін болыпты. Қозыларға шабуыл жасап, үш-төрт қозыны жеп қойған соң, басқа амалдары қалмаған екен.Әлі күнге дейін миым жетпейді. Кербезді не түлен түртті екен?
СЕБЕТТЕГІ КҮШІКТЕР
Себеттегі күшіктерге қарап тұрып, әрқайсын құшақтап, қысып-қысып алғым келді. Бауырын енді ғана көтерген үшеуіне қызыға қарадым.
Екі мыңыншы жылдардың басында Михайловка базарына барғанда, ылғи себетке салып күшік сатып тұрғандарды көретінмін. Мұнда не жоқ дейсің? Овчаркадан бастап, төбет, такса, дог, доберманы – түр-түрімен сатылады. Асыл тұқымдыларының бағасы енді удай ғой, удай. Соған қарамастан, алатындар да бар екен.
Күшік болғанда да маған мәстектердің емес, ірі тұқымды итердің күшігі ұнайтын. Енді-енді бауырын көтеріп өсіп келе жатқан күшіктері сүйкімді-ақ. Сол сүйкімділігіне қызығамын деп мені неміс овчаркасы жуан санымнан жақсылап тұрып қауып алғаны бар.
Алты жастағы кезім. Екі қабатты көрші үйде Генка деген орыс тұратын. Өзі аурухананың мәшинесін айдайтын. Шура деген дәріханашы әйелі және жалғыз қызы болды. Ұмытпасам, маусым айында ма екен, солардың овчарка иті күшіктеді. Үш күшік тауыпты. Шарбақтың тесігінен ақырын сығалап көріп қалғам. Сол күшіктерді құшақтап ойнағым келді. Аңсарым қатты ауды. Төрт-бес күнге дейін реті келе қоймады. Көзімді сатып, күнде бір рет шарбақтың тесігінен қарап кетемін. Бір күні тағы сығалап қарасам, енелері жоқ екен. Қуанып кетіп, шарбақтың өзім сыятындай тұсынан өтіп, ішке кірдім. Күшікке енді қолымды соза бергенде, овчарка ит арс етіп тістеп алғаны. Қайдан, қалай жетіп келгенін түсінуге мұршам болған жоқ. Бақырған даусымды естіп, үйінен Генка атып шықты. Менің кінәлі екенімді қайдан білсін, ит беталды қауып алды деп ойласа керек, бірдеңелерді айтып жатыр. Орысша айтқандарынан түгін түсінген жоқпын. Бір кезде Шуркасы біздің үйге барып, ағатайымды ертіп келді. Генка тағы сөйлеп жатыр, сірә, кешірім сұраған болар? Содан кейін машинасын от алдырып, мені салып алып, ауруханаға апарды. Маған құтырғанға қарсы дәрі егіп, жарақатымды таңып берді. Абырой болғанда, иттің бір ғана тісі тиіпті.