Header Banner

Баланың қауіпсіздігі – ата-ана қолында

«Қауіпсіз терезе» жай ғана акция емес, бұл – жанайқай. Қарағанды облысында осы жылдың басынан бергі жеті айда 29 бала терезеден құлаған. Жанға дәт беретіні балалар аман. Ал өткен 2025 жылы балалардың терезеден құлауының 27 оқиға тіркеліп, оның 3-і қайғылы аяқталды. Қалған жағдайларда балалар түрлі дәрежеде ауыр жарақаттар алды. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – балалардың ересектердің қарауынсыз қалуы және терезелерде қауіпсіздік құралдарының болмауы.

Мақаламызды мысалмен бастайық. Қарағанды мен Теміртауда көпқабатты үйлердің терезелерінен балалардың құлауының екі жағдайы тіркелді. Екі бала да ауруханаға жатқызылды. Бірінші оқиға 18 шілдеде Қарағандыда болды. 12-ші шағын аудан, 30 мекен-жайындағы үйде бес қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтердің терезесінен бес жасар қыз құлап түсті.

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға болған кезде баланы көрші бөлмеде болған әпкесі бақылап отырған. Құлаған қыз жарақат алып, облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді.

Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қазіргі уақытта бала ауыр жағдайда.

19 шілде Теміртауда да осындай жағдай. 7-ші шағын аудан, 23 мекен-жайындағы үйде үшінші қабаттағы пәтердің терезесінен екі жасар бала құлады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, баланың жағдайы тұрақты деп бағаланады.

– Төтенше жағдай мамандары балаларды ашық терезесі бар бөлмеге жалғыз қалдырмау керек деп үсті-үстіне ескерткенімен, қайғылы жағдай азаяр емес.

Осыған байланысты облыс аумағында  «Қауіпсіз терезе» ақпараттық-профилактикалық акциясы жүйелі түрде жүргізілуде. Шараның негізгі мақсаты – ата-аналар мен тұрғындарға балалар қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту, қайғылы жағдайлардың алдын алу.

Акция аясында Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті мамандары жаңа әрі тиімді тәсілдерді қолдануда.  Атап айтқанда, құтқарушылар дрондарды пайдаланып, көп қабатты тұрғын үйлердің терезе тұсына дейін ұшырып, дауыс зорайтқыш арқылы қауіпсіздік ережелерін еске салады.  Ашық тұрған терезелерді  жабу, сондай-ақ  москит торларына сенбеу қажеттігі туралы ескертулер берілді, – дейді Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы  Темірлан Айтжан.

Мамандардың айтуынша,  москит торлары балалардың салмағын көтере алмайды және қауіпсіздік құралы болып есептелмейді. Балаларды қорғау үшін терезелерге арнайы құлыптар мен бекіткіштерді уақытылы орнату қажет.

– Бүгінгі күнге дейін баспа басылымдарында 114 мақала жарияланып, 48 телевизиялық материал мен радиода 48 сөз сөйлеу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 40 159-дан астам ақпараттық жадынама таратылып, 917 профилактикалық рейд (аула аралау) және халықпен 95 кездесу өткізілді. Тұрақты негізде LED-экрандарда профилактикалық бейнероликтер көрсетіліп, радиохабарлар арқылы ақпараттық ескертулер берілуде. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен жаңалықтар интернет-ресурстарында 108 мақала жарияланып, 10 ақпараттық бейнематериал орналастырылды, – дейді Темірлан Темірханұлы.

Сонымен қатар, төтеншеліктер «Hani» кофеханалар желісімен бірлесіп «Қауіпсіз терезе» акциясы аясында арнайы дизайнмен безендірілген фирмалық стақандар шығарды. Жобаның басты мақсаты – ата-аналардың назарын балалардың қауіпсіздігі мәселесіне аудару және күнделікті өмірде маңызды қауіпсіздік ережелерін еске салу.

Облыс аумағындағы «Hani» желісінің барлық кофеханаларындағы фирмалық стақандарға QR-кодтар орналастырылған. Оларды сканерлеу арқылы тұрғындар балалар қауіпсіздігі қағидаларымен таныса алады.

Биылғы жылы барлығы 1 333 терезе бекіткіші орнатылды. Бұдан бөлек, адамдар көп жиналатын орындарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында балалар қауіпсіздігі мәселелері бойынша 500-ден астам QR-ақпараттық тақтайша орналастырылды.

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті №3 автобус паркімен бірлесіп, қалалық қоғамдық көліктердің сыртқы бетіне профилактикалық материалдарға сілтеме жасайтын QR-коды бар балалар қауіпсіздігіне арналған ақпараттық материалдарды орналастырды. Бұл бастама қала тұрғындарының назарын балалардың терезеден құлауының алдын алу мәселесіне қосымша аударып, халықтың қауіпсіздік шаралары туралы хабардарлығын арттыруға мүмкіндік береді.

Құтқарушылар ата-аналарды бейқамдыққа жол бермеуге шақырады. Себебі бір сәттік салғырттық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.

Қарағанды әкімдігі бұл бағыт бойынша Төтенше жағдайлар департаменті, полиция, прокуратура, балалар құқығын қорғау басқармасы және басқа да қызметтермен бірлесіп жұмыстар жүргізіп жатыр.

Қарағандыда жоғарыда айтылған жалпы саннан отбасыларға 380 терезе терезе бекіткіші орнатылды, соның арқасында 132 отбасы қауіпсіздікті қамтамасыз етті.

Қорғаныс заттарын орнатудан басқа, мамандар отбасыларға арнайы барып, ата-аналармен әңгімелесуді жалғастыруда. Сонымен қатар, «Қауіпсіз терезе» және «Қауіпсіз жаз» профилактикалық акциялары да жалғасын табуда.

Түрлі шаралар өткізгенімен мәселе толық шешімін табар емес. Негізгі себеп  неде? Мамандар «басты себептін бірі ересектердің немқұрайлылығы» дегенді айтады.

Ашық терезе жиі назардан тыс қалады, ата-аналар москит торына сенеді. Немесе бала бірнеше минут жалғыз қалса түк те болмас деген ойда болады. Бірақ дәл осы уақыт кейде қайғылы жағдайдың орын алуы үшін жеткілікті болып шығады.

– Алдын алу шаралары, рейд, сонымен қатар блокаторларды орнату ауыр жағдайды азайтады, бірақ ата-ана бақылауын толығымен алмастыра алмайды.  Мұндай оқиғалардың көпшілігі ескертудің болмауынан емес, қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұмытқаннан туындайды.

Осылайша, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндер  құтқарушылар емес, тіпті әкімдік емес. Ең алдымен, бұл ата-ананың өздері, олар қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтауы керек, – дейді Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы  Темірлан Айтжан .

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ