Бар жақсылық – балаларға!

Елімізде бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін арттыру – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі спорт нысанының, көпфункционалды кешендер мен ашық спорт алаңдарының санын көбейту үшін ерекше жағдай жасалуда. Астана күні қарсаңында Қарағанды облысында жүздеген шара өтті. Соның бірі ретінде Шахтинск қаласына қарасты кенттердегі балаларға тарту болды. Жазғы демалысқа шыққан оқушылардың қарасы қалың болған жиында оларға бірнеше ойын алаңы есігін айқара ашты.

Шахан кентінде  көпфункционалды корт құрылысы бітіп, балалардың көзайымына айналды. Бұл кешенге жасанды жасыл төсеніш (көгал) салынған. Алаңда хоккей, баскетбол ойнауға болады. Футбол добын тепкен жеткіншектердің жиналатын орнына айналарына сөз жоқ.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда  бұқаралық және балалар спортымен айналысуды қолжетімді ету үшін халықтың спортпен шұғылдануына мықтап ден қойыла бастады. Ол үшін әкімдіктерге мемлекеттік спорттық тапсырыс көлемін ұлғайту, қосымша балалар мен жасөспірімдер клубын, жеткіншектер спорт клубын ашу, мектеп және студенттер спорт лигасының жұмысын қайта бастау есебінен балаларға арналған тегін спорт секцияларын кеңейту жөнінде арнайы тапсырма берілді. Осы бүгінгі күні ашылып отырған спорттық корттар да осы істің айғағы. Өзім осы қалада 61 жыл өмір сүріп жатырмын. Қиын уақыттарды өткердік. Қазіргі таңда кентіміз түрленіп келеді. Халық саны да артуда. Жаңа жұмыс орындары ашылып, бұрын салынған үйлерге қайта жан біте бастады. Көптеген көпқабатты үй жөнделіп, үй кезегінде тұрғандарға беріле бастады, – деді корттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шахтинск қалалық мәслихатының төрағасы Жамала Мамерханова.

Қуаныштарын жасырмаған балалар да өз ойларымен бөлісті.

– Біздің кентте бұрын мектеп жанында ғана спорт алаңы болатын. Бұл ашылып жатқан кешенде балалардың доп тебе алатына қуанамын. Шағын футболдан облыстық құрамаға мүше бірнеше жасөспірім бар. Енді оларға жаттығатын орын бар. Жастарымызға спортпен шұғылдануға мүмкіндік беріп отырған әкімшілік қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз. Телефонмен, ғаламторға байланған балаларды бір мезгіл ойынға тартқан бұл корттар мен алаңдардың маңызы зор, – дейді Шахан кентінің спорттық нұсқаушысы Бидолда Болатбек.

Айта кету керек, Шахан кентінің балалары спортқа бейім. Бұл жерден бокс, футбол тағы да басқа спорт түрлерінен жеңімпаздар шығуда.

Былтыр 2009-2010 жылы туған балалар арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Қарағанды облысы бас жүлде иегері атанған болатын, осы құрамаға Шахан кентінің 3 футболшысы қатысып, мәртебесі өсіп қайтты.

Ал, Долинка кентінде сол күні үш балалар алаңы ашылды. Кент тұрғындарының қуанышын бөлісуге қатысқан Шахтинск қалалық маслихатының депутаты Алмас Омарбеков жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, спорт саласын жетілдіру бойынша жұмыстарға тоқталды.

– Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Себебі спорт – бұл денсаулық кепілі болумен қатар, сана мен ақыл-ойдың ашықтығын, төзімділік пен шыдамдылықты тәрбиелейтін басты құрал. Жаңадан ашылған спорттық нысанда балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануы үшін бар жағдай жасалып, ғимарат кенттің барлық баласы үшін қолжетімді болады. Спорт кешенінің іске қосылуы кенттің спортын қарқынды дамытуға, тұрғындардың спорттық белсенділігін арттыруға, чемпиондарды тәрбиелеуге зор септігін тигізетініне сенімім мол. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр жолдауында спортты дамыту бағытында нақты атқару қажет жұмыстарды айтып келеді. Осындай нысандардың ашылуы өңірімізде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетеді, – деді Алмас Омарбеков өз сөзінде.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *