Басшы келбеті

Халқымыздың тарихында ел басқарған және билікке араласқан әйелдер аз болмағаны мәлім. Мемлекет басшысы 2024 жылы 20 ақпан күні өткен Президенттік кадр резервінің форумында: «Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты. Тапсырылған жұмыстарына, қызметтеріндегі функционалдық міндеттеріне жоғары жауапкершілікпен қарайды. Сол себептен олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн» деген еді.

Осы тұрғыда Ақадыр кентінде орналасқан мекемелерде де әйел басшыларымыз жоқ емес. Олар білім ошақтарының – мектеп, балабақша-бөбекжай директорлары. Солардың ішіндегі бірегейі, облыс, аудан көлемінде ірі мектептің бірі болып саналатын – Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің директоры Түсіпова Гүлдәрия Әйкенқызы.

Гүлдәрия Әйкенқызы Шет ауданы, Үңірек ауылының тумасы. Ата-бабалары ауылшаруашылығының майталмандары. Үлкен әкесі Тоқмедия Түсіпұлы кезінде бабаларының кәсібін жалғастырамын деп Балқаш қаласынан ауылдық жерге әдейі қоныс аударған екен. Ұзақ жылдар бойы «Шет» кеңшарының (совхозының) «Қармыс» бөлімшесін басқарған.

Өз әкесі Әйкен Тоқмедияұлы да әкесіне тартып, шаруаның ебін жақсы білген. Техниканы меңгеруде, мал өсіруде нағыз еңбекқор адамның бірі болған. Кеңшарда автокөлік жүргізушісі  болса да, жекеменшік малын өсірген. Қазақтың төрт түлік малын қастерлеп, бағымдарында түйеден басқасының бәрі болған. Оның үстіне тұрған жерлері де Бұғылы-Тағылының баурайы. Ол жерді халқымыз «кіші Швецария» деп атайды. Тау-тасты да, ну тоғайды да, басқа жерде кездесе бермейтін аң-құстарды да сол жақтан табасыз. Ал енді шалғынының құнарлығын айтпай-ақ қояйық!

Заманның ағымымен өткен ғасырдың 90-шы жылдары Үкімет тарапынан ауылшаруашылығы жекешеленуге жатып, мемлекет иелігінен кете бастағанын бәріміз кешегі тарихтан білеміз. Сол кезде Түсіповтер әулеті де ел қатарлы шаруа қожалығын құруға бет алады. Әйкен әкелері шұрайлы Шортанды атты жерден үлестеріне жер алып, отбасына тиесілі мал, техникаларына қол жеткізген. Егін алқабынан да үлестері болған. Шаруа қожалығының атын «Ақ береке» деп атаған. Бүгінгі таңда шаруашылықты үлкен ағалары Тілеубай Әйкенұлы басқарады.

Әулеттің аналары Дәметкен Әбдіқасқызы 8 баланы дүниеге әкелсе де, шаруашылықтың жұмысынан қол үзбеген. Жезқазған облыстық кеңесінің депутаты болып, сайлаушыларының аманатын абыроймен орындап жүрген.  Москва қаласында өткен Кеңес Одағы Коммунистік партиясының съезіне де делегат болып қатысқан.

Бала Гүлдәрия өсе келе Үңірек ауылының Шет орта мектебіне барады. Ол кездері қазақ балаларының басым бөлігі орыс мектептеріне барғаны баршамызға мәлім. Әке-анасы да қыздарын сондай мектепке береді. Балалары оқуын жақсы оқиды. Әсіресе, орыс тілі және әдебиет пәндері оған қатты ұнайды. Өйткені, мұғалімі Ленинград мемлекеттік университетінің түлегі Губанова Анна Михайловна болады. 9-10 сыныптарда тағы да бір есімі облыс көлеміне танымал Ахметова Клара Ахметқызы сабақ береді. Екі ұстаз да бір-бірінен өткен, пәндеріне шын берілген, бойындағы білімдері мен тәжірибесін оқушыларына жеткізудің аса шеберлері болған. Екеуі де шындап айтқанда, орыс тілі мен әдебиетіне қызығушылық тудырып, шәкірттерін өз пәндеріне «ғашық етеді». Гүлдария Әйкенқызы мектеп бітірген соң қайтсе де филолог болам деп нық шешімін қабылдайды.

Межелеген мақсаты іске асып, Жезқазған педагогика институтының филология факультетіне оқуға түседі. Мектептегі ұстаздарынан алған білімін жоғарғы оқу орнында жетілдіре бастайды. Бар ынтасымен білім алуға кіріскен жас студент институт қабырғасынан терең білім алып шығады.

Қолына дипломын ұстаған Гүлдәрия Әйкенқызы 1987 жылы арнайы жолдамамен Ақадыр ауданына жіберіледі. Сол кездегі аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Ысқақов Нариман Ысқақұлының қабылдауында болады. Ол кісі жас маманға қарап отырып:

– Биыл біздің ауданымызға жіберіліп отырған филологтардың 17-ші адамысыз. Қазір сізді Ю.Гагарин атындағы мектебіне жіберемін. Егер ол мектеп сізді қалап жатса, сол жерге жұмысқа қабылданасыз. Қабылдамаса ауданның кенттерінің немесе ауылдарының бір мектебіне жібереміз, – деп шығарып салады.

Мектеп директоры Синельникова Мария Николаевна екен. Бірден оқу ісі жөніндегі орынбасарын, орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісін өзіне шақырып алады. Алдындағы жас мамандарды қабылдамағаны болса да, жас маман ештеңеден именбейді. Өткізген сұқбатында сұрақтарының бәріне дұрыс жауап береді. Абырой болғанда сынақтан сәтті өтіп жұмысқа қабылданады.

Осы күннен бастап Гүлдәрия Әйкенқызының білім саласындағы жаңа өмірі басталады. Бұрын қатардағы оқушы, студент болса енді шәкірттеріне сабақты өзі беру керек. Тәжірибесі бар әріптестерімен тез тіл табысып, жылдан-жылға ұстаз ретінде шыңдала бастайды.  Уақыт өте мектеп әкімшілігінің көзіне түсіп, директордың ғылыми жұмыстары бойынша орынбасары қызметіне бекітіледі.

Гүлдәрия Әйкенқызы мектепте істеген кезі жайында:

– Институтты бітірген бетте Ақадыр кентінің Ю.Гагарин атындағы мектебіне мұғалім болып кірдім. Аудан бойынша ең ірі мектеп, ұжымы да үлкен. Тәжірибелі ұстаздардың ақыл-кеңесін тыңдап, басқа әріптестеріммен, қатарластарыммен тіл табыса бастадым. Жазғы каникул уақыттарында сол кездегі өте тәжірибелі ұстаз Томпиева Марал Иманқызы екеуміз оқушыларды Александр Пушкин, Лев Толстой, Николай Некрасов, тағы басқа ақын-жазушылардың туған жерлеріне экскурсияға апаратынбыз. Отызға тарта балаларға ие болу, аман-есен апарып келу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бірге ала барғанда ер бала болсын, қыз бала болсын бастарына сары бантик байлап қоямыз. Өйткені, олай жасамаса метроларда немесе көпшіліктің ортасында балалардан көз жазып қалу қаупі болды. Мұндай сапарларымыз Мәскеу және оның маңайындағы «Ресейдің алтын шеңберіне» (Золотое кольцо России) жататын қалаларға болды, – деп жымия есіне алып жатты.

– Ұстаздық кезімде және кейін директордың ғылыми жұмыстары бойынша орынбасары болып істеп жүргенде мектебімізде оқитын талай дарынды оқушыларымызды баулып, олимпиадаларға, түрлі пәннен жобаларды қорғау шараларына апаратынбыз. Атап айтсам, Серік Әйгерім Алматы қаласында география пәнінен өткен Халықаралық жоба қорғау жарысында ІІ орынға қол жеткізсе, тағы бір осындай дәрежедегі жарыста Исмақов Әділ физика пәнінен Байқоңыр қаласында жүлделі ІІ орыннан көрінді. Алпамышев Абзал деген оқушымыз Астана қаласында география пәнінен өткізілген олимпиадада жүлделі орын алды.

Ал енді, өзімнің тікелей оқушыларыма келсем, орыс тілі және әдебиет пәндерінен оқушым Есполова Динара Алматы қаласындағы олимпиадада ІІІ орынды жеңіп алса, Аринова Әсел «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері атанды. Бұлар тек ғана халықаралық, республикалық деңгейде жоғарғы орындардан көрінгендер. Ал, облыстық, аудандық олимпиадаларда, жоба қорғау жарыстарында жеңімпаз, жүлдегерлер атанғандары қаншама! Әрбір жылда мектептің абыройын көтеріп жүргендердің саны орта есеппен 20-25 адамдарға дейін баратын, – деп әңгімесін жалғады.

Гүлдәрия Әйкенқызы 2012 жылдың аяғында кенттегі мектепке дейінгі білім беру мекемелер арасында қара шаңырағы болып саналатын «Балбөбек» балабақшасының директорлығына конкурсқа түседі. Бір жарым жылдай уақыт осы мекемені басқарады. Азғантай уақыт ішінде біраз ауқымды жұмыстар тындырады. Ол кезде кентімізде балабақшаға орындар тапшы болатын. Осы жағдайды ескере келе, балабақшаға баратын балалардың санын 140-тан 185-ке дейін жеткізеді. 1950 жылдары салынып, біраз тозығы жеткен ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ең алдымен ескі ағаш терезелерін пластикке айырбастауды ұйымдастырады. Ғимараттың ішіне, сыртына ағымдағы жөндеу шараларын жасатады. Бір сөзбен айтқанда, ескіре бастаған балабақшаға «жан кіргізеді».

Бір күні балабақша директорын Шет ауданының әкімі Әбдікеров Рысқали Қалиақбарұлы жеке қабылдауына шақырады. Оның себебі де бар еді. Облыс әкімі тарапынан Ақадыр кентінің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының негізінде заманауи талаптарға сай жабдықталған 160 орындық балабақша салынып біткен болатын. Енді сол жерге жұмысты жоғары деңгейде жүргізе алатын іскер басшы керек болып жатқан. Аудан басшысы бірден іске көшіп:

– Гүлдәрия Әйкенқызы, сіз аудан көлеміндегі тәжірибесі мол мекеме басшыларының бірісіз.  Астарламай, шынымды айтайын. Кентте қалалардағы балабақшалардан кем емес жаңа бақшаның салынып біткенін жақсы білесіз. Жаңа болған соң ол жерге жұмысты жақсы білетін, шебер басқара алатын басшы керек. Өйткені, бұл мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында тұр. Сондықтан мекеменің директорлығына сіздің кандидатураңызды қалап отырмыз, – деп ұсынысын жеткізеді.

Аудан әкімінің ұсынысынан қалай бас тартуға болады?  Жаңа қызметке келісімін беріп ауылға қайтады.

Шынында да, жаңа балабақша заманауи талаптарға сай жабдықтарымен, қондырғыларымен қамтылған. Іші-сыртының бәрі жалт-жұлт етіп, көздің жауын алады. Жөндеу шараларымен айналысудың тіптен керегі жоқ. Тек кадрларды іріктеп, жұмысыңды жүргізсең болды. Содан жаңа балабақшада – жаңа тіршілік басталып кетеді. Бұл жерде талапшыл, бастамашыл басшының балабақшаға жасаған бір ісін ғана айтып өтсем жеткілікті болар. Жұмысына кіріскен бетте ең алдымен балалар арасында робототехника бағытын іске кіргізуге күшін салады. Ол үшін бюджеттен қаражат сұрап, керекті жабдықтарын алғызады. Роботехника кабинеті ашылады. Балабақшалардағы роботехниканы игеру балалар үшін жаңа бағыт болып табылатыны сөзсіз. Бұл тек оларды құрастыру ғана емес, сонымен қатар балалардың техникалық болжаудағы дағдыларын, мақсатқа жету үшін жұмысты құру қабілеті және ұжымда жұмыс істей алу іскерлігін дамытады. Осы саланы игере бастаған балғындар халықаралық, республикалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрді.

Қай жерде болсын басшылық жұмысын көрсете білген Гүлдәрия Әйкенқызы 2021 жылы аудандық білім бөлімінің шешімімен өзі еңбек жолын бастаған Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейіне уақытша директордың міндетін атқарушысы болып тағайындалады. Бір жылдан кейін конкурсқа қатысып сол орнына бекиді. Мектепте 135 ұстаз 1 176 оқушыға сабақ береді. 44 қазақ тіліндегі, 16 орыс тіліндегі сынып бар.

Осы мектепті басқарғаннан бері ұжымы үлкен жетістікке жетті. Ол республика бойынша ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада көрсеткен үздік нәтижелері үшін республика көлемінде «Ең үздік ауыл мектебі-2024» атағына ие болғаны. Сонымен бірге ол басқарып отырған мектеп 2024 және 2025 жылдары облыс әкімдігінің ұйғарымы бойынша екі жыл қатарынан «Үздік команда» болып танылып отыр. Жақында облыстық «Ұлттық мектеп лигасы» аясында мектеп волейболшылары: ер балалар І орын, қыз балалар ІІІ орын алып, республика додасына жолдама алды.

Міне, еңбек жасаған әрбір жылдары «Үздік ауыл мұғалімі» болып танылған, ҚР Оқу-Ағарту Министрінің, Қарағанды облысы және Шет ауданы әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, Алғысхаттарымен марапатталған, «Педагог-зерттеуші», екінші санатты басшы, Шет ауданы мәслихатының бірнеше шақырылымының депутаты болып сайланған Түсіпова Гүлдәрия Әйкенқызының еңбек жолы осындай.

Осы сұқбаттты алу барысында мен Түсіповтер әулетінің ауызбіршілігіне, ұйымшылдығына тәнті болдым. Сегіз ағайынның ішінде ең үлкені ағалары Тілеубайдан кейін алтауы қыз бала болса, кенжелері тағы бір ұл екен. Ағалары инженерлік қабілеті бар, техниканың тілін әбден меңгерген бесаспап болса керек. Бір жылдары өз қолымен әмбебап трактор жинаған екен. Ол кішкентай техника шөпті де шабатын (үш шалғысы, артында тырнауышы бар), жүк те, су да таситын, шаруашылыққа нағыз қажет техника болғаны анық. Қарағанды қаласында өткен бір көрмеде жақсы бағасын алған.

«Ақ береке» шаруа қожалығының науқандық шараларына барлық күйеубалалары келіп сақманда, қой қырқуда, қи ойып шығаруда, шөп шабуда, оны тасуда, егін оруда жақсы көмек көрсеткен. Қайынағалары барлығына дән риза болып жүріпті. Бір күні дастарқан басында отырғанда Тілеубай ағалары:

– Мына жерде барлығымыз жиналып отырғанда шын көңіліммен өздеріңе алғысымды айтқым келеді. Менің шаруашылығыма келіп, қиын сәттерде үлкен көмек бересіңдер. Ризалығым ретінде біреуіңе автокөлік алып берейін. Өзара келісіп кімге беретінімді айтыңдар, – деп ұсынысын айтқан. Бажалар келісіп бірауыздан Гүлдарияның жұбайы Мейрамбек Балтаұлын ұсынады.  Себебі, ол да техника жағына мығым, дәнекерлеу жұмыстарын, басқа шаруаларды жасап беріп жүрген. Пайдасын жақсы тигізген. Сол кезде әп-сәтте Мейрамбек Бурлиновтың отбасы судай жаңа ВАЗ-2107 көлігіне ие болған екен.

Мейрамбек Балтаұлы көп жылдар бойы Әскериленген күзет бөлімінде жұмыс атқарған. Бүгінгі таңда кәсіпкерлікпен айналысады. Зайыбымен екеуі екі ұл тәрбиелеп өсірген. Үлкендері Бекболат Қостанай қаласының Жоғары полиция мектебін бітірген. Полиция подполковнигі. Қарағанды қаласындағы қылмыстық-түзету тәртібі жөніндегі комитетке қарасты мекеме басшысының орынбасары. Сүйген жары Әсем Кенжебайқызы, мамандығы невропатолог-дәрігер, Айлана есімді қыздары бар.

Кіші ұлдары Нұрсұлтанның мамандығы энергетик, Көлік инженерлері Академиясында оқыған. Ақадыр электрмен жабдықтау дистанциясының директоры қызметін атқарған. Қазіргі кезде Астана қаласында «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясында бөлім басшысы. Өмірлік зайыбы Қарлығаш Думанқызы Қарағанды политехникалық университетінің радиоэлектроника факультетін бітірген. Екеуі Айсұлтан есімді ер баланы тәрбиелеп отыр.

Әңгімеміздің соңында кейіпкеріміз Гүлдәрия Әйкенқызына жаңа табыстарға жетіп, жаңа белестерді ала беріңіз демекпіз.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *