Бұдан жиырма жыл бұрын «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қоры құрылған болатын. Аты айтып тұрғандай бұл қор қайырымдылық жасап ауылдағы ағайынның әлеуметтік жағдайын жақсарту жолына түсті.
2023 жылы құрылған «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қорының алғашқы Президенті Арқаға ғана емес, жалпы Алаш жұртына белгілі физик-ғалым, техника ғылымының докторы, профессор, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Университет ректорларының халықаралық ассоциациясының мүшесі Жамбыл Ақылбаев ағамыз болды.
Жамбыл ағамыздың басқаруымен 2005 жылы ас беріліп, бабалар рухына арналып құран оқылып, еліміздің төрт бұрышынан ғана емес алыс-жақын шетелден де Керней баба ұрпақтары мен қонақтар келіп, бір шүйіркелесіп, табысып қалды. 150 киіз үй тігілді. Қорға жиналған ақша ауылдардың әлеуетін жақсартуға бағытталды.
Бұл үрдіс тоқтап қалмай 2015 жылы да ас ұйымдастырылды.
Жамбыл ағамыз салып кеткен сара жолды бірнеше жыл Алашқа белгілі жазушы, этнограф Төрехан Майбас атқарды. Кейін Төрехан ағамыз жас та болса бас болсын деген ниетпен Президенттікті елге белгілі кәсіпкер, меценат Ұлан Әбдіхановқа тапсырды.
– Қор өткізетін астардың ерекшелігі – мұнда әдеттегідей ішіп-жеп, бәйге мен көкпар, басқа да ұлттық спорт түрлерін ұйымдастырумен шектелмейді. Шет ауданындағы ауылдардан шыққан дарынды, талапты, білімді жастарға қаржылай көмек көрсетеді. Сонымен қатар, сондағы мектептер мен ауруханалар секілді ауыл жұртына ауадай қажет нысандарға демеушілік көрсетеді, – дейді Ұлан Әбдіханов.
Айта кету керек, «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қоры пандемия (COVID-19) кезінде аудандық және ауылдық ауруханаларда қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, тыныс аппараттары жетіспей жатқан кезде қор 5 млн теңгеден астам қаражатпен қолдау көрсетті. Қыруар қаражатқа аудандық ауруханаларға жасанды тыныс алу аппараттарын сатып алып берді.
Кейін елімізде болған көктемгі су тасқыны кезінде де бір жарым ммиллион теңгеден астам қаражатқа қиын жағдайға тап болған ауылдағы ағайынға қолдау көрсетті.
– «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қорының басым бағыты – қайырымдылық пен игі істерді атқару. Мәселен, биыл өтетін астың аясында облыс аумағында орналасқан 4 ауылдық мешіттің әрқайсысына 500 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Бұл қаражат мешіттің айналасын абаттандыруға, қажетті заттар алуға жұмсалады. Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы, Ақадыр, Ақшатау, Ақжал кентіндегі, Жұмыскер, Қайрақты ауылдарындағы озат оқушыларға, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан әр түлекке, яғни, 26 оқушыға 100 мың теңгеден ақшалай сертификат берілді, – деді Ұлан Әбдіханов.
Сонымен қатар, алдағы уақытта Қор тарапынан Шет ауданында орналасқан фельдшерлік-акушерлік бөлімнің біріне қажетті құралдармен жабдықталған жедел жәрдем көлігі сыйға тартылады. Ақжал кентіндегі әлеуметтік аз қамтылған, мұқтаж отбасына ас аясында пәтер кілтін табыстамақ.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп бекітті. Осыған байланысты назардан тыс қалып жататын ауыр еңбек адамдары насихатталуда. Қор қоғамдық қайырымдылық аста «Жұмысшы мамандықтарының жылы» және Металлургтер күні аясында «Нова Цинк» компаниясында жұмыс істейтін 5 азаматқа Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар беріп, құрмет көрсетеді, дейді Ұлан бауырымыз.
Тағы да бір игілікті іс – Қор қаражатына Ақжал кентіндегі Көкшағыр алаңындағы бір жарым шақырымдық бес көше асфальтталды
Биыл өтетін ас этно-мәдени форматта өтеді. 165 киіз үй тігіліп, аламан, құнан, топ бәйге ұйымдастырылады. Күрес, садақ ату, қошқар көтеру секілді ұлттық спорт түрлерінен спортшылар бақ сынайды. Сонымен қатар, «Жәдігер» қолөнер орталығының арнайы көшпелі көрмесі өтеді.
Басқа асқа қарағанда өзгешерек өтетін ас 25 шілде күні Ақжал кентінде Керней өнерпаздарының концертімен басталып, 26 шілдеге ұласады. Қапы қалмаңыз, ағайын!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ