Қарағанды облысы соғыстың алғашқы күндерінен-ақ бір кісідей көтерілді. Майдандағы армия қатарына 59935 адам барды. Өңіріміздің азаматтарымен 72-ші Красноград, 387-ші Перекоп және 310-шы Новгород атқыштар дивизиялары жасақталды.
Мәскеу түбіндегі шайқаста – 1267 адам, Ленинград үшін шайқаста – 1949, Сталинград түбінде – 2187, Курск иінінде – 1405, Украинаны азат етуде – 6869, Белоруссияда – 688, Балтық бойында – 823, Шығыс Еуропа халықтарын азат етуде – 934, Берлинді алуда – 375, жапон милитаристеріне қарсы соғыста – 39 қарағандылық, яғни майданға аттанғандардың әрбір төртінші адамы еліне оралмады.
Бүгінгі күнге дейін туған жерінен топырақ бұйырмаған боздақтарды іздеу жалғасуда.
Біреуі әкесін, бірі атасын іздестіруде.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қарағанды облысында ерекше оқиға болды. Қаза тапқан сарбаздар жерленген мазарлардан топырақ жеткізілді. Олар хабар-ошарсыз жоғалып кеткен солдаттар, және марқұмдардяң ұрпақтары туыстарының тағдырын білу үшін қаншама уақыт пен күш жұмсаған.
– Біз Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жоғалғандарды алты жыл бойы іздестіріп келеміз. Игі іспен айналысамыз. Осы жылдар ішінде бізге он мыңнан астам өтініш келіп түсті. Төрт мың сұрау бойынша сарбаздардың жерленген орындары анықталды. Бүгін Қарағандыға өңірден майданға шақырылған екі жауынгер – Әкімжан Айдосов пен Кәрім Әбдіғалымовтың жерленген жерінен топырақ жеткізілді. Сондай-ақ, тағы екі жауынгердің туыстарына жерлеу орындары көрсетілген хаттарды табыс етеміз, – деді «Atamnyn Amanaty» ҚБ іздеу тобының үйлестірушісі Марфуза Сүлейменова.
Күлшікен Кәрімова әкесінің қабірінен алынған топырақ салынған қапты алып, көз жасын тыя алмады. Ол майданға кеткенде Күлшікен апа бір айдан енді асқан еді. Іздеу жүйелерінің арқасында қаза тапқан жауынгердің Сербияда, Заечар ауданында жерленгені анықталды.
Әкімжан Айдосов 148-атқыштар дивизиясы сапында кескілескен шайқастардың бірінде қаза тапқан.
– Сонда 242 номерлі Андосов Акимжан деп жазылған екен. Анау қалған мәліметтерді қарағанда Айдос деп табылғаннан кейін балама хабар келген ғой. Содан міне бауырым волонтерлармен сөйлесіп, армандаған арманыма жетіп отырмын, – Әкімжан Айдосовтың қызы Мүгілсім Айдосова.
Әкімжан Андосов Смоленск облысында жерленген. Оның зиратын табуға ресейлік «Переправа» іздестіру жасағы көмектескен.
Сондай-ақ, хабар-ошарсыз кеткен сарбаздар Назамбай Аймұлдинов пен Ғабдыжан Мұқатовтың ұрпақтары Atamnyn Amanaty компаниясынан көмек сұраған.
Подполковник Алмас Ғаділ Сарандағы 44803 әскери бөлімінде қызмет етеді. Ол үлкен атасының тағдырын білді.
Оның Польшада жерленгені анықталды.
– Майданға аттанған менің ата-бабаларымның төртеуі хабар-ошарсыз кетті. Көп жылдар бойы олар туралы кішкене болсын ақпарат табуға тырыстық, хат жаздық. Бірақ ешқандай мәлімет болмады. Олардың бірі Ғабдыжан Мұқатов бойынша оның зираты Польшада, Келец воеводствосында орналасқандығын хабарлады. Егер мүмкін болса, жазда ол жаққа ұшқым келеді. Біз іздеу жүйелеріне алғысымызды білдіреміз, – деді Алмас Ғаділ.
Әкесінің бауырын іздеген отставкадағы әділет подполковнигі, «Қызыл Жұлдыз» орденінің, Ішкі істер министрлігінің үздік қызметкері белгісінің иегері Иген Молбасин болса, әлі күнге дейін күдер үзбегендерін айтады.
– Әкемнің бауыры – Молбасыұлы Тоққожа Қарағандының ФЗО мектебін бітіріп, 1939-1941 жылдары Балқаш кен-металлургия комбинатында жұмыс істеген.
1942 жылғы 15 ақпанда Ақмола қалалық әскери комиссариатынан соғысқа алынып, Сталинград шайқасына қатысқан. Еуропаны фашизмнен азат ету жолында жанын аямай, 1944 жылы сәуір айында майдан даласында хабарсыз кетті. Тоққожа әкеміздің артында Әрін, Аманжол және Бәтес атты үш баласы қалды. Көп ұзамай жолдасы да дүниеден өтіп, балалары нағашыларының қолында қалып қояды. Әкем бауырының балаларына тынбай іздеу салып, 20 жыл өткен соң Ақмола облысы Қорғалжын ауданынан табады. Үш баладан өніп-өскен ұрпақтары бар.
Тоққожа әкеміздің жерлерген жері белгісіз. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің деректер базасынан жылдар бойы іздеу салып келеміз. Әзірше нәтиже жоқ, – дейді Иген Молбасин.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ