Құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті елімізді ауқымды жаңғыртуға бағытталған жаңа ұзақмерзімді стратегияны таныстырды. Бұл бастамалар биліктің барлық тармағын – сот, заң шығарушы және атқарушы билікті, орталық және өңірлік деңгейлерді толық қамтыды.
Біріншіден, парламенттік реформа туралы айтылды. Жоғары өкілді органды жаңғырту – бұған дейін жүргізілген барлық өзгерістің, соның ішінде президенттік билік реформасының заңды жалғасы. Парламенттік реформа – мемлекеттік билікті трансформациялаудың ең жауапты кезеңдерінің бірі. Ол ел тағдырына тікелей әсер етеді және қоғамның барлық қабатында терең талқылау мен жан-жақты сараптауды талап етеді.
Екіншіден, Ата Заңымыздың бірқатар нормасын қайта қарау, институционалдық тетіктерді жетілдіру, сондай-ақ заң шығарушы биліктің құрылымын алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені ескере отырып жаңарту қажеттігі туындап отыр. Осыған байланысты, мемлекеттілік жүйесінің дамуын және азаматтардың саяси мәдениетінің артқанын ескере отырып, Президент бұл аса маңызды мәселені халықтың талқысына шығаруды ұсынды.
Өткен отыз жыл ішінде Сенат мемлекеттік құрылыстың тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында маңызды тарихи миссияны абыроймен әрі тиімді атқарды. Жоғарғы палата заң шығару үдерісін жүзеге асыруда ғана емес, өзге де түбегейлі реформаларды іске асырудың басты тетігі әрі кепілі болып келді және солай бола береді.
Бүгін әлем адамзат үшін оңай болмайтын жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Жаһандық державалар мен мемлекетаралық бірлестіктер арасындағы қайшылықтар күшейіп келеді. Халықаралық қатынастардағы шиеленіс пен агрессияның артуы соғыстар мен қақтығыстар санының көбеюіне әкелуде. Осындай жағдайда жоғарғы билік деңгейінде, яғни президенттік институт аясында реформалар жүргізу аса маңызды.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған барлық Жолдауында азаматтарды шешім қабылдау үдерісіне кеңінен тарту мәселесіне әрдайым ерекше назар аударып келеді. Осыған орай, Халық Кеңесін жоғары консультативтік орган ретінде құру – қоғамның өзекті мәселелерді жедел шешуге деген сұранысына толық жауап береді. Халық Кеңесінің құрамына 126 адам енеді: этномәдени бірлестіктерден, мәслихаттардан және қоғамдық ұйымдардан 42 өкілден. Кеңес отырыстары жылына бір рет өткізіледі.
Саяси жүйені жаңғырту үдерісі жалғасуда. Қазақстанда Президент тағайындайтын вице-президент лауазымы енгізіледі. Мемлекеттік кеңесші қызметі жойылады. Жаңа бірпалаталы Парламент бес жыл мерзімге сайланатын болады. Жаңа Парламент 145 депутаттан (қазіргі 148-дің орнына) және 8 комитеттен тұрады. Депутаттар партиялық тізім бойынша сайланады. Сондай-ақ Президенттік квота мен Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасынан бас тарту ұсынылып отыр. Саяси партиялардың рөлі күшейе түседі, өйткені пропорционалды жүйе бойынша Парламентке өту үшін белгіленген 5 пайыздық межe өзгеріссіз қалады.
Біздің, депутаттар мен барлық деңгейдегі қоғам белсенділерінің басты міндеті – сайлаушылар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Біз Қазақстан Республикасының Президенті ұсынған барлық реформалар еліміздің дамуына қуатты серпін беріп, оның әлеуетін арттыратынына кәміл сенеміз.
Қадиша ОСПАНОВА,
«Amanat» партиясы, облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы
