Бірлігі жарасқан біртұтас ұлт

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл. Атаулы дата ел көлемінде кеңінен аталып өтіп жатыр. Қарағанды облысының жұртшылығы да бұл торқалы тойдан қалыс қалған жоқ. Жақында облыс орталығындағы “Достық үйінде” “Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл” тақырыбында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясы өтті.

Жалпы, облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын тойлауға айрықша көңіл бөлініп отыр. Биыл 50 мыңға жуық адамның қатысуымен бір жарым мыңға тарта іс-шара өтті. Олардың ішінде патриоттық, экологиялық және қайырымдылық акциялары бар. Достық үйінде өткен басқосуда бірегей қоғамдық институттың жетістіктері мен маңызды жобалары туралы айтылды. Жиын барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сөз алды.

Бүгінгі сессия Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өтіп отыр. Бұл – еліміз үшін тарихи кезең. Қазіргі таңда Ассамблея жалпыұлттық келісім мен бірлікті нығайтудың мызғымас тірегіне айналды. Және де Қарағанды облысының Ассамблеясы бұған өз үлесін қосуда. Яғни мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалогты қалыптастыруға айтарлықтай ықпалын тигізуде, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ аймақ басшысы бүгінде “Достық үйінде” 24 облыстық этномәдени бірлестік пен өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымдары орналасқанына тоқталды. Жалпы, Қарағанды облысының Ассамблеясының басшылығымен аймақта 220-дан астам ұйым жұмыс істейді. Олардың жұмысы маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған.

Аймақ басшысы облыстағы аналар мен ақсақалдар кеңесінің жұмысының тиімділігін және олардың отбасы институтын нығайтуға және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге қосқан баға жетпес үлесін атап өтті. Мысалы, қарағандылық қоғам қайраткерлерінің бастамасымен қолға алынған “Адал азамат” тәрбиелік бағдарламасы қазір бүкіл ел көлемінде енгізіліп жатыр.

Жастар да ассамблея жұмысына белсенді араласып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының жобалары арасында жастарға арналған жобалар баршылық. Солардың бірі – жас ғалымдар клубы. Жаңадан құрылған клуб жас талаптардың өздерінің ғылыми ізденістерін жүргізуге барынша мүмкіндік беріп отыр. Дарынды жастарды қолдап, армандарын жүзеге асыруға жол ашуда.

Сонымен қатар Ассамблея өкілдері ел басына түскен қиын-қыстау уақытта да шет қалған емес. Мәселен, елдің батысын су басқан жылы Ассмаблея мүшелері қор жинап, зардап шеккен өңірлерге қайырымдылық керуендерін жөнелтті.

Этномедиация кеңесінің де қоғамда татулық пен тұрақтылықты сақтауға көмекгі көптеп тиюде. Ассамблея мемлекеттік тілді дәріптеуге, еңбексүйгіштік пен кәсібилік құндылықтарын ілгерілетуге өлшеусіз үлес қосып келеді. Мысалы, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер өкілдері “Таза Қазақстан” республикалық акциясына белсенді атсалысып, бір кісідей қолдады. Бірнеше мәрте экологиялық сенбіліктерге ұйытқы болып, туған өлкелерін көгалдандыруға араласып келеді. Бұл Ассамблеяның мұрындық болуымен, белсене аралсуымен жүзеге асқан жұмыстың бір бөлігі ғана. Басқа да игі істер мен маңызды бастамалар көп.

Бұл сессияда да жаңа идеялар көпшілік талқысына ұсынылды. Мәселен, Ассамблея мүшесі Вадим Басин Qarmet компаниясының “Достық үйін” ашуды ұсынды. Облыс әкімі бұл идеяны қолдап, ел Президентінің қоғамдық келісім инфрақұрылымын кеңейтуді тапсырғанын айтып өтті. Осы орайда Ермағанбет Бөлекпаеві өзге қалалар мен аудандарда “Достық үйлерін” ашу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Ассамблея өкілдері арасында мәслихаттар депутаттары да бар. Осы жерде облыстық мәслихаттың “Бірлік” депутаттық тобының қызметі туралы Иван Георгиади баяндады.

Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайда “Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар” бірегей қоғамдық жобасы бастау алды. Бұл – жай ғана бастама емес, уақыт талабына қарай қолға алынған жоба. Бұл – тұрақты болашаққа бірге жету үшін өкілетті билікті, мемлекеттік органдар мен Ассамблеяны біріктіретін көпір. “Бірлік” депутаттық тобы 15 адамның басын қосты. Олардың жетеуі – ҚХА мүшелері. Біз халықтың қалай өмір сүріп жатқанын, тұрмысын жақсы білеміз. Ассамблея – тек диалог алаңы ғана емес. Онда түрлі этностардың тағдыры өрілген. Мен өзім грек ұлтының өкілі болғаныммен, рух жағынан қазақстандық ретінде қалыптастым. Менің көрген тәрбиемде ана тілді, дәстүрді құрметтеу – абстракция емес, тәрбиенің негізі. Біздің күшіміз – алуан түрлілікте. Біз Қазақстанды бірге құрып жатырмыз. Біз – біртұтас ұлтпыз, – деді Ассамблея өкілі.

Қыркүйек айында Қарағанды облысында республикалық аналар кеңесі өтеді. Осыған орай жақын уақытта дайындық жұмыстары басталады. Облыстық ассамблеяның өңірдегі қоғамдық ұйымдармен және институттармен өзара іс-қимыл картасы әзірленбек.

Жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенділері мен этномәдени бірлестіктердің басшылары ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін марапатқа ие болды. Осы жерде “Видергебурт” неміс орталығы” облыстық қоғамының құрметті мүшесі Виктор Кист “Парасат” орденімен  марапатталды. Сондай-ақ облыс әкімі бірнеше адамға “Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл” мерейтойлық медалі мен Алғыс хаттар табыс етті.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *