Бизнестің бағыты айқындалған басқосу

«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы алаңында «Шағын және орта бизнесті дамыту: сын-қатерлер, мүмкіндіктер, қолдау» тақырыбында Кәсіпкерлер форумы өтті.

Форум билік пен бизнес арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Форум жұмысына облыстың әртүрлі қалалары мен аудандарынан келген 200-ден астам шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ: Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисов,

Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Азамат Сүлейменов, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары және іскер қауым өкілдері қатысты.

Жиында шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік және мемлекеттік емес қолдау шараларын жетілдіру, әкімшілік кедергілерді азайту, сондай-ақ білікті кадрларды даярлау мәселелері талқыланды.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов шағын және орта бизнестің өңір экономикасының негізі екенін атап өтті.

Ол қолайлы бизнес-орта қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту және кәсіпкерлерге нақты құралдар ұсыну бағытында жүйелі жұмыстың маңыздылығына тоқталды.

– Бизнес – мемлекеттің сенімді серіктесі. Жаңа ынтымақтастық форматы кәсіпкерлікті барлық деңгейде жүйелі қолдау тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ашық диалог пен өзара іс-қимыл арқылы ғана өңір экономикасын тұрақты дамытуға қол жеткізе аламыз, – деп атап өтті Ермек Алпысов.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисов Палата қызметінің нәтижелері мен қолдау шаралары туралы баяндады.

– Өңірде кәсіпкерлердің бірқатар өзекті мәселесі шешілді. Оларды қолдау мен құқығын қорғау жұмыстары күн сайын жүргізілуде. Бизнес субъектілерінің құқығы мен заңды мүддесін қорғау – Палата жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Біз мемлекеттік органдармен, партиямен және кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істейміз, – деді Ернар Дауылұлы.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков партия кәсіпкерлікті дамытуды стратегиялық басымдық ретінде қарастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, ШОБ – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды қозғаушы күші, жаңа жұмыс орындарын ашатын тірек сала.

– Партия Төрағасы Ерлан Жақанұлының тапсырмасымен  партиямыздың облыстық және аумақтық филиалдарында үйлестіру кеңестері құрылды. Бұл кеңестер бизнес қауымдастығы мен билік арасындағы байланыс пен өзара әрекеттестікті нығайтуға, ортақ шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, –  деді Бекзат Алтынбеков.

Форум барысында «Құқықтық көмек», «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» партиялық жобалары бойынша сараптамалық кеңестер, өңірдің табысты кәсіпкерлерінен шеберлік сабақтары өтіп, салықтық әкімшілендіру, қаржылық сауаттылық және бизнесті цифрландыру тақырыптары талқыланды.

Сонымен қатар,  «Сұрақ-жауап» сессиясы барысында кәсіпкерлер билік пен партия өкілдеріне тікелей жүгініп, салықтар, қолдау шаралары мен мемлекеттік бағдарламаларға қатысу шарттары бойынша сұрақтар қойды.

Форум бизнес пен билік арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады. Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлік мәселелері жөнінде ұсыныстарды қарастыратын және шешімдер қабылдайтын «AMANAT» партиясы жанынан Бірыңғай үйлестіру кеңесінің құрылатыны жөнінде жарияланды.

Кәсіпкерлер форумы аясында Қарағанды облысы әкімдігі мен «AMANAT» партиясының облыстық филиалы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат билік пен бизнестің серіктестігін нығайтуға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және өңір экономикасына цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған.

Меморандум аясында кәсіпкерлікті және шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылатыны жарияланды. Бұл кеңес кәсіпкерлердің мәселелерін зерделеп, нақты ұсыныстар әзірлеумен және бірлескен жобаларды іске асырумен айналысады. Кеңес – билік, партия және бизнес өкілдері арасындағы тұрақты диалог алаңына айналмақ.

«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Қомарұлы Алтынбеков атап өтті:

– Ынтымақтастық туралы меморандум мен Үйлестіру кеңесінің құрылуы – билік пен бизнестің жүйелі әріптестігін қалыптастырудағы нақты қадам. «AMANAT»  партиясы әрқашан ашық диалог пен әділ шешімдерді қолдайды. Біздің мақсатымыз – өңір экономикасын дамытуға үлес қосып жүрген әрбір кәсіпкерді қолдау, – деді Бекзат Алтынбеков.

Шара соңында жас кәсіпкерлерге «Шағын және орта бизнес үшін цифрлық маркетинг» атты 8 апталық оқу бағдарламасына қатысу сертификаттары табысталып, партия қатарына жаңа мүшелер қабылданды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ