Қарағанды облысында ауылдарда жұмыс істегісі келетін жас медицина мамандарын ынталандыру бағдарламасы жалғасуда. Қазір көтерме төлемақы 5 миллион теңгені құрайды. Биыл ақшалай көмек 8,5 млн теңгеге дейін өседі. Бұл қолдаудың нәтижесі қазірдің өзінде көзге көрініп отыр: ауылдық жерлерде дәрігерлер тапшылығы төмендеуде. Тек өткен жылдың өзінде ғана 61 жас маман ауылдарға көшіп барған екен.
Бұқар Жырау ауданы Ботақара кентінде жас дәрігерлер қалай өмір сүріп және жұмыс істеп жатқанын көрсетті.
– Мен өзім 90-жылдардың соңында қаладан жұмысқа келдім. Ол уақытта мұндай бағдарламалар болған жоқ. Қазір жас мамандар үшін әлеуметтік пакет өте жақсы, бұл ауылда жұмыс істеуге керемет ынталандыру, — дейді Бұқар Жырау ауданының ОАА басшысы Данияр Қожабаев. — Ауруханада материалдық-техникалық база жаңартылуда, біз заманауи жабдықтар аламыз. Бірақ кадрлар жетіспейді, сондықтан бағдарлама өте қажет. Өткен жылы біздің ұжым сегіз жас қызметкермен толықты: үш акушер-гинеколог, екі жалпы тәжірибелік дәрігер және үш акушер келді. Бейінді мамандарға қажеттілік әлі де бар — атап айтқанда, эндокринолог, ультрадыбыстық дәрігер қажет.
Ауданда «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы жұмыс істейді. Келгендер бірнеше көздерден көтерме жәрдемақы алды: ауруханадан, аудандық және облыстық бюджеттерден.
Бағдарламада тұрғын үй сатып алуға шамамен 9 млн теңге пайызсыз ақшалай несие қарастырылған. Алайда, кейбіреулер қызметтік тұрғын үйді таңдады. Ботақарадағы аудандық аурухананың төрт отбасына арналған медициналық үйі бар. Олар абаттандырылған, орталық жылыту жүйесіне қосылған, барлық қажетті жиһаздары мен тұрмыстық техникасы бар пәтерлер. Үйдің жанында ойын алаңы құрылған.
Сонымен қатар, жас мамандарға жалға берілетін тұрғын үй беріледі.
Акушер-гинеколог Ақбота Қожамқұлова резидентураны бітіргеннен кейін күйеуімен және екі баласымен бірге Ботақараға келген. Ол Жезқазған өңірінің тумасы, он жыл Қарағанды медициналық университетінде оқыған.
– Әрине, таңдау болды. Барлық жерде акушер-гинекологтарға сұраныс бар, мамандығым сұранысқа ие. Мұнда жақсы жағдайлар ұсынылды. Мен қалада қалмағаныма өкінбеймін. Барлығы ыңғайлы, баспанаға қатысты уайым жоқ, барлық жағдайлар жасалған. Біз мұнда жай ғана заттарымызды алып келдік, дайын пәтерге қоныстандық, келесі күні жұмысқа шықтық. Балалар бірден мектепке орналастырылды. Барлығы жақын: үй, жұмыс, мектеп, – деп бөлісті Ақбота Қожамқұлова. – Ұжымым да жақсы, бәрі ұнайды. Ауылда жұмыс істей отырып, жақсы кәсіби тәжірибе алуға болады. Біліктілігімді арттыру үшін облыстық ауруханаға бардым.
Жалпы практика дәрігері Ахрор Усманов Қарағанды облысына Оңтүстік Қазақстаннан көшіп келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Өңір өкілдері түлектерді жұмысқа шақыру үшін ЖОО-ға келген екен. Олардың ұсынған шарттар ұнады және сол жерде уәде етілгендердің бәрі орындалды. Ботакарада қазір әйелімен — болашақ медбикемен бірге тұрады.
Жас кадрларды тарту ауылдағы мамандардың тапшылығын жабуға көмектеседі. Ал ауыл тұрғындарына медициналық көмек алу үшін ондаған шақырымды еңсеріп, қалаға барудың қажеті жоқ.