Қарағанды, Теміртау және Шахтинск орман алқаптарында өртті ерте анықтау жүйесі пайда болады. Оларды енгізу бөлімшелердің уақтылы әрекет етуін қамтамасыз етеді және өртті бастапқы кезеңде оқшаулауға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, өртті ерте анықтаудың автоматтандырылған жүйесі орман алқаптарының едәуір аумағын сақтауға және материалдық залал мөлшерін азайтуға көмектеседі. Ол қазірдің өзінде «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағында және «Семей Орманы» МҰТП-нің он филиалының бірінде сыналды. Облыс орталығында ол екі жыл бұрын ірі өрт болған Кирзавод ауданында орнатылады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев айтып берді.
– Бұл бейнекамералардан, жылу датчиктерінен тұратын ақылды жүйе. Біз оларды орман екпелерінің жанында ұялы байланыс мұнараларына орнатуды жоспарлап отырмыз. Олар нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге және өрттің координаттарын анықтауға мүмкіндік береді, – дейді Бақтияр Санбаев. – Жалпы өңірде орман өрттерінің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Облыста бес жаңа өртке қарсы орман станциясы салынды, олар жүз пайыз арнайы техникамен жабдықталған. Биыл біз Шахтинск қаласында қосымша осындай станция саламыз, патрульдік автомашиналар, өрт сөндіру машиналары, шағын орман патрульдік кешендер мен трактор сатып аламыз.
Сондай-ақ, өңірде су айдындарын балықтандыру басталады. Федоров су қоймасы мен Балқаш көліне 737 мыңнан астам сазан шабақтарын шығару көзделген. 18 су айдынында паспорттау басталады.