Экоакция жалғасуда

Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының қатысушылары өткен демалыс күндері Бұқпа өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты, сондай-ақ Шахтинск қаласында ағаштар екті.

Қарағандыда кезекті сенбілікті облыстық экология департаменті ұйымдастырды.

Оған ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының еріктілері мен курсанттары қатысты.

«Табиғатты жақсы көретіндер және жаны ашитындар топтарға бөлініп, Бұқпа өзенінің айналасын тазартты. Экочеллендж қоршаған ортаға қамқор болуға шақырады. Сондай-ақ өскелең ұрпақты тазалық пен тәртіпке үйретеді. Қаланы абаттандыру науқаны жалғасады», – деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметі.

Шахтинск қаласында сенбілікке қатысушылар қалалық саябаққа 700 түп мамыргүл бұтасын екті. Қалада жаппай ағаш егу «Таза Қазақстан» акциясы іске қосылмай тұрып басталған болатын. Өткен сенбіде қаланы көгалдандыруға барлығы 200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында еріктілер тобы, белсенділер, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, бизнес өкілдері және қала тұрғындары болды.

– Қалада біз мамыргүл, қайың, қарағаш ектік. Саябаққа мамыргүл егуден бөлек, Шахтинск қаласының білім беру мекемелері мен іргелес кенттердің аумақтарына тағы 300 ағаш еніліп, аулаларға егу үшін қала тұрғындарына 350 ағаш берілді, – деді Шахтинск әкімі Мұрат Қыдырғанбеков. – Біз акцияға белсенді қатысқан және атсалысқан барлық тұрғындарға алғысымызды білдіреміз. Бірге біз өз қаламызды таза әрі жасыл етеміз.

Сонымен қатар Қарағанды – Теміртау жолының бойында демалыс күндері мыңға тарта ағаш егілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *