Дәстүрге айналған дода

Кентіміздегі М.Мәметова атындағы жалпы орта білім беру мектебінде Ақадыр кенті әкімінің Кубогы үшін қыз балалар арасында волейбол ойынынан жарыс өткізу жылдағы дәстүрге айналған. Алғашқы екі жыл ішінде бұл біріншілік кенттің мектеп оқушылары арасында өткізіліп келген болса, соңғы екі жылда екі облыстың қала, аудандарынан келген командалар арасында ұйымдастырылып жүр.

Биылғы спорттық додаға 2010-2011 жылы туған қыз балалардан құралған Қарағанды қаласының Бұқаралық спорт мектебінен, Аrtsport клубынан,  Балқаш қаласының «Металлург» және «Әлия» спорт клубтарынан, Ұлытау облысының Жаңаарқа және Жәйрем кенттерінің Балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінен, Ақадыр кентінің Ю.А.Гагарин атындағы мектеп – лицейінен, М.Мәметова атындағы орта мектебінен командалар қатысты.

Салтанатты ашылу шарасында кент әкімінің орынбасары Айқынбаев М.А., Қазақстанның Журналистер одағының мүшесі, Шет ауданының Құрметті ардагері Бекқожин Қ.Қ., М.Мәметова атындағы мектеп директоры Удешев Е.А. спортшыларға құттықтау сөздерін арнап, волейболшы қыздарға сәттілік тіледі. Жарыстың бас төрешісі Тоқбалин Ж.С. ойыншыларды біріншіліктің ережесімен таныстырды.

Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени – сауық орталығының қызметкерлері әдемі әндері мен мың бұралған билерін ұсынды.

Аса тартысты бәсекелер Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің және М.Мәметова атындағы мектептің спорттық залдарында өтті. Екі топқа бөлінген командалардың ішінен ақтық сынға 4 команда шықты. Бірінші орынды Қарағанды қаласының Бұқаралық спорт мектебінің жас қыздары жеңіп алса, екінші-үшінші орынды Балқаш қаласынан келген «Әлия» спорт клубының және Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің волейболшылары өзара бөлісті.

Жарыстың «Үздік шабуылшысы» болып Марат Ұлбосын, «Үздік үйлестірушісі» болып Байзыбекова Ажар, «Үздік ойыншысы» болып Совет Назым  танылды.

Жеңімпаздар, жүлдегерлер және үздік ойыншылар кент әкімінің арнайы дайындалған кубоктарымен, дипломдарымен, медальдарымен және ақшалай сертификаттарымен марапатталды.

 

Қ.Бекқожин,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *