Әдістемелік диалог

Өткен аптада Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің базасында «Көркем еңбек» мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған «Жас шебер» республикалық байқауы ұйымдастырылды.

Шара Қарағанды облысы білім басқармасының қолдауымен және «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы бекіткен оқу-әдістемелік бірлестіктің жоспарына сәйкес өтті.

«Жас шебер» байқауына республиканың әр түкпірінен – Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан 21 дарынды студент және олардың тәжірибелі жетекші оқытушылары қатысып, шығармашылық шеберліктерін көрсетті.

Тәжірибе алмасу және кәсіби даму

Байқау барысында студенттердің жетекші оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында арнайы шеберлік сағаттар мен әдістемелік алаңдар ұйымдастырылды.

  1. «Цветовые ассоциации» Өткізген: Сергеенко Наталья – Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің оқытушысы, «Көркем еңбек» мамандығына арналған Типтік оқу бағдарламасының авторы, педагог-зерттеуші.

Бұл шеберлік сағатында түстер үйлесімділігі, түстер психологиясы және білім алушылардың шығармашылық ойлауын дамытуға бағытталған әдіс-тәсілдер таныстырылды.

  1. «Акварельдің тынысы: дымқыл қағазда табиғатты бейнелеу әдісі» Өткізген: Ізбасаров Дәулет – колледждің кескіндеме пәнінің оқытушысы, білім беру бағдарламасының авторы, байқаулар жүлдегері, педагог-зерттеуші.

Қатысушылар акварель техникасының ерекшеліктерімен танысып, дымқыл қағазда табиғи көріністерді бейнелеудің кәсіби әдісін меңгерді.

Тақырыбы – «Көркем еңбек» мамандығы бойынша білім беру бағдарламасының мазмұны.

Әдістемелік диалог алаңы ЖОО өкілдері, мектеп мұғалімдері, республикалық ОӘБ  мамандары және колледждің арнайы пән оқытушыларын біріктірді. Пікір алмасу барысында білім беру бағдарламалары, оқулықтар, педагог аттестациясы, тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Спикерлер: Исполова Бибігүл Игенбайқызы – сурет пәнінің оқытушысы, Республикалық ОӘБ әдіскері, «Қосымша білім беру» мамандығының бағдарламасының авторы, «Көркем еңбек» мамандығының БББ сарапшысы, «Алтын ғасыр» галереясының кураторы және жетекшісі, педагог-зерттеуші. Төребаева Гәкку – тігу технологиясы пәнінің оқытушысы, «Көркем еңбек» мамандығының білім беру бағдарламасының авторы, педагогика ғылымдарының магистрі, Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің 1-курс докторанты, «Talap» КЕАҚ штаттан тыс тренері, педагог-зерттеуші. Бақбергенов Айбек – педагогика ғылымдарының магистрі, ҰТО сарапшысы, облыстық конкурс жүлдегері.

Байқау қонақтары үшін Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейіне және Қарағанды суретшілер одағының «Алтын ғасыр» галереясына арнайы экскурсия ұйымдастырылды.

Колледж директоры, ОӘБ төрайымы Уатаева Гүлмира бірлесіп атқарылатын алдағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, оқу-әдістемелік бірлестіктің жоспарланған бағыттары мен жүзеге асырылатын негізгі шараларымен бөлісті.

Бұл ауқымды шара жас таланттарды қолдауға, тәжірибелі мамандар арасында кәсіби байланысты нығайтуға үлес қосады деп білеміз.

Гәкку РЫМТАЙҚЫЗЫ,

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «Көркем еңбек» бөлімінің арнайы пәндер оқытушысы