Хакім Абай «адамды адам еткен еңбек» десе, ақыл-ойдың кемеңгерi әл-Фараби «адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы адал іспен айналысуынан» дейді. «Ердің атын байлығы емес, байыпты ісі шығарады» деген сөзді еске алмасқа болмайды. Кезінде жұрт ірі байлардан сойыс малын, мініс атын, басқа да керектерін алып, қажетіне жаратып отырған. Бай дегеніміз ақ, адал маңдай терімен дәулет құраған жағдайлы адам. Бүгінгі меценаттар. Бүгін де еңбегімен ер атанып, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, маңдай тер, адал еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген жомарт азаматтар аз емес.
Бүгінде Шет өңіріне мәлім ел ағасы Амандық Жұмаханұлы да тағдыр белесінде ерте есейген, балалықтың бал күндерін қажырлы еңбекке айырбастап, адал кәсібінің нәсібін елге тигізіп жүрген азамат. Кейіпкеріміз туралы айтпас бұрын, сәл кідіріс жасап, өткен өмір өрнектеріне тоқтала кеткеніміз жөн деп санаймын.
Амандық Серіков 1961 жылдың 14-ші қаңтарында Шет ауданы, Мойынты кентінде дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті тәмамдай сала бозбала жігіт, саптама етік киіп, сап түзеп Германия еліне әскер қатарына аттанады. Кәрі құрлық Еуропада азаматтық борышын адал атқарып, аман-есен елге оралған жалындаған жігіт 1988 жылы сол кездегі астанамыз Алматы қаласындағы теміржол институтына оқуға түседі. Студенттік кезеңнің қызығына қанып, қолына күректей дипломын алған азамат астанада қалып қоймай, туған жерін бетке алады. Оқудан келе сала бірден Ақадыр кентіндегі ЭЧ-9 мекемесіне қатардағы маман болып жұмысқа орналасады. Әуелі қатардағы маман ретінде еңбек торысы болып қанша уақыт тер төкті. Ондаған жылдар күннің ыстық-суығына күйіп теміржолдың бойында жүрді, сатылап көтеріле берді, бірақ. Бір орында кәсіби біліктілігін тәжірибемен шыңдаған жігітті елгезек мінезі мен әріптестерінің алдындағы абыройы, қандай қиын істе де алдымен оң шешім қабылдай алатын пайым-парасаты аталмыш мекеменің басшысы лауазымына дейін көтереді.
Амандық ағамыз еңбек еткен жылдар жіңішкенің үзіліп, жуанның жұқарып жеткен уақытына дөп түседі. Тәуелсіздігін алғанымен тәй-тәй басқан баладай қалтақтап тұрған уақыт шынымен де қиын кезеңдер еді. Ауылдың базары мен ажары қашып, халық жарық пен сусыз қалып, азық-түлікке сағаттап кезекте тұратын тоқсаныншы жылдарды бүгінгі көз көрген ұрпақ ешқашан ұмыта алмасы белгілі. Осы қиын кезеңдерді қара нардай қайыспай көтере білген ағамыз бүгінде ұзақ жылдар бойы ауданымызды жарықпен қамтып отырған «Электржабдықтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры лауазымында отырып, ел игілігіне арналған істерге бел шеше кірісіп, көмек қолын созудан аянбай келеді. Облыстық мәслихаттың депутаты болған кезінде бірқатар мәселелердің шешімін табуға ықпал да етті. Өткен жылы Таңыбай батырдың 350 жылдық мерейтойына орай құрылған қордың құрылтайшысы болды. Өкінішке орай дүрілдеп өтетін той пандемияға байланысты өткен жоқ. Дегенмен Амандық ағамыз бастаған батыр ұрпақтары Мойынты кентінде батыр атында саябақ ашып, сыртын қоршатып, тас-тұғырға ескерткіш-бюст орнатты. Сонымен қатар, ағамыздың бастамасымен мектепте музей ашылып, батыр жайында кітап та жазылып жатыр.
Амандық ағамызды елден айрықша даралап көрсететіні бойындағы қарапайымдылығы мен елжанды қасиеті болса керек. Себебі, жанарына жылылық, жүзіне мейірім ұялаған жанды әрдайым келелі істердің басы-қасынан көріп келеміз. Бір ғана өзінің демеушілігімен кент ішіндегі көмекке мұқтаж жандарға көрсеткен қайырымдылық істеріне қарапайым халық куә. Кентте ғана емес, аудан көлемінде өтетін істерден де жомарт меценат іркіліп көрген емес. Өйткені қандай да бір іске атсалысып, жақсылыққа үлес қосуды ағамыз азаматтық парызым деп қарайды.
«Осыдан аздаған жылдар бұрын ауданның тыныс-тіршілігін жұртшылыққа үздіксіз жеткізіп отырған қастерлі қара шаңырақ – газетіміздің 80 жылдық мерейтойын атап өтпекші болдық. Елдің ортақ тойы болғандықтан газеттің арғы-бергі тарихын түгендеп жинақ дайындадық, әліміз келіп, қолымыз жеткенше сырттан ақпарат саласының алыптары мен журналистика саңлақтарын, өзіміздің ауданымыздағы ақын-жазушы ел жанашырларын жиып дүбірлі той жасауға қамдана бастадық. Мәселенің бәрі ақшаға тірелетін заман болған соң көмек береді-ау деген баскөтерер белді азаматтарға ат шалдырдық. Солардың ішінде мәрттігін танытып, қаржысымен бірге ыстықықыласын алдымен жолдаған осы Амандық ағамыз болатын. Айта кету керек, осындай біртуар рухани бай, алғыр ағаларымыздың қолдауымен газеттің тойы жоғары деңгейде аталып өткен еді» дейді аудандық «Шет шұғыласы» газетінің бас редакторы Мейрам Дәулетбекұлы.
Қазақ бірнәрсеге таңданғанда «Шіркін түбірі мықты-ау» деп жатады. Ағамыздың туған жер деп тер төгіп, көпшіліктің ісіне бүйрегі бүлкілдеп тұруына көпбалалы отбасының тұңғышы болуы да шығар. Және еңбекпен есейген, қызметтік жолда жерден көтерілген. Сегіз баланың арасында өсіп-жетілген.
Осынау жауапты да қиындығы мол саладағы көп жылғы жемісті еңбегі лайықты бағаланып, ҚР Тұңғыш Президентінің Алғысхатымен, облыс, аудан әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен, басқа да сыйлықтармен марапатталды.
Сайып келгенде халқымыздың «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін дана сөзіне келіп тоқталамыз. Ал алпыстың асуын алқымдап отырған еңбек иесіне жетпістің жемісін жеп, сексен мен тоқсанның төбесін көріңіз деген ниет білдіреміз. Ұлт дегенде тау қопарар қайраты тасқындаған ағамыздың әлі де талай биікті бағындырарына сенімдіміз.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ