ЕҢБЕК ПЕН СПОРТ – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Әрбір ұжымда еңбек пен спортты қатар алып жүрген, әр түрлі іс — шаралардың бастамашысы, әріптестерін мәдени немесе спорттық шараларға біріктіруші әріптес табылады. Өйткені адамның дені сау болса, еңбек етуге де, білімге де, ойынға да жағдайы болады. «Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы.

Кентімізде осындай ұстаныммен жүрген адамдардың бірі Ақадыр электрмен жабдықтау дистанциясының (ЭЧ-12) аға электромонтері Дүйсембеков Жетпіс Теміржанұлы.

Әкесі Теміржан Біләлұлы Ақадыр ауданына қарасты «Ортау» кеңшарында шопандықты кәсіп еткен. Кейін аудан орталығына қоныс аударып, «Казсельхозтехника» мекемесіне жұмысқа тұрады. Анасы Дүйсембекова Гүлшат біраз жылдар бойы теміржол бөлімшесінің азықпен қамтамасыз ету мекемесінде (ОРС-НОД-5) дүкенші қызметін атқарып, сол жерден зейнеткерлікке шығады.

Жетпіс Теміржанұлы 1981 жылы кенттегі Ю.Гагарин атындағы мектеп – лицейіне барады. Сабағын оқи жүре, спорттық үйірмеге қатысады.   Таңдағаны әлемдегі  № 1 спорт түріне айналған футбол ойыны болатын. Бала спортшының жаттықтырушысы қазіргі уақытта «KEGOK» Ұлттық компаниясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Қаракесеков Қайрат Ізбасарұлы болған. Бас кезінде сынып командасында, кейіннен мектептің құрама командасында ойнайды. Оның сапында жүріп, сол кездерде түрлі деңгейдегі жастар одағының ұйымдастырып өткізетін «Былғары доп» турнирлерінде аудан, облыста топ жарады. Республикалық жарысқа жолдама алған команда әр жылдары Алматы, Семей, Өскемен, Қостанай, Павлодар қалаларындағы турнирлерде ІІ-ІІІ жүлделі орындардан көрініп жүреді. Команданың белді шабуылшысы болып, талай рет қарсылас командаларына гол салып, теңбіл доппен торды тулата білген.

Жетпіс Теміржанұлы орта мектепті тәмамдаған соң Жезқазған қаласындағы Қазақ Көлік университетінің техникумына (қазіргі уақытта бизнес және көлік колледжі) оқуға түседі. Ол жерден машинист — инженер мамандығын алып шығады.

Жас маман еңбек жолын теміржолға қарасты КЕ-25 от қазандығы мекемесінде бастайды. Кезінде бұл мекеме қысқы жылыту маусымында елді мекендегі біршама кәсіпорын, мекемелердің ғимараттарын, тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етіп отырды. Жалпы оның өндіріс күші 25 мың халық тұратын қаланы қамтуға негізделген болатын. Жылдан – жылға жылу алатын мекемелер де, көпқабатты және жер үйлер де қосылып жатты. КЕ-25 кешені тәулігіне 60 тонна (бір вагон) көмір жағатын. От қазандығының түтіні бір жерден шығып, ауылдың ауасы да тазара бастаған еді.

Алайда, Кеңес үкіметі құлаған соң еліміздің нарық заманына бет бұрғаны бәрімізге белгілі. Мекеме басшылары, әсіресе теміржолға қарасты мекемелер қаржыны үнемдеу мақсатында өздеріне жеке қазандықтар орната бастады. Ең алдымен осындай тәсілге локомотив депосының ұжымы ауысты. Олардың тарапынан депо ғимараттарына жылу беруге паровоздың қазандығы қойылды. Депошылардан үлгі алған басқа мекемелер де өздерінің қазандықтарын қойып, КЕ-25 ұжымының қызметінен бас тартып жатты. Басты тұтынушылар теміржол мекемелері болғандықтан жылу беретін кәсіпорын шығынға бата бастады. Сол себептен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы аталған мекемені әрі қарай иелігінде ұстай алмайтынын мәлімдеді. Өйткені, қазандық кешенін ұстау үшін жылу тарифын 4-5 есе көтеру керек болды. Ал ондай жағдайды қарапайым үй, пәтер тұрғындары көтере алмайтыны анық. Бюджет арқылы ұстаудың да мүмкіндігі болмады. Ақыры аяғы, біраз жыл қызмет атқарып, ауылға тұрақты түрде жылу беріп, ауаны тазартып, кенттің экологиясының жақсаруына біраз септігін тигізген мекеме жұмысын тоқтатып, жабылуға мәжбүр болды. КЕ-25 кешені бастапқыда консервацияға қойылып, кейін қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жекеменшікке сатылып кетті.

Жылу беретін мекемеде 6 жыл бойы еңбек еткен Дүйсембеков Жетпіс Ақадыр электрмен жабдықтау дистанциясына жұмысқа кіреді. Әуе желісінің электромонтері қызметінен бастап, 2006 жылдан осы күнге дейін аға электромонтер міндетін абыроймен атқаруда.

Электрмен жабдықтау дистанциясы – темір жол көлігіндегі жүк және жолаушылар тасымалын, тұтынушыларды электрмен жабдықтауды үздіксіз қамтамасыз етіп отырған негізгі кәсіпорындардың бірі. Өзінің балансында электр құрылғылары мен электр желілері бар мұндай мекемелер оларды қалыпты жағдайда ұстау мақсатында белгілі жұмыстар жүргізеді.

Ал енді, осының ішінде электромонтердің міндеті пойыздар қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып, белгіленген технология мен қауіпсіздік ережелеріне сәйкес электрмен жабдықтау құрылғыларын, электр желілерін, электр қондырғыларын ағымдағы жөндеу, жөндеу және нығайту бойынша жұмыстарды орындау болып табылады.  Электр жабдықтарын жөндеу және сынау бойынша бекітілген кестеге сәйкес электр жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады. Тұтынылған электр энергиясын есепке алу бойынша жұмыстарды жүргізеді, электр энергиясың ысыраптары мен ұрлануын азайту бойынша шаралар өткізеді.

Осы аталған міндеттерді кейіпкеріміз ширек ғасыр бойы абыроймен атқарып келеді. Дистанция басшысы Бурлинов Нұрсұлтан Мейрамбекұлынан өзінің қызметкері туралы сұрағанымда:

– Жетпіс Теміржанұлы ұжымдағы білікті мамандарымыздың бірі. Өз ісіне ұқыпты, жауапкершілігі жоғары. Әрдайым жұмысының алға басуына басты көңіл бөліп жүреді. Еңбек пен спортты қатар алып жүрген әріптесіміз. Жалғыз біздің дистанцияның ғана емес, Қарағанды теміржол бөлімшесінің намысын қорғап, республика көлемінде үлкен жеңістерге жетіп жүр, – деп өзінің ойын жеткізді.

Еңбектен қолы босаған сәтте Жетпіс Дүйсембеков спорттан қолын үзген емес. Есейгенде оның аусары біржолата хоккей мен үстел теннисіне ауысты.

Осы жерде мен хоккей ойынына назар аударғым келіп отыр. «Хоккейді нағыз ер адамдар ойнайды» дегендей, кентімізде осы спорт түрі күні бүгінге дейін даму алған. Елді мекеніміздің құрама командасы аудандар арасында облысымыздың үш мәрте жеңімпазы болды. Команда капитаны, әрі шабуылшысы өзіміздің Жетпіс бауырымыз. Хоккейшілердің дені теміржолшылар. Олар депо машинистері Шеңгелбаев Мақсат, Сармутдинов Ғалымжан, Хасанов Валерий, Пестриков Александр, ЭЧ-12 мекемесінен Мұхамеджанов Балкен, Қасым Мәрлен, Зейнеп Еркебұлан, ШЧ-15 мекемесінен Мұхамеджанов Нұрлыбек, басқа мекемелерден Қаракекілов Мұқтар, Кузьмин Валерий, Түсіпов Жарас. Мұз айдынының шеберлері облыстық жарыстардан басқа Ақжал кентіне, Ақтоғай ауылына, Сарышаған станциясына біріншіліктерге барып тұрады. Келесі кезекте олар да кентімізге келіп жарысқа қатысып қайтады. Бірнеше рет Қостанай облысының Құсмұрын станциясына да жарыстарға барып жүрді. Барлық жерлерде жігіттеріміз алдыңғы шепте.

Бір уақытта кенттің хоккейшілерінің спорттық формалары мен экипировкалары болмады. Ал хоккей ойынында қалай болсын киінуге болмайды, арнайы киімі болмаса жарақат алып қалудың қаупі бар. Бірнеше жыл кент, аудан әкімдеріне сұраныспен шыққандарымен мәселе шешімін таппады. «Сұрай берсең нәтиже қайтседе болады» дегендей, ақыры сол кездегі кент әкімі міндетін атқарып жүрген Кәрсембаев Дәурен Құралұлы аудан әкімі Жандәулетов Марат Жандәулетұлына сұраныспен шығып, мәселе оң шешімін тапты. Аудан бюджетінен 9 миллион теңге қаражат бөлініп, хоккейшілер көптен армандаған спорттық формаларына қол жеткізді.

Кенттің хоккейшілері жайында Жетпіс Теміржанұлы:

– Хоккейді бала кезімнен жақсы көремін. Қыс бойы қолым қалт еткенде конькиге тұрып, қолыма клюшка аламын. Нағыз ерлердің ойынын ойнауға кентімізде қолайлы жағдай жасалған. Хоккей корты бар, жылда мұз айдынын құямыз. Аудан, кент әкімдіктері арқасында көп жылдар армандаған формаларымызды да алып алдық. Жарыстарға қатысып, биік орындардан көрініп жүрміз.

Бірақ, бізді ойлантатын жағдай да жоқ емес. Бүгінгі күнге командамыздың ең жасы 40 жаста, ең үлкені 56-да. Соңымыздан еріп жүрген жастарды көрмей жатырмыз. Қатарымызға қанша жастарды тартсақ та, бір-екі бала келіп жүреді де жоғалып кетеді. Ертең біз кетсек, кентімізде хоккей ойыны тоқтап қалады ма деп күдіктенемін – деп қынжылысын білдірді.

Спортсүйер Жетпістің тағы бір сүйсіне айналысатыны үстел теннисі ойыны. Бұл ойында да үлкен жеңістерге жетіп жүрген жетістіктері бар. «Қарағанды темір жолы» бөлімшесінің бірнеше мәрте чемпионы. Былтырғы, 2023 жылдан бастап Қарағанды қаласындағы әріптесі Золотухина Галина Степановнамен бірге жұптасып ойнап жүр. Алматы қаласында өткен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының республикалық біріншілігінде екеуі күміс медаль жеңіп алды. Осыдан бірнеше күн бұрын ол тағы Бурабай қаласындағы биылғы жылғы республикалық жарысқа қатысып, жүлделі ІІІ-орынға табан тіреді.

Жетпіс Теміржанұлының өмірлік жұбайы Жібек Оралдықызы Өспен ауылдық округіндегі Айғыржал ауылында қарапайым отбасында туып өскен. Әкесі Нұрпейісов Оралды К-700 тракторын айдаса, анасы Алтын сауыншы болған. Қазіргі уақытта екеуі де зейнеткер, Шет ауданының С.Сейфуллин (бұрынғы Жарық) кентінде тұрады. Жібектің өзі көп жылдардан бері кенттегі Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жұмыс істейді.

Жетпіс пен Жібек бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Ұлдары Әлішер Қарағанды Экономика университетінің «логистика және жүк тасымалы» факультетін тәмамдаған. Қазіргі таңда Англия еліндегі ауылшаруашылық өнімі – қырыққабат өсірумен айналысатын агрофирмада қызмет етеді.

Қыздары Мақпал Қарағанды техникалық университетінің «басқаруды автоматтандыру» факультетін қызыл дипломмен бітіріп шыққан соң, мемлекеттік грантпен магистратураға түсіп, оқуын жалғастыруда. Қыз арманы – магистратураны аяқтағаннан кейін өзінің оқыған университетінде оқытушы болып, студенттерге дәріс беру.

Салауатты өмір салтын қалыптастырып, еңбектен қол үзбей спортты жанына серік етіп жүрген Дүйсембеков Жетпіс Теміржанұлының жарты ғасырлық өмірі осындай. Жемісті еңбегімен де, спорттық жетістіктерімен де өзінің қатарластары, жалпы ауылдастары, сонымен қоса жастар арасында да  үлгі – өнеге болып жүрген азамат.

Бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкеріне алдағы уақытта жемісті еңбек, спортта жаңа табыстар, отбасына амандық пен берекелі өмір тілейік.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *