Елін сүйген ерлер

Ол – елін сүйген ер. Ол – арыстан жүректі тұлға. Ол – ұлт рухын ояту жолында жанкештілік танытқан қайраткер. Ол – Бүркіт Ысқақұлы. Кез келген шығармасы халыққа: «көтеріл, ізден, көкірек көзінді аш» деп үндеу тастады. Бүгінде осынау жарқын бейненің іздеушісі мен жоқтаушысы жоқ емес. Бар.

Еңбегін насихаттау жолында туған жері Нұра ауданында ақынның 100 жылдығына арналған «Бүркіт Ысқақұлы: Тұлға тағылымы мен тарихи заманы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті мен Нұра ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен ауқымды шараға елімізге белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Бүркіт Ысқақұлы 1924 жылы Нұра ауданы, Көкмөлдір ауылында дүниеге келген тарихи тұлға. Өлеңдері баспасөзде 1938 жылы жариялана бастаған. Тұңғыш кітабы «Сенің Отаның» 1958 жылы жарық көрді. Барлымыз білетін қазақтың алғашқы анимациялық туындысы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ақын жазған ертегі негізінде жасалған. Шетел әдебиеті классиктерін тәржімалаған.

Ол саяси көзқарасы үшін қудалауға ұшырайды. Айыптау үкіметінде Ысқақовтың ертеректе «Жас қалам» үйірмесі мен «ЕСЕП»-ке (елін сүйген ерлер партиясы) қатысына қосымша, «Үндістан» деген өлеңді Сәкеннің «Азия», Ілиястың «Гималай» өлеңдеріне еліктеп жазғансың деп кінәлаған. Содан 1951 жылы жаппай қуғын-сүргін тұсында «Үкіметке қарсы үгіт жүргізіп жүр» деген жаламен жазықсыз жазаланып, 25 жылға бас еркінен айырылады. Сөйтіп небәрі 27 жастағы жігіт 30 жылдық жазаны арқалап кете барады. Кейін 1956 жылы ақталған.

Қаншама қиын-қыстау кезеңнен өткен тұлғаның мұрасы кейінгі ұрпақ өнеге. 100 жылдық мерейтойына арналған шара ақын атындағы Нұра аудандық кітапханасының қабырғасына ескерткіш тақта (2021 жылы ақын есімі берілген – автор) орнатуымен басталды. Жиналған қауым мен зиялы қауым өкілдері гүл шоқтарын қойды. Құрметті қонақтар қатарында ақынның қыздары Айгүл және Назым Ысқақовалар, сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов пен Нұра ауданының құрметті азаматы, Мемлекет және қоғам қайраткері Дауылбай Құсайынов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Бейбіт Мамыраев бар.

Одан әрі конференция басында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың құттықтау хатын оқып берді. Аудан әкімі Бақытжан Мұқанов та ізгі тілегін білдірді.

Конференцияның алқалық мәжілісі Сәкен Сейфуллин атындағы мұражай директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Марат Әбсеметов Бүркіт Ысқақұлы жайлы құнды деректермен бөлісті.

«Бүркіт Ысқақұлының ақындығына Мұхамеджан Қаратаев үлкен баға берген. Ол ұлтшыл, ұлтын сүйген азамат болған. Қазақ мәдениеті пен тілінің болашағына алаңдап, идеялас жастарды жинап халыққа үн тастады. Бүркіт Ысқақұлы – сол кезгі саясаттың құрбаны», – деді ғалым.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қазақ радиосының ардагері Гүлсара Қабланова «Алаштың арда ұлы – Бүркіт Ысқақұлы» атты баяндамасын оқыса, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстан Халқы Ассамблеясының Ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымының докторы Жанна Қыдыралина «ЕСЕП» ұйымының негізін қалаушы Бүркіт Ысқақұлы туралы отандық және шетелдік мұрағаттардағы жаңа деректерді келтірді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Сағымбай Жұмағұлов «Бүркіт Ысқақұлы туралы сөз» баяндамасында: «Бүркіт Ысқақов қиын заманда тыйым салынған тақырыптарды, естелік, мемуарларды жазып үлгерді. Содан кейін, ол әдебиет ғылымының проблемалық және саяси тұстарына тоқталған. Қуғын-сүргінді көріп келіп, сондай тақырыптарға бару – ерлік. Ғылымда да ерліктің небір үлгісі бар. 1964 жылы «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары» атты еңбегі жарық көрді. Сол арқылы қасиетті топырақта өркениет көктегенін дәлелдеген. Қарағандыда ГУЛАГ тақырыбын қозғаған қаламгердің бірі – Жайық Бектұров еді. Хаза Абдуллин деген тұлға да осы тақырыпты қаузаған. Біз айтып жүрген «тоталитаризм», «репрессия», «реабилитация», «халық жауы» деген саяси мәні бар терминдерді энциклопедияға енгізуде Бүркіт Ысқақұлының еңбегі зор. Сол арқылы ұлттың аспанындағы түнерген бұлттай болған заманды кесіндеген», – деді.

Сондай-ақ, конференцияда Қарағанды медициналық университетінің профессоры Баян Ыбраева, «Темір тордың заманы» тақырыбымен ҚР ІІМ және МКҚ полковнигі, 1941 жылы репрессияға ұшыраған Абдрахманов Хамиттың ұлы Жанат Абдрахманов, Қазақтану ғылыми-зерттеу институтының директоры, QAZAQTANU ғылыми журналының бас редакторы Бақтыбай Жұмаділдин, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, баспасөз және баспа ісі кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымының кандидаты Алмагүл Үмбетова, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Олжас Қасым, Нұра ауданы Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Саягүл Серікбаева, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зеттеу университеті Тарих факультетінің студенті Бақыт Елеукен баяндама оқыды.

Ақын Ерік Нарын Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, ақын Жанат Жаңқашұлының құттықтау хатын оқыса, Нұра ауданының тумасы, «Arqa Aqshamy» газетінің жауапты хатшысы Ерболат Қуатбек туған жеріне арналған өлеңін оқып берді.

Конференция соңында студент кезінен бері Бүркіт Ысқақұлын зерттеп, зерделеп, насихаттап жүрген азамат, ғалым, бүркіттанушы Әділет Жағыпар «Бүркіт Ысқақұлы тұлғасын тарихи-биографиялық тұрғыдан зерттеудің өзекті мәселелері» атты баяндамасында құнды деректермен бөлісіп, «Тұлғалар сериясымен» жарық көрген Бүркіт жайлы кітаптың тұсауы кесілді. Әділет Жағыпар құрастырған кітапта ақын, ғалымның қайраткерлік тұлғасы мен шығармашылық қызметі талданған.

Ақынның қызы, қазақ радиосының ардагері Айгүл Ысқақова қорытынды сөз сөйлеп, жиналған қауымға алғысын білдірді. Конференцияға қатысушылар мен баяндамашылар алғысхаттармен марапатталды.

Конференциядан соң Бүркіт Ысқақұлының рухына құран бағышталып, ас берілді.

Еркін РЫМҒАЛИЕВ

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *