Баспалдақ
Аңыз айтады: со кездері баспалдақ,
Апаратын жол болыпты аспанға.
Жұмекен
Атамның соңғы мұраты – баспалдақ бопты не керек,
Бәрінен ерте тұратын, ақырғы арманын шегелеп.
Кемірген дейді жүйкесін, қайрағы менен соңғы ағаш,
Тағдыр талайға не етесің, мойынсұнбаса қолға бас?
Өтті ғой атам жалғаннан, жанарын қадап сатыға
Кеудеде тулап қалды арман, «жазмыш» енді оның аты ма?
Жоңылмай қалған ағаштар, шегеленбеген шеге бар
Күтуде сені әлі аспан, жанынды түйіп бер оған.
Ал біздің мақсат сан сұрақ, қолынды матап тастайтын
Жарты жол жетпей қаңсырап, белгісіз жолды бастайтын.
Құрбаным болар қанша орман, құрбаным болар қанша тал?
Бала емес едік бал сорған, жан емес едік жан сатар.
Алысқа тігіп көзімді, ғарышқа тігер күн қайда?
Жоғалтып алып өзіңді, бәзбіреу қолын бұлғай ма?
Ехе-хе-хей менің айлағым, жетерміз саған біз ұзақ,
Байқоңыр мені байлағын қара жерден кеп үзіп ап.
Байқоңыр мені көтергін, тамырымды үзбей көгіме
Қыран болмай-ақ кетермін, тыныс бітпей-ақ деміме.
…Көзімнен сонда жас парлап, көмейлерімнен күй күттім,
Атам бітірмеген баспалдақ, зымырандардан жүйрік тым.
Қара ағаш сенің діңгегін – шойын-болаттан мықтырақ
Мен оны неге білмедім, осыны жүрмін ұққым-ақ.
Өмірдің қара нүктесін – бас бармағыңмен басып көр,
Аспан сені де күтпесің, баспалдағыңмен басып кел.
Бітпеген саты қалайша, жүр екен әлі шірімей?
Қадамым неткен о, найсап қабағы келед жібімей.
Адымым кейде мәрт сынды, ал кейде тіпті өгей тым,
Баспалдақ кенет шарт сынды, атам жоқ мені демейтін.
Епсіздігіме арландым, кексіздігіме таңырқап,
Лақтыра салдым балғамды, мені ешкім жатпас жарылқап.
Ұзарта алмай келемін, көзіме жұлдыз елестеп,
Биіктік-төмен дегенін – ұзын-қысқалық емес тек.
«21 грамм»
Кез келген адам дүниеден өткенде 21 грамм салмақ
тастайды дейді. Сонда адам жанының салмағы 21 грамм ба?
«21 грамм» фильмінен
Серуендермін мен бүгін қаңғырармын,
Өмірімді тәп-тәтті бал қылар кім?
Безбен тартып көріп ем, сенесің бе?
Салмақтығы бар екен әр граммның.
Бір граммы – анамның ақ сүтінде,
Бір граммдық тағдырым бақсы түнде.
Бір граммы – әкемнің қабағында,
Бір граммдық бұл зердем сақшы кімге?
Бір граммы – арымның қамалында,
Бір граммы – арудың жамалында.
Бір граммы – махаббат көзсіздігі,
Бірі граммы – сағыныш, қара құм ба?
Бір граммы – достықтың байрағы еді,
Бір граммық сертіме байла мені.
Бір граммы – сенімнің қалқаны ғой,
Бір граммдық құртады айла нені?
Бір граммы – көз жасы Меңсұлудың,
Бір граммнан тамады еншіме удың.
Бір граммы – аңғалдық аузын ашқан,
Бір граммы – жылулық, сен суыдың.
Бір граммы – кесесі мың күнәмнің,
Бір граммдық ашумен сындырармын.
Бір граммы – туған жер топырығы,
Бір граммы – тамшысы бір граммның.
Бір граммы – ажалдың құзырында,
Мұңы – мұзы айналды мұзы – мұңға.
Мен сүйетін адамның кірпігінен,
Күн шыққанда қираңдар, бұзылыңдар.
Бұл өмірдің жоғары үстемдігі,
Күштен бірі шығады істен бірі.
Құс жолына құс болып ораламын,
Бір граммым бойымнан түскен күні.
Басымдағы айымды күн қылам ба?
Меңсұлуды мәңгілік жыр қылам ба?
Бұл дүние басыңнан сипамайды,
Аналығын танытпай бір граммда.
Танысқым келмейді
Таныспағам әкем және анаммен,
Ақ сүті мен мейірімінен танығам.
Арпалысып сезіміммен, санаммен
Жүрген шақта әуелетті жарық ән.
Бұл әуенді айтар жанда қалмаған,
Осыны ойлап бәзбіреулер өкінді.
Бұл фәниде дәл маған,
Адамдардың бәрі таныс секілді.
«Танысып ек деді досым біз қалай?»
Еске түспей аңтарылып қалғанбыз.
Сәл кідіріп, жауап бердім мұздамай
«Біз ешқашан таныспаған жандармыз».
Мен досыммен дәл осылай көрісем,
Аңыз қылад, ол мен басқан әр ізді.
Адамдармен танысқаннан гөрі сен,
Адамдарды танығанын маңызды.
Бүгін сірә тоқтатпаспын әнімді,
Күркіретіп аспанды.
Танысқаны ауыртады жанынды,
Анасының баласымен тастанды.
Таныдын ба? – деп кезікті бір таныс,
«Бір танысқа айналарын білген ем».
Айтатыны құр табыс,
Шешенсісе сөйлейді кеп мінбеден.
Бейтаныс бір әлемдерден оянып,
Сүзіп шыққын шырмауықты сүзгімен.
Біз сізбенен таныспай-ақ қоялық,
Танып тұрмын сізді мен.
Құрдас
(Саттар Ерубаевқа)
Қалың қалай, Саттар құрдас!
Сыр айтайын ақтарылмас.
Бой бермей-ақ келеді әлі,
Ана-мына жаққа бұл бас.
Жиырма үшімде өлем деудің,
Орынына өлең бергін.
Басқа түгіл өз басына,
Еш қалтқысыз сенем дер кім?
Қанмен жазған әріптермен,
Барады әне жанып, кеудем.
Өтемін бе, дүниені
Түнек сосын жарық деумен.
Сенен бұрын күндес, көрмен
Серт береді тілдеспеуге.
Өлім жайлы айтпай-ақ қой,
Өмір жайлы білместерге.
Күншілдігін күндемегін,
Үндемедім, үндемегін.
Оның күнге айналарын,
Әу бастан-ақ білген едім.
Әперем деп айды көктен,
Қанатыңды жайдың, өктем.
Өмір сені қайғылы еткен,
Өлім сені әйгілі еткен.
Кездескенше, Саттар құрдас!
Сыр айтқанмен, ақтарылмас.
Бой бермей-ақ келеді әлі,
Ана-мына жаққа бұл бас.
***
Ақ таңға ұқсап кеткенменен шаштары,
Оның жанын қара бұлттар баспады.
Сол бір түні менің атам жанарын,
Ашты. Жұмды. Ашты. Жұмды. Ашпады.
Ашқанында, дүние қандай жарық деп,
Біз осыған келіппіз-ау ғаріп боп.
Тәнді қойшы, жанымды өртеп барады,
Іңкәрлігін ең соңғы рет танытты от.
Жұмғанында, әжем боздап жіберді,
О дүниеге қияр дейсің кім енді?
Айқасы ғой фәни менен бақидың,
Өлімменен қауыштырар біреуді.
Қайта ашқанда үміт гүлі бүр жарып,
Қайта солып қаларын ол білді, анық.
Аспан жақта күнге ілініп тұр бесік,
Түнге кірді бір табыт.
Жұмғанында, алтын бесік тербелді,
Темір табыт жерге енді.
Зілмауыр мұң басып, жаншып барады
Қаңыраған кеудемді.
Ашпағанда, көк аспаннан нұр жауды,
Қимай бара жатты адамдар бір жанды.
Боздап қалды әжем байғұс, кім ертең
Түзетед деп, мұржамды.
Атама ұқсап кетті мына аспаным,
Көз ілініп кете берді. Шаршадым.
Ей, дүние сен не деген жарық ең?
Аштым. Жұмдым. Аштым. Жұмдым.
«Аш, жаным!».
***
Алланың жаратуында адам үшін ең адал – Ажал
Мартбек Тоқмырза
Жерді кезген Өліммін!
Сәуле болып бөліндім.
Біреулерге дүлей һәм,
Үрей болып көріндім.
Кесімім де бір бір басқа,
Шешімім де бір басқа.
Таба алмадым дұшпан да,
Таба алмадым сырлас та.
Адамдардың ең адал,
Досы болам, кел, Адам!
Тербетеді жанынды,
Менен бұрын Жер-анам!
Жұтсың сені жер мейлі,
Сендік жарық сөнбейді.
Бұл адамдар өлгенмен,
Өлім бірақ өлмейді.
«Берер дейсің өмір не?
Берілме дос, жеңілме.
Мен де бір күн аяулым,
Айналамын Өлімге!»
***
Әлдеңені сезетіндей отты ішім:
Бұл қаламда еш құдірет жоқ, түсін.
Көргенің не, ей, ақыным, ардақтым,
Отты сұм да, боқты сын.
Түн де оның серігі емес, жары да
Туған жоқ ол жұрт біткеннің бағына.
Шаң жуытпас жандарыма, өмірдің
Жұқпаған ба дағы да?
Теңесе алар жасың болса жермен де,
Бұл не деген майырылмас өр кеуде?
Адамдардың салы суға кеткен жоқ,
Ақын туып, өлгенге.
Мені сөксең тек сен ғана сөкші, үміт
Қаруымнан кетсе дағы оқ шығып.
Білесең ғой жыр емесін ақынға,
Тоқшылық пен жоқшылық.
Біз де сіздей бола алмадық, сіз біздей
Жүретін ек үміт жібін үзгізбей.
Түнді іздеп шаршағаным бар еді,
Енді тоқтау салып жүрмін күнді іздей.
Қандай сиқыр мына күйге бөлеген?
Білсем егер арбауыңа көнер ем.
Бір білгенім, ақыным-ау ардақтым,
Ең мықты өлең – жоқ өлең.
Балалық ғаламшары
Көзіме бір көрінсең бала-ғашық
Мұқағали
Амансыңдар ма, балалар
Күн жылы шығар сендерде?
Бізде санасар сана бар,
(Соны осы біреу көрген бе?)
Мейірім толы мен білем,
Ғаламшарларында сендердің.
Жалғандай жалғыз белгімен,
Сол жақта бір кез өлгенмін.
Бұл жақта қайтып туылғам,
Сосын елесімді іздегем.
Ғаламшарларыңнан қуылған,
Қандастарыңбыз біз деген.
Қай нүктеде екенін топшылап,
Ұмтылдым талай бұзбаққа.
Сендерде де осы көп шығар,
Құмартатындар біз жаққа.
Тыңдандар, келер ақындар!
Тыңда, болашақ қылмыскер!
Бұл жақта жат қыз, жат ұл бар
Және қаптаған білгіштер.
Алапат осы мен көрген,
Табалар біреу алалар.
Тілдескім келед сендермен,
Қабылдандаршы, балалар.
Мына естігенім ән анық:
«Төрім – шыңырау, көрім – шың».
…Жоғалып кеткен балалық!
Көзіме бір сәт көрінші.
Менен жауыздың несі кем?
Жандыра алмадым өшкенін.
Қарамай кетсең кешірем,
Танымай кетсем кешпегің.
Тым ұзап кеттім мен сенен,
Уақыт – қанішер, қатал-ақ.
Өмірді сағынышпен өлшеген,
Біздегі мынау – махаббат!
Асылық болар әнмін деу,
Ән деген – өмір… Көңіл ме?
Балалық шақта, бал күнде,
Уақыт болмайды, өлім де.
P.S. Кеудеде қалған нала бар,
Маған бұйырған өкім ең.
Мұнтаздай таза балалар,
Есеймеңдерші, өтінем!
Ақындар туралы баллада
– Не деген көп табыт…
Кім бұлар?
– Ақындар… үндеме, жын буар.
– Барлығы өлген бе бір сәтте?
– «Бір-бірін құртқан қол жұмсап» де.
– Қалайша?
– Ол ұзақ әңгіме,
Таңба боп қалатын мәңгіге.
Дейді ғой ақынға жын құмар,
Жалынды бір сәтте күл қылар.
Ол кезде ақындар ерек тым,
Бір-бірін білмеуі керек-тін.
Тағдыр ма, тылсым ба?
Бір-бірін тапты олар бір сында.
Төгілді сол күні өлеңдер,
Жинақы біреуі тереңдеу.
Өлеңдер артынан мақтаулар,
Сынаса оны кеп ақтау бар,
Көкейде бір сұрақ қап қойды, ә?
Барлығы бір сәтте батты ойға.
«Мынаның шабысы белгілі,
Ал мынау жаза алмас өндіріп.
Біреуі сезімнің құлы екен,
Мынаның ойлары тың екен.
Дегенмен ұзаққа бара алмас,
Бола алмас, тап алмас»
Бәрінің басылмай желігі,
«Ақынмын» деді іштей «Ең ұлы».
«Меніңше» деп біреу бөлді ойды,
Бәрінен Жәкеңнің өлеңі өлмейді.
Тың ойды кім енді кем дейді,
Бұл жерде «жаман» деу келлмейді.
Үшеуі бас изеп мақұлдап,
Алтауы жоқ деуге жақын қап.
Сыр бүгіп қалды да жымиды,
Енді олар күнде өстіп ұлиды,
Көкейде бір күмән қап қойды, ә
Тағы да ақындар батты ойға.
Аңызды аяқсыз қалдырып,
Басқа ойға ойысты, сәл күліп.
– Шайырды өлтірер тек ақын,
Мағжанды өлтірген ақындар болатын.
Деді де ол да бір батты ойға
Менде де бір сұрақ қап қойды, ә!
– Сен кімсің?
Мұндағы барлығын…
Дегенше жоқ болды әлгі інім.
Ақынды пасықтық билесе,
Арды олар сүймесе…
Жоқ, жаным, мұны ақын деместі.
Өлеңмен қалайша тел өсті?
Тоқтай тұр…
Жыр жазатынымды мен кеше,
Кімге айтып қойып ем,
Ендеше…
Бір кезде жаңғырды мола іші:
Құдай-ау, өтінем, тек ақын болмасын.
Өмірге келші…
Өмірдің басы, шетімен
Ғажайып болып бекіген.
Шын айтам, балам, ант берем
Өмірге келші өтінем!
Махаббат пенен рақым бар,
Сүюге сенің хақың бар.
Бұ дүниедегі үлестен,
Өзіңе ғана жақынды ал.
Жақсылық өлген жоқ мұнда,
Жаны бар су мен оттың да.
Өмірге келіп, әлде сен
Кетіп қалдың ба, соқтың да?
Өмірдің түн мен таңынан,
Бір мін таптың ба, жаным-ау?
Қайта алмай қойдың ба әлде сен,
Балалық ғаламшарымнан?!
Қырсықсың сен де қыңырсың,
Батпай-ақ қойды күнім, шын.
Өмір айтқандай болмаса,
Сол сәтте әкеңді жын ұрсын.
Анаңды аяшы, күрсінген
Менен қалғаны құр сүлде.
«Өмір опасыз» дегенді,
Естіп ап келмей жүрсің бе?
Ауа орнына жел жұттым,
Тауды орнынан жылжыттым.
Тіл ала қою жоқ сенде,
Баласы құсап ел-жұрттың.
Жер мендік балам, жер сендік
Махаббат болып өлшенді.
Ғаламат мынау әлемге,
Келе ғой балам, келші енді.