Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толады. Бұл тарихи дата халықтар ерлігі, батырлығы мен бірлігін мәңгі есте қалдыратын маңызды күн болып табылатыны сөзсіз. Сол себептен, біздер аға буынның ерлігіне тағзым етіп, кейінгі ұрпаққа үлгі етуіміз керек. 1941 жылы 22 маусымда басталған бұл соғыс Кеңес Одағы халықтарының басына ауыр сынақ болып төнді. Қазақстан да бұл ауыр кезеңде өз үлесін қосты. Миллионнан астам қазақ жауынгері майданға аттанып, олардың көпшілігі Отан үшін жанын қиды.
Солардың бірі 1943 жылдың қаңтар айында Шет аудандық әскери комиссариатынан соғысқа аттанған жерлесіміз Оразбеков Қапас Нұраұлы. Бұл кісінің туған жері «Қызыл Теңдік» ауылы. Қазіргі уақытта Шет ауданы, Тағылы селолық округіне қарасты Қызылту елдімекені. Майданға аттанған кезде Қапас әкеміз небәрі он сегіз жаста ғана екен.
Мектепте оқи жүре, жастайынан еңбекке ерте араласқан. Ауылшаруашылық науқандары кезеңдерінде колхоздың жұмысына белсене араласып ысылған. Қарулы жігіт малды өсіру, бағу, оларға жем-шөп дайындауда барынша шаруаны білудегі ебін көрсетіп, бір кісідей жемісті еңбек еткен.
Соғысқа аттанар кездегі батыр әкеміздің келбетін апамыз Дәнім Омашқызы былайша:
– Ағамыз ұзын бойлы, денелі, сымбатты, ақсарылы жүзді, көкшіл көзді, ағайын-туысқа өте бауырмал азамат болды, – деп суреттеп еске алып отырады екен.
Майдангер ағамыз соғыстың нағыз ортасында жүріп сандаған ерліктер жасаған. Оның Отанымызды қорғауда жасаған ерліктерін сипаттайтын құжаттар да жоқ емес.
Панев-Кальное тұсындагы сұрапыл ұрыста кызыләскер, комсомол мүшесі Оразбеков Қапас Нұраулының ерлігін 1944 жылғы 14 қазандагы №89/238 мадақтау парағы төмендегіні сипаттайды:
«Неміс фашистерінің үлкен тобының шегінген сәтінде кызыләскер Капас Нұраұлы олардың алдын орап кенеттен автоматтан оқ жаудырып немістердің сапын бұзады. Немістер оны байкамай, алдарындағы биіктікке ұмтылган сәтте жауынгер кенеттен қайтадан оқ жаудырып, олардың бекіністенуіне мүмкіндік бермей, 15 неміс фашистерін жермен жексен қылады. Осы ерен ерлігі үшін Капас ағамыз «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады».
Мұрағаттан алынған наградаға ұсыну құжаты:
«Оразбеков Капас
Орден «Красной Звезды»
Наградной документ
Дата рождения: 1925 г.
Наименование военкомата: Четский РВК, Казахская ССР, Карагандинская обл., Четский р-н
Дата и место призыва: Четский РВК, Казахская ССР, Карагандинская обл., Четский р-н
Дата поступления на службу: 06.1942 г.
Воинское звание: красноармеец
Воинская часть: 117-ая танковая бригада
Наименование награды: Орден Красной Звезды
Приказ подразделения
№: 20/н от: 27.10.1944
Издан: 117 тбр 1 тк».
Бұл ерлікті жасаған кезінде батыр ағамыз Моторизацияланған автоматшылар полкында автоматшы болып жүрген екен. Ол туралы мұрағаттан алынған дерек бар.
Кейін майдангер ағамыз танк бригадасына ауысады. 1945 жылдың 20 қаңтарында Калининград маңында болған қиянкескі шайқаста тағы да бір ерлігін көрсетеді. Ол кезде ол Қызылтулы Инстербург І танк корпусының 117-ші танк бригадасында болған. Алайда, осы ұрыста ерлігін көрсеткенімен кіші сержант, Т-34 танкісінің радист-пулеметшісі Оразбеков Қапас қан майданда, нақтылап айтқанда танкінің ішінде қаза болады.
Капас ағамыздың денесі Ресей Федерациясының Калининград облысы, Гвардейский ауданы, Большие Горки селосындағы жалпы мазарда (братская могила) жерленген.
Ағамыз туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің Мемориал сайтында жазылған.
20 жас қана өмір сүріп, қан майданда қаза болған ағамыздың өзінен ұрпак калмаған. Аға-бауырлары Шахмет (бұл кісі де соғыс ардагері), Әлғазы, Ерғалы, Камен, Ермек ұрпақтарын өрбітті. Қарындастары Запира, Сара, Тұрған, Несібелді, Зәру, Амангүл, Жамалдан қалған 4 ұлдан, 8 қыздан ұрпақтар бар.
Батыр әкеміздің бауырларының бірі Есімғалиев Ерғалы Оразбекұлы облысымызға, ауданымызға танымал азамат болды. Мамандығы құрылысшы болған марқұм ағамыз Ақадыр аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық байланыс торабы бастығы қызметтерін атқарған. Өңірге сіңірген еңбегі ескеріліп, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болу үшін және мәңгілік есте қалдыру мақсатында Шет ауданы, Ақадыр кентіндегі бір көшеге оның есімі берілген.
Тағы бір бауыры Есімғалиев Кәмен Оразбекұлы бүкіл саналы өмірін ішкі істер саласына арнап, халықтың тыныштығын күзетуде зор еңбегін сіңірген азамат. Еңбек жолын қатардағы милиционерден бастап Ақадыр аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарлығына дейін көтерілген.
Бір сөзбен айтқанда, бауырлары бейбітшілік заманда батыр ағаларының ерлігін жалғастырып, ерен еңбегімен халықтың ықыласына бөленген жандар.
Алдымыздағы келе жатқан Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – бұл тарихи оқиғаны еске алу ғана емес, сонымен қатар бейбітшіліктің, достық пен ынтымақтың құндылығын ұғыну. Бізге мұра болып қалған Жеңіс – батыр бабаларымыздың ерлігі мен халқымыздың табандылығының нәтижесі. Оларды ұмытпау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы.
Қорытындылай келе, Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы – тарихқа тағзым ету, ерлікті еске алу, бейбіт күннің қадірін білуге бағытталған маңызды дата. Бұл күн – ұрпаққа үлгі, елге аманат болуы керек.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті