Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінде Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер мен қыздар қатысқан жеңіл атлетикадан ашық турнир өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Е.Б.Халилин, Қарағанды облысы жеңіл атлетика федерациясының президенті М.С.Платонова, «Көкбөрі Керней қоры» ҚҚ қорының президенті Ұ.А.Әбдіханов, облыстың құрметті азаматы Т.Майбас, батыр ұрпақтары М.Нұржанов, А.Ербекеев құттықтау сөз сөйледі.
Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінің директоры Н.Қ.Түсіпов қор президенті Ұ.А.Әбдіхановқа демеушілік көрсеткені үшін Алғысхат тапсырды. Қарымды қаламгер, Қ.Нұржановты ұлықтауда азаматтық танытып, үнемі қолдау көрсетіп жүрген Т.Майбас Белорусь мемлекетінен келген жаттықтырушының иығына қазақ дәстүрімен шапан жапты.
Жарысқа Беларусь Республикасынан, Астана қаласынан, Солтүстік Қазақстан облысы, Ұлытау облысы және Қарағанды облысының қалаларынан 200-ден астам спортшы қатысты.
Жарыстың ең жоғары жетістігі үшін жалпы жүлде қоры 240 000 теңгені құраса, оны «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қоры мен Кеңес Одағының Батыры Қ.Нұржановтың туыстары бөлді. Қазақстанның спорт шебері Ж.Жандығұлов бастаған Қарағанды қаласында тұратын ауыл азаматтары демеушілік көрсетті. Сонымен қатар бірінші орынға ие болған турнир жеңімпаздары жалпы қоры 200 000 теңгені құрайтын ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Турнир барысында 6 рекордтық көрсеткіш жаңартылды, былтырғыға қарағанда 2-ге артық. Рекордсмендерге 40 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілді. Бес спортшы Белорусь елінен, бір спортшы Қарағандыдан. Он спортшыға ескерткіш сыйлықтар табысталды. Белорусьтің жаттықтырушы Н.Мозельдің туған күні екен, оған батырдың туыстары гүл сыйлады, ресторанға апарып, сый-құрмет көрсетті.
Шетелдік қонақтар Майқұдықтағы Қ.Нұржанов атындағы мектеп-гимназияға барды, мектеп ұжымы бауырмалдықпен қарсы алып, естелік сыйлықтар табыстады. Гимназияға барған белорусьтік оқушылар Қ.Нұржановтың портретін көріп қатты қуаныпты, сырт елде жақынымен табысқандай сезімде болғанын жасыра алмапты. Нүркен Әбдіровтің ескерткішін көріп: «Біздің батырымыздың ескерткіші қайда?» деп сұрапты Волковыск қаласынан келген спортшылар. Күні бойы көңілді жүрген қарағандылықтардың тілі байланған жер осы болды.
Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған 2010-2011 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында жеңіл атлетикадан ашық турнирдың ЕСЕБІ:
Турнирдегі спортшылардың өнер көрсету нәтижесі бойынша 6 спорт түрі бойынша жарыстың ең жоғары жетістіктері анықталды.
Жеңімпаздар арнайы марапатқа ие болды.
Аңғар СМАҒҰЛ