Алмат атшаптырым кабинетіне әрең сыйып отыр. Сондай сергек. Көңілі әлденеге алабұртып, алаңдайтын секілді ме… Телефон тұтқасына қол созды. Кімге қоңырау шалу керектігін де білмейді. Ешқандай түймесін басқан жоқ. Бірақ, тұтқаны құлағына тосып, біраз отырды. Қайтадан орнына қойды. Былғары креслосын сықырлата шалқайып, көзін тарс жұмды. Ойға шомған.
Түндегі көрген түсі ойына шырмалды. Лариса Сергеевна. Жетімдер үйіндегі тәрбиешісі. Өңіндегідей. Сол қамқор пейілімен мұның маңдайынан сипап, әлденені түсіндіріп тұр. Марқұм сонша мейірімді еді ғой. «Сен осы адалдығыңнан айнымасаң, үнемі жолың болады. Қиындыққа жасыма. Сенің маңдайыңа жазылған қиындық пен тауқыметтің барлығы артта қалды. Міне, азамат болдың!», – дейді мейірім тұнған жанарынан шуақ төгіліп.
Селк ете қалды. Сергектігіне селкеу түсті. Ендігі еншісі – ауыр ой. Тұмшалап алсын. Ес білгелі ауыр ойдың тұтқыны. Тағдыры әу бастан-ақ таудай тауқыметті таралғы еткен. Естуінше, мұны әлдебіреулер қаланың ескі базары маңынан тауып алыпты. Қағаз жәшікке салып, қасіреттің жөргегіне құндақтап кеткен екен. Кім болушы еді, анасы. Жетімдер үйіне қалай тап болғаны туралы алғаш Лариса Сергеевнадан естігенде, ғұмырында бір көрмеген анасын қатты жеккөрген. Батылы жетіп сұраған – өзі. Бекер сұрадым-ау деп, өкінген де. Сол сәттен бастап мұның болмысы тұйықталған. Беймәлім тағдырдың ақиқаты ащы шықты. Оған Лариса апай кінәлі емес. Өзі де. Алайда, жеккөре тұрып, анасын да кінәлай алмаған. Әйтеуір, сол күні бұның бар жандүниесі – мұңға, қуанышы ақыретке оранғандай болды.
…Қазіргі тұрмысы жаман емес. Бизнесте жолы болған. Іргелі кәсіпорынның басшысы. Өзімен бірге жетімдер үйінде тәрбиеленген Жаннамен көңіл қосып, шаңырақ көтергелі мұңдары шаттықпен алмасқан. Мейірімге шөліркеп өскен қос мұңлық бақыттың бағасын біледі. Екі перзент сүйді. Өздеріне бұйырмаған ықылас пен мейірімді қос балапанына төгуде. Екеуінің де перзенттері дегенде, шығарға – жандары бөлек. Жанна екеуі өмір сарайының қақпасын ашқанда, ешкім қуанбаған. Осыны ойласа болды, Алмат үшін пенде біткеннің барлығы біреудің қуанышына налып, қайғысына күліп қарайтын безбүйрек болып көрінеді. Жалғыз ғана Лариса Сергеевнадан басқасы. Неге? Жауапсыз сұрақ.
Тұңғиық ойын телефон даусы бөліп жіберді. Ұялы телефоны. «Анашым, сені ойласам…». Қоңырау әуеніне бұл әнді таңдағанына да осы сәтте өкінді. Бұған дейін мәңгілік сағыныштың салмағын сезініп жүрмек үшін таңдаған еді… Енді…
Бизнестегі серіктесі Бақытнұр екен.
– Алло, Алмат, қалдарың қалай? Жанна, балалар қалай?
– Бақытнұр, аманбысың? Бәрі жақсы, өздерің ше?
Даусы құмығып шықты. Бақытнұр әлдене жайсыздықты сезгендей:
– Немене, ауырып тұрмысың?
– Жоқ, әшейін…
– Ана тендердің шаруасы не болып жатыр?
– Ұсынысымызды беріп қойғанбыз. Сәтін салса, осы аптаның соңына дейін күтеміз. Бұйырса, болып қалар…
– Жарайды. Жақсы болар еді. Ал бүгін аң қағып қайтсақ, қайтеді? Астанадан жігіттер келіп еді. Шаршап жүрген боларсың, сергіп қайт. Табиғат-Ананың құшағында бір жақсылап сайран салайық.
Тағы да «Ана». Осы сөз Алматтың жүрегіне неге жүк арта береді? Оның байыбына жете алмай жүр.
Дос өтінішіне жауапты сәл үнсіздік танытып барып бергеніне ыңғайсызданғаны болар, қарсы сұрақ қойып үлгерді.
– Қыстың қансонары емес. Көк көтеріле қоймаған көктемде не аңшылық? – деп, әңгіме сыңайын қалжыңға айналдырғандай кейіп танытты.
Бірақ, ішкі ойы келісім беріп қойған. Шықсам – шығайын. Барсам – барайын. Ұнжырғасы түсіп отырған Алматтың жан әлемі осылай деп күбірледі. Бәлкім, Табиғат-Ана туғанындай болған марқұм Лариса апайдан да, бұдан шарана күйінде бас тартқан анасынан да мейірімді шығар…
– Жақсы. Ғұмырымда аң аулап көрмеп едім, барсақ, барайық.
…Адыр-адырды шолып көп жүрді. Аң кездесер ыңғайы жоқ. Алмат айтпақшы, із кесетіндей қыстың қансонары да емес. Жер дегдігенімен, көк қаулай қоймаған. Аңшылар тізгіндеген қос «Джип» енді қылтия бастаған шалғынды олай да-бұлай жапырып, дөң-төбені сүзіп жүр. Мылтық кезенер түз тағысы – жоққа тән.
– Ана қырдың арғы ылдиын бір шолайық. Қарсы бетінде биік жартас бар. Сол маңайда қасқырдың апаны болу керек, – деді бұл төңіректің ой-шұңқырын жетік білетін Сұңғат сұңғылалық танытып. Үнемі желігіп отыратын Жетпісбай:
– Осы жерге бір тоқтап, жүзден көрсек қайтеді? Тілек айтайық, қанжығамыз майланып қалар, – деп «жетелі» бастамасын көлденең тартты.
Ұшқалақ жігіттің ұтқыр бастамасы жерде қалмады. Барлығы осыған бәтуаласып, арттағы көлікке белгі берілді. Аялдау жөнінде.
Көк шалғынға дастарқан жайылып, тоңазыған жылқы еті мен тұздалған қияр төрге озды. Одан кейін – шөлмек пен стақан. Оймақтай стақандардың ернеуі толып, ерінге қарай бағытталды.
– Қанжығамыз майлансын!
– Алғашқы оғымыз – арланға!
– Қаншығы болса да, жаман болмас еді… Әйтеуір, құр қайтпасақ, жарады. Астанадан келген бұжырбет, дәу қара да өз дәмесін жариялады.
– Саспаңыз, Мәке! Арланын алдыңа, қаншығын қанжығаңа өңгеріп қайтасың. О не дегеніңіз?! Шыққанымыз жаңа ғой. Бірінші кезіккенін өзің атасың, Мәке! Соған жеткізсін! Қане, құйып жіберіңдер!
«Ізгі тілектердің» ілкімді дегені – осылар. Гөй-гөйлетіп, екі-үш алып жіберген аңшы жігіттер әжептәуір көңілденіп қалған. Ішімдікке әуелден әуестігі жоқ Алмат өз тобынан өзі оқшауланып тұр. Көптен бері бойын тұмшалап алған тұманды ойын саф ауа сергітіп-ақ тастады. Бар олжасы – осы ғана. Әйтпесе, мына жігіттердің желігі мұны желпіндіріп тұрған жоқ. Бақытнұр досының ұсынысынан бас тарта алмаған. Рас, оған да риза.
– Ал, жиналайық!
Бұл – Астанадан келген мәртебелі Мәкеңнің бұйрығы. Орындалды.
Сұңғыла Сұңғаттың айтқаны айдай келді. Алдыңғы «Джип» тура қасқыр апанының үстінен тоқтады. Тағы да сұңғыламыз суырылып алға шыққан.
– Бөлтіріктері бауыр көтергенімен, әлі ширай қойған жоқ. Апан маңынан кездесіп қалуы кәдік. Мұқият шолу керек, – дейді тағылар тұрмысының зертеушісіндей көсіліп. Ауыз жиып үлгерген жоқ, жартастың үңгірге тән қолтығы жағынан тобылғының сыбдыры естілсін. Бөлтірік! Жігіттер қиқулай ұмтылған. Жыртқыштығы жырынды болып үлгермеген байғұс дір-дір етіп, шоқ тобылғыға тығылды. Дәрменсіз күйде. Дегенмен, бабасы – бөрі ғой, ырылдап, айбат шеккісі бар. Үймелей қалған адам тағыларынан үрейі ұшты, білем. Шолақ мылтығын шолтаң еткізіп, жетіп келген астаналық Мәкеңнің қолын Сұңғат қағып жіберді.
– Қоя тұрыңыз, Мәке! Атпаңыз!
Аңтарылып қалған Мәкең түкке де түсінбеді. Басқа амалы бар болу керек, Сұңғат сораң-сораң етіп, көлікке ұмтылған. Әп-сәтте шұбатылған арқанын сүйретіп, қайта оралды. Жалма-жан бөлтірікке тап берді. Бүрісіп жата қалған бөрінің тұқымын тұқыртып барады. Мойнына арқанды шалмалай орап, бөлтірікті көтеріп алды.
– Атаңа нәлет! Көрейін әуселеңді!
Серіктері селт етпей ақырын күтуге бекінген. Дамылсыз қимыл – Сұңғатта ғана. Қазықбау шалып оралған арқанның бір басын шірене тартты-ай келіп. Сол аяғымен бөлтіріктің кеудесін жаншып тұр. Бөлтірік шыңғырсын. Артының не боларын кім білсін… Бөлтіріктің ащы даусы шартарапты кезіп кетті. Айнала жаңғырып сала берген. Жартас жарылып кетердей.
– Қазір келеді арланы да, қаншығы да. Жартас жағын да, қырат жақ ылдиды да мұқият бақылаңдар. Мәке, сіз атуға дайын болыңыз!
…Әулие екен. Сұңғат. Алып жартастың түстік қапталынан қасқырдың даусы шықты. Қаншығы. Ызалана жортып келеді. Ырылдайды. Келе сала, бөлтірігіне қылбұрау салған топты түгел майқандау – мақсаты. Иә, оның мақсаты – жалқы. Бөлтірігін құтқару.
…Гүрс! Мәкең мерген шықты. Әлгіндегі ызалы ырыл қыңсылаған дауысқа айналған. Төрт аяғын бауырына алған қаншық дөңгелек пішінге ауысып, әудем жерге допша домалап кетті.
– Енді, сенің қажетің жоқ. Бар, әйда!
Бөлтірік арқаннан құтылды. Қарыстай ғана құйрығын екі бұтына тыққан күйі інге зып берді. Оққа ұшқан енесіне де қараған жоқ.
– Жарайсың, Мәке!
– Беу, сұрмергенім-ай!
– Біздің Мәкең құралайды көзге атады ғой.
Лепірме мақтау. Арзан мадақ. Жүз грамм. Оймақтай стақанның ойнақтай жөнелгені. Ду-ду…
Тек қана Алматтың жанары тұманданып кетті. Көз алдында – Лариса Сергеевна. Өзінің анасы емес. Жетімдер үйіндегі күндері зуылдап өтіп жатты көз алдынан. Ересектер тобындағы Ефим, әлгі бір сотқар Саша құқай көрсеткенде, Лариса апайы талай араша түсіп еді. Иә, Лариса Сергеевна. Анасы, яки, әкесі емес.
Қанжығасы қанданған топтың Алматтың жүрегіндегі жарылыспен, жанындағы арпалыспен жұмысы жоқ. Босаған шөлмекті жартасқа ұрып, басқасын бастап жатыр.
– Енді аңға шықпаспын! – деді Алмат тістеніп. Теріс айналып кетті.
…Лариса Сергеевна. Иманды болғыр! Анасы емес…
Бір күнгі аңшылықтан тапқан олжасы – осы. Манағы сергектігі семіп қалған. Қайтадан азап. Ой азабы.
– Менің анам мына қасқырдың қаншығы құрлы бола алмаған екен-ау, – деп ауыр күрсініп, көлікке беттеді. Иығы салбырап, лезде еңсесі еңкіш тартып шыға келді…
