Ертегіден Елтаңбаға дейін…

Не ғаламаттың бәрі ертегіден басталмай ма? Қазақта «Кер құла атты Кендебай» деген ертегі бар. Атының өзі біраз жайды аңғартады. Неден кенде, неге бай адам. Кенде деген жетпеген, жарымаған кісі есебінде. Бай – төрт құбыласы толық адам. Әрі кенде, әрі бай болса… Қызықты қараңыз енді…

Күнін зорға көріп жүрген кедей Қазанғап ұлды болады да, есімін Кендебай қояды. Кендебай күн санап өседі де, қасқыр жарған биенің үстінен түсіп, құлынынаман алып қап, соны асырап, ат қып мініп, ата-анасын арманына жеткізеді. Солсияқты, біздің ұлттың да ертегіге бергісіз тарихы бары енді-енді айтылып келеді.Әсіресе, адамзат тарихында осыдан 6 мың жыл бұрын жылқыны алғаш қолға үйретіп, асауды ауыздықтап, ерттегендер – Қазақстан жеріндегі Ботай қонысын мекендеген тайпалар екені 1980 жылдары кеңестік кезде дәлелденгенімен, дүниежүзілік дәрежеде тәуелсіздік алған жылдары ғана мойындалды. Айтуға оңай болғанымен, бұл – әлемзерттеушілері қаншама жылдар зерттеп, таппай қойған сенсациялық жаңалық еді. Осындай жаңалықтар бой көтеріп, төбе көрсете бастап еді, дүниежүзіне дабыл қағып, Көшпенділер ойыны шыға келді. Елімізде өтетін Дүниежүзілік Көшпенділер ойынының басталуына да санаулы күн қалды. Оның басты рәмізі, яғни коды Күнбасты салт атты бейне. Осы ойындарды өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді. Салт атты белгісінен-ақ мұндағы көп өнер ат үстінде өтетінін аңғару қиын емес.

Сөзді ертегіден таратқанымыз тегін емес. «Аяз би» ертегісін мектеп жасынан білетіншығарсыз? Елеусіз жүрген ақылман Аяз, ханның тұлпарын сынамай ма? Сонда судан өткенхан тұлпарының артқы аяғын сілкігенін байқап қалады. Оны көрген Аяз «жалғыз-ақ міні,тұлпарыңыз құлын күнінде сиырдың сүтімен қоректенген» дейді. Тексере келгенде, енесіқұлындаған бетте өліп, құлынды сиыр сүтімен асырағаны рас болып шығады да, сыншыханнан зор құрмет көреді.Жылқының жүйрік, шабандығын жазбай таныған мұндайсыншылар қазақ тарихында мыңдап саналады. Кешегі Күреңбайдың ұрпақтары ел ішінде әліде бар. Бұлай деуімізге себеп, жылқыны алғаш қолға үйретіп мінген қазақтың жануарды жететанып, онымен бітеқайнасып кеткендігі. Антикалық заманда гректердің «кентавр» депжүргендері сақтар болып шықты. Ал, сол сақтардың Ұлы Даладағы жалғасы, «ер қанаты –ат» деп, қылқұйрықпен біте қайнасқан жылқымінез халық – қазақтар екені айнақатесізшындық! «Қазақ үшін лауазым-шеннің, мансап-биліктің биік шыңы – аттың үсті» дейтінқанатты сөз еріксіз еске осындайда түседі.

«Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолитдәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш ретқазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынғансалт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі. Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр –жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі» дейді ғалымдар. Сондаадамзат тарихындағы дамудың алғашқы кезеңі, тұңғыш өркениеттің қайнар көзін біздіңбабаларымыз ойлап тапқан болады.Яғни, дүниежүзілік өркениетке Ұлы Даладан қосылған жеті игілік деп түсінген жөн. Адамзат баласы жаралғаннан Алтын Орда құлағанға дейін көшпенділер әлемдік үстемдікке ие болып тұрды. Асауды ауыздықтап, ер салып мінгенініңарқасында. Орта ғасырға дейін жер бетінде салтанат құрған озық өркениет – бұл. Жылқы –бейбіт заманда таптырмас көлік коммуникация күші болса, соғыс жағдайында ат үстіндегібес қаруы сай жауынгер анағұрлым үстемдікке ие.Атқа мінген қазақтың арқасы әлі күнге қозып шыға келеді. Алаш баласы аттан «кіші қазан» төңкерісі жылдарында бір-ақ түсті.Сталин Голощекиннен «қазақтардың рухын қайтсе сындыруға болады?» деп сұрағанда, әлгі тақыршекеңіз «жылқысынан айыру керек» деп кесіп айтқанының түбінде бір шындық бары анық. «Қазақ хандығы» көркем фильмінде Керей хан рөлін сомдаған Қайрат Кемаловағамыздың айтқаны осы қазір есіме түсіп отыр: «Өмірі атқа мінбей, қалада өскен қыздар ғойактрисалар. Басында жүрексінген әлгілер түсірілім барысында қызды-қыздымен топтаса кепаттың басын жібергенде, аруақтанып ұрандап шыға келетін болды. Тіпті, шапқан сайынайбарланып, жанары ұшқын атқан қарындастарымды көріп, таң-тамашаға қалдым. Ал,сауыт-сайман жабылып, найза, қылыш ұстап мінгенде кейбір арғымақтың өзі осқырынып, құлағын тігіп, ширай түсетінін қайтесің? Тізгінді жібер дегендей, ауыздықты қарш-қаршшайнайды сауыт, найза, қылышпен мінсең. Жайшылықта өйтіп рухтану жоқ. Қайран қалғангәбім – осы» дейді. Бұған енді «тартпай қоймас негізге» (Бұқар) дегеннен басқа артық ауызсөз қосу – әбестік. «Аттың үстінде бесті қымыздың ашуы бар» деген де біз.

Бәлкім, тіпті, қаламгер Сауытбек Абдрахманов айтпақшы, «где-то, где-то» деп бұлдырлата маңайлатқанымен, нақты жазбайтын (бәлкім, жазғысы келмейтін)» болуы керек… Бұған орыстың қатын патшасы екінші Екатеринаның «қазақтар тарихтан өздерініңкім екенін білсе, әлемді жаулап алады» дегенін қосуға болатын шығар.

«Ботайлықтар әлемде ең алғашқылардың бірі болып атқа отырды. Осыдан кейін барлық өркениет басталды. Діттеген жерге жылдам жету мүмкіндігі туды. Бұл адамның тағдырынтүбегейлі өзгертті» депті атышулы канадалық продюсер Найоби Томпсон. Жылқыны қолғаүйрету арқылы біздің бабаларымыз кеңістікке жол ашты. Материалдық тұрғыда да, руханитұрғыда да. Көшпенді Ғұн империясынан бастап, Шыңғыс хан, Алтын Орда әскері атыныңтұяғы тимеген жер қалмағанын теріп отырсақ, тақырыптан ауытқып кететініміз белгілі.

Жылқы жарықтықтың арқасында халықтар арасында коммуникация жеделдеді. Қазіркоммуникация құралының бірі – ғаламтор желісі. Тез арада ақпарат алмаса аласыз. Жылқықолға үйретілмеген кезде бір ақпарат он, жиырма, тіпті, елу, жүз жылда бір-ақ таралуымүмкін. Жылқы қолға үйретілген соң, бір немесе жарты жылда таралуы мүмкін әлгі ақпарат.Бұл сол заманда интернет желісін ойлап тапқанмен бірдей жаңалық. Өз заманы үшін озық технология. Ол озық технологияны кім игереді? Дамыған өркениетті ел меңгереді. Арттақалған жабайылар емес, озық ойлай білетіндер игереді.Түрік тектес басқа көшпелі халықтарда бар-жоғын білмеймін, қазақта «аттан» деген сөз бар. Қауырт жағдайда атқа қон, іске көш дегенді білдіреді. Қазір автокөлік, «сотканың» құлағына отырмай, шаруа бітпейтіні сияқты, ол кезде де атқа қонбай іс бітпеген деген сөз. Осыдан кейін өркениеттің бастауы, түпкі қайнар көзі бізде тұрғанын мойындамай көр.

Ертегіден – Елтаңбаға дейін

Халқымызда он үш киелі сан. «Он үште отау иесі» дейді қазақ. Неге екенін қайдам, батысжұрттары он үш санын жатсынады. Жаратылысында он екі қабырғасы болатын жылқыныңжүйрігіне он үшінші қабырға бітетінін қазақ жануарды соймай тұрып-ақ біледі. Оныәспеттеп, қанат дейді. Ауылда тай-жабағысында сойылғалы тұрған болашақ жүйрікке арашатүскен мал танитындарды талай көргем. Сойып жатқан қасапшылар «әй, анау біледі екен,расында, қанат шықты» деп бір қабырғасын артық санап жататын. Қазы айналдырғанда, әлгі«қанат» телшікке кететін. Алты қанат қара үй, он екі қанат ақ ордада отыратын қазақ киізүйін де мініс күшінің қабырғасымен есептеп жасаған болып шығады сонда.Қазақ ертегілерінде қанатты пырақтың бейнеленуі де тегін емес. Сол бейне Елтаңбамызда әлі күнге тұрғанын бүгіндері біз мақтанышпен айтуымыз керек шығар. «Құдайсыз қурай дасынбайды». Ештеңе тектен тек жоқтан пайда болмайды. Қазақтың жылқыны алғаш мінгенінЕлтаңбасының өзі айтып тұрған жоқ па?

«Қобыланды батыр» жырында Құртқа сұлу Тайбурылдың қырық күндік жарауы кемдігінайтып, батырдан жорыққа аттанбауын өтінетіні бар емес пе? Оны қаперге алмағанҚобыланды жолда соның зардабын шегеді. Қазақ даласында «ат жарату» жай сөз емес,термин десе болғандай. Кейінгі бәйге, аударыспақ, көкпар, теңге ілу, ат үстінде жамбы ату –бәрі осы Көшпенділер ойынына кіріп отыр.

Бүгінде сол Құртқаның сіңлілері жоқ емес. Олар тіпті жігіттерден гөрі жылқыға жақын екендіктерін әлеуметтік желілерде жариялап та жүр. Ат баптап, жүйрік жаратып жүрген арудың бірі әрі бірегейі Аружан Амангелдіқызы. Ат жалында ойнаған аруымыз, арғымақты тану мен түсінудің амалдары туралы айтып, ағынан ақтарылды.

– Жылқы баптау – жылқымен тілдесу деген сөз. Оны сынаудың да түрлі жолдары бар. Біреулер сыртқы тұрқы мен қимыл-қозғалысына қарап білсе, біреулер ізіне қарап-ақ қандай жылқы екенін жазбай таниды. Мысалы, жүйрік жылқының ізіне қарасаңыз, алдыңғы аяғының басқан орнын артқы тұяғы келіп дөп басады. Бұл жүйрік жылқының белгісі. Ал артқы тұяғының ізі алдыңғы тұяғынан озып түссе, онда жүйрік емес, жорға жылқының белгісі. Ал енді алдыңғы, артқы тұяғының ізі де бірдей анық, бірақ артқы тұяғының ізі алдыңғы тұяғының ізінен кейін түссе, онда шабан аттың белгісі.

Жүйріктің бабына келсек, жылқы қыздан да нәзік болып келеді. Сондай-ақ мінезді болады. Олардың қалауын қабағынан білмесеңіз, көңіліне жақпай қалуыңыз әп-сәтте. Жылқының да мінезі, талабы, таңдауы болады. Кейбіреулері жуас, байыппен жүріп, елеңдемей, өзін салмақты ұстайды. Ал кейбіреулері керісінше құлағын қайшылап, тырс еткен дыбыстан үркіп, тыпыршып, жер тарпып, жүргенде еркелеп жүреді. Енді бірде үстіндегі мінген адамға қарай ыңғайланып жүретін жылқылар болады. Мұндайда тізгіндеушіні тілсіз ұғатын жануар үстінде отырып қорықсаң, онда өз-өзін дұрыс басқара алмайды. Үстінде нық әрі сенімді отырсаң ғана басқан қадамында сенімділік болады.

Аттың сынына келсек, жүйрікті кез келген адам бір көргеннен танымайды. Аттың тұрпаты, тұрысы, жүрісі, шабысы, аунауы, тіпті жүрген кездегі құйрығының орналасуы көп нәрсе айтады. Алайда әр іске бейім аттың сыны әртүрлі болады. Мысалы, көкпарға басы үлкен, кеңсірігі кең, азулы, мойынды, көкірегі жалпақ, жуан, сауырынды, жүректі, қайтпас мінезді, ірі әрі мығым аттар жарайды. Ал жіңішке мойын, аяқтары ұзын, тік бақайлы, шоқтығы биік, ұзын, салқы төсті аттар ұзаққа шабады.

Атқа мінуді жақсы көру мен атты жақсы көру мүлде бөлек нәрсе. Аттың жанарынан оның көңіл күйін, ауру-сау екенін, не істегісі келіп тұрғанын бір қарағаннан түсіне алмайсың. Ат жарықтық иесінің көңілінен шығам деп талпынады, ал адам тым қинап жібереді. Бәлкім, оған жүген тар болып, езуі жырылып жатқан шығар, мүмкін шоқтығына ер тиіп батқан шығар, тағаның шегесі тұраға тиіп, жүргенде ауырсынатын шығар. Оның бәрін ол айтпайды, білдіреді. Міне, осындай жағдайда оларды түсіну үшін түйсік пен жүрек керек, – дейді ол.

Шынымен де жылқының бойында ұлтымызбен рухымызды біріктіріп тұрған бір қасиет бар. Мұндай құдіреттің ертегілерде сипатталуы да ер мен аттың бір-біріне серік болғаны атам заманнан бері жалғасып келе жатқандығынан дерек береді. Мысалы «Ер Тарғын» жырында да: «Айналайын, Тарланым, Құлында емдің, тайда емдің, Құнан жаста арда емдің. Дөнен жаста үйреттім, Алты қабат ала арқан, Жібектен өріп сүйреттім. Алшақтатып ойнаттым. Таудан асқан тұлпарым», – деп еміренсе, Қабанбай өзінің Қубасымен серттескенде: «Айналайын, Қубас ат, Сен келдің отыз сегізге, Мен келдім жетпіс сегізге. Сені мініп шапқанда, Тайсалмай түстім теңізге. Сенен басқа ат мінсем, Мінгендей болдым өгізге», – дейді. Міне, мұның бәрі де қазақ пен жылқының жіпсіз байланып, жіксіз біріккенінен хабар берсе керек. Қазақтың көзге, тұяққа, жүрісіне қарап жылқы тануы – өзгеде жоқ ерек қасиет. Сондықтан да ат баптау өнері ең ежелгі дәстүріміздің алтын діңгегі. Жылқы психологиясын білу, жылқы тану, оны бағып-баптаудың өзі дала мәдениетінің бір мәйегі.

Ал, азаннан салса кешке озып, ылдидан салса төске озып, құмына аунаған құлыны құлагер боп шығатын қазақ даласында өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарындағы ұлы аламанға қазірге қанша ат қосылатыны белгісіз. Алайда бәйгеден бағын сынап келетін жүйріктерге арнайы алаң дайындалған. Онда дәстүрлі ұзақ бәйге және ұшқыр бәйге болады. Ұшқыр бәйгеге арналған алаңның бір айналымы 1600 метрді құрайды. Ұшқыр аттар үшін жарыс үш түрлі қашықтықта болады. Ал дәстүрлі бәйгенің ұзақтығы 25 километрге дейін. Бұл бәйгеге келген аттар аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге деген сияқты жарыс түрлеріне қатысатын болады.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *