Қыс келгенде Арқа жұрты жолға шыққанда пойызды таңдайды. Бірақ төтеншеліктердің ескертпесін елемей, көлікке мініп сапарлайтындар да баршылық. Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бес күн ішінде 29 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында полицейлер 18 мыңға жуық көлікке жақын маңдағы елді мекендерге жетуге көмектесті.
Тынық болып тұрған күн бірден бұзылып, қар жауып, артынан жел тұрып, борандатқанда тасжолдар да жабылды. Салдарынан мыңдаған техника жолда қалды.
Өткен жылдың 28 желтоқсанында ауа райының нашарлауына байланысты Қарағанды облысындағы Алматы – Екатеринбург тасжолы, Теміртау – Астана учаскесінде көліктің барлық түрі үшін жабық болды. Теміртау қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол жағдайын бақылау үшін рейдтік шара өткізген болатын. Астанаға баратын жол терминалында бірнеше ондаған автокөлік жиналды. Олардың ішінде полиция қызметкерлері салонында Өзбекстан Республикасының 16 азаматы отырған Yutong маркалы автобусқа назар аударды. Қалыптасқан жағдайға байланысты шетелдіктерді Теміртауға көшіру туралы шешім қабылданды. Мұнда да полицейлерге қала әкімдігінің әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі дағдарыс орталығы қолдау көрсетті. Өзбекстанның барлық азаматы осы мекемеге орналастырылды, онда олар ыстық тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ сол күні және тағы да Алматы – Екатеринбург жолында облыс ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тағы бір төтенше жағдайға тап болды. Взвод командирі құрамында Д.Сыздықов пен инспектор Г.Тәжібаев бар автопатруль бағыт бойынша жүру кезінде Гүлшат кентінің маңында жол жиегінде тұрған BMW жеңіл автокөлігін байқады. Полиция тоқтап, осы көлікке жақындап, «көмек қажет пе?» деп сұрады. Жүргізуші анасымен бірге Ақтоғай ауданының Тасарал ауылынан Балқашқа бара жатқанын айтты. Жолда бензин таусылып, тоқтауға тура келген. Полиция көлікті жақын маңдағы жанармай құю бекетіне дейін сүйреп апарып, содан кейін қызметін жалғастырды.
– Жолдасым екеуіміз Астанадан Қарағандыға тойға барамыз деп шықтық. Орта жолға келгенде боран ұйытқи бастады. Шамалыдан кейін бір қадым жер де көрінбей қалды. Теміртауға келгенде тоқтатты. Ол уақытта сағат 1 еді. Қарағанды қаласына кешкі 7-де бір-ақ жеттік, – дейді Гүлжан атты келіншек.
Еріктілер тамақ таратып жүргенін де айтады ол. Иә, жолдар жабылып, мыңдаған көлік қар құрсауында қалып қойғанда оларға полиция мен төтенше жағдай қызметінің өкілдері ғана емес, автоволонтерлер де көмекке келді.
Еріктілер адамдарды қар құрсауынан құтқаруға және оларды эвакуациялауға көмектесті. Қарағандылық джиперлер көліктер өте алмай жатқан орындарға өз еркімен барды. Олар жүк көліктері мен жеңіл көліктерден құралып қалған кептелісті жоюға көмектесті. Полиция департаментінде автоволонтерлердің әрекетін атап өтті. 10 адам марапатталды.
– Жаңажылдық мереке күндері біраз қиналдық, ауа райы күрт нашарлап кетті. Осыған қарамастан, көптеген азамат үйіне немесе қонаққа баруға тырысты. Сол себепті жолдарда жеңіл көліктер де, жүк көліктері де, автобустар да жиналып қалды. Белсенді азаматтық ұстаным үшін сіздерге және департамент қызметкерлеріне көп рақмет. Сіздер полиция қызметкерлерімен тең дәрежеде азаматтық борыштарыңызды өтеп, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсеттіңіздер, – деді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Санжар Әділов.
Полиция департаменті бастығының бұйрығымен 3 азаматқа Ішкі істер министрлігінің нышаны бар қолсағат табысталса, 7 адамға Полиция департаменті бастығының алғысхаты берілді.
Бір апта ішінде жолдар республикалық маңызы бар 13 учаскеде 42 рет және облыстық маңызы бар 8 учаскеде 22 рет жабылды. 27 автоколонна ұйымдастырылып, 4 078 бірлік техника сүйемелденді. Тек Астана қаласына қарай бағытта 4 мыңнан астам, яғни қоғамдық, жүк және жеңіл көліктер жиналып қалды. Олардың ішінде 7 мыңнан астам адам, оның ішінде 800-дей бала жолда қалды.
Ескертуді елемей жолға шығып, қар құрсауында қалып, полиция мен төтеншеліктердің арқасында аман қалу, биыл ғана болып тұрған жайт емес. Жылда қайталанады.
Мысалы, 2023 жылдың 5 қаңтарында Қарағанды облысында 30 жолаушы мінген автобус қар құрсауынан шығарылды, бұл ақпаратты «ҚазАвтоЖол» таратты. Кешкі сағат 21:30 шамасында Қарағанды – Балқаш автожолының 1 750 шақырымында 30-ға жуық жолаушы мінген автобус қар құрсауынан шығарылды. Автобус жүргізушісі айналма жолға шығып, адасып кеткен. Кейін ол «ҚазАвтоЖолдың» бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, көмек сұрады. Оқиға орнына келген жолшы мамандар көмек көрсетті.
Қыс қаһары желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында ғана емес, көктем шыға да білінетіні бар. Мысалы, ақтүтек боран салдарынан былтырғы жылы 25 наурызға қараған түні 30-ға жуық жолаушы қар құрсауынан құтқарылды. Қарағанды облысы Осакаров ауданында жергілікті маңызы бар «Приишимск ауылы – Шоқай кенті» тасжолдың бойында жолаушылар мінген автобус қар құрсауында қалған.
Астана – Алматы бағытымен келе жатқан автобус Осакаровкадан 50 шақырым жерде тоқтаған. Оқиға орнына ТЖД күштері жіберілді. Өрт сөндіруші-құтқарушылар автобустан 28 адамды (оның ішінде 1 бала) Осакаровка ауылына көшірді.
Иә, қыс қатал сыншы. «Жолда абай болған дұрыс» дейді төтеншеліктер.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ