Теміртау қаласында газдандыру жобасы толық аяқталды. Инженерлік инфрақұрылым шамамен алты мыңға жуық жеке тұрғын үйге дейін жеткізілді. Бұл тұрғындарға табиғи газға қосылу мүмкіндігін береді. Жалпы ұзындығы 215 шақырым газ желісі тартылды, сегіз іске қосу кешенін қамтитын барлық үш кезең дайын. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Теміртау қаласы әкімдігінде атап өткендей, бүгінгі таңда жеке үй иелерінің барлығында газға қосылудың техникалық мүмкіндігі бар.
Газды іске қосу мерзімі тұрғындардың өзіне, үй ішіндегі газ желілерінің дайындығына және қажетті құжаттарды рәсімдеуге байланысты.
Қазіргі уақытта орталықтандырылған газбен жабдықтауға 2 228 үй қосылған. Тағы 2 900 отбасыға газға қосылуға арналған техникалық шарттар берілген.
«Теміртауды газдандыруды аяқтау қала тұрғындарының жайлылығы үшін ғана емес, экологиялық жағдай үшін де маңызды. Газға көшу зиянды заттардың шығарындыларын азайтып, көмірді пайдалануды қысқартуға және өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деп жазды Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Маңызды кезеңдердің бірі – Qarmet өнеркәсіптік алыбының табиғи газға көшуі болды. Бұл металлургиялық комбинаттың бүкіл тарихында алғаш рет жүзеге асырылды. Барлық домна пештері таза отынға көшірілді, ал биыл өзге цехтарды да кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарланып отыр.
Қарағанды облысын газдандыру 2020 жылы басталып, өңірдің елді мекендерінде жалғасуда. Қарағанды қаласында 8 553 үйге газ жеткізілген. Шахтинск қаласында автоматтандырылған газ тарату станциясы мен төмен қысымды газ құбыры салынды, ішкі кварталдық желілерді төсеу басталды.
Сонымен қатар, Саран қаласы мен Ақтас, Дубовка кенттері үшін газ тарату желілерінің жобасы түзетілуде.
Өңірді газдандыру өңірлік дамудың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Жобалар елді мекендердің өсу әлеуеті мен халық пен өнеркәсіптің қажеттіліктерін ескере отырып жүзеге асырылуда.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ
