Халқына еңбегімен ардақты – Төлеген Қасымұлы

Ұрпаққа өнеге болатын тұлғалар өмірден өткенмен, олардың қалдырған ізі, істеген еңбегі мен болмысы жүректерде мәңгі сақталады. Біздің атамыз, Төлеген Қасымұлы – сондай асыл жан еді.

Атамыз 1940 жылдың 29 шілдесінде Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Шет совхозының Қарамыс бөлімшесіне жақын Тесіктас деген жерде дүниеге келген. Жастайынан еңбекқорлықты бойына сіңіріп, туған жерінің тіршілігіне ерте араласқан ол, бұл қасиетін өмірінің соңына дейін сақтады.

1965 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын агроном-экономист мамандығы бойынша бітіріп, алғашқы еңбек жолын туған ауылында бастады. Кейін аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, «Шет» кеңшарының бас агрономы әрі бас экономисі қызметтерін абыроймен атқарды. Ел сенімін ақтаған жан ретінде 90-шы жылдары Шет селолық округінің әкімі болды.

Атамыздың жаңашыл көзқарасы, ғылым мен тәжірибені ұштастыра білуі – оны ауыл шаруашылығы саласының нағыз маманы ретінде танытты. Ол сортаң жерлердің құнарлығын арттыруға арналған фитомелиорациялық әдістерді қолданып, нақты нәтижеге жетті. Оның «Орталық Қазақстандағы сортаң жерлердің құнарлығын арттырудың фитомелиорациялық тәсілдері» атты еңбегі – бұл саланың мамандары үшін әлі күнге дейін құнды дүние.

Тіпті сол кезде көп қолданылмаған тарлауды (жабайы өсімдік) шаруашылыққа енгізіп, жүгеріден бұрын-соңды болмаған – гектарына 600 центнер өнім алғаны – атамыздың ізденімпаздығын, еңбексүйгіштігін дәлелдейді. Суармалы егіншілікте минералдық тыңайтқыштарды тиімді пайдалану жолдарын да өзі жасап, іс жүзінде жүзеге асырған.

Атамыз тек іскер агроном-экономист емес, ел қамын жеген азамат, ұрпағына өшпес өнеге қалдырған қайраткер тұлға болды. Өмірінің соңғы жылдарында қалам ұстаған зиялы жан ретінде де көрінді. Көзі тірісінде жарық көрген «Артына айтып жүрер сөз қалдырған» атты естелік кітабы – оның жан дүниесінің айнасы, ұрпаққа қалдырған рухани мұрасы.

Біз үшін ол – тек атамыз емес, шежірелі тарихтың бір парағы, елінің еңсесін тіктеген еңбек адамы. Оның күнделікті өмірдегі қарапайымдылығы, кеңпейілдігі, ізгілігі – оны таныған жандардың бәрінің есінде.

Төлеген Қасымұлының жарқын бейнесі – ұрпақтары үшін мақтаныш пен үлкен жауапкершілік. Оның өмір жолы – еңбек пен адалдықтың, парасат пен ұлтқа қызмет етудің айқын үлгісі.

Біз, ұрпақтары, атамыз Төлеген Қасымұлының елге сіңірген еңбегі мен өмірлік ұстанымын әрдайым мақтан тұтамыз. Оның қалдырған ізі – біз үшін өнеге, аманат – асыл мұра. Ардақты атамыздың жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

Рахмет Сізге, Ата!

Бибігүл Төлегенова,

немересі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *