Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың жеке қабылдауында өңір тұрғындары түрлі сауалмен жүгінді. Олардың қатарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, медициналық қызмет көрсету сапасы және әлеуметтік көмекке қатысты мәселелер болды. Оларды шешу үшін кездесуге басқармалардың өкілдері шақырылды, ал қалалар мен аудандардың әкімдері тікелей байланыста болды.
Осы күні қабылдауға келгендердің бірі – Осакаров ауданының тұрғыны. Жерлестерінің атынан ол облыс әкіміне газдандыру мәселесімен жүгінді. Айта кету керек, бірнеше жыл бұрын ЖСҚ әзірленіп, тендер өткізілген, бірақ сатып алуларға қатысушылардың біреуіне байланысты сот даулары басталып, проблема сол күйі қалған. Ермағанбет Бөлекпаев мәселені тез арада шешуді тапсырды.
– Газдандыруды бастау керек, – деді облыс әкімі. – Магистральдық құбыр жүргізілген соң жобаны екі кезеңге бөлуді ұсынамын: автономды газ тарату стансасының құрылысынан бастау, содан кейін ішкі желілерге көшу. Сондықтан ақсақалдарға және ауданның барлық тұрғынына мәселенің шешілетінін жеткізсеңіз болады.
Сондай-ақ, кездесуде жер учаскесі бойынша сот талқылауына, ЖСЗТ бағдарламасына, еріктілерді қолдауға, медициналық қызметтердің сапасы мен Шахтинскке медициналық-әлеуметтік сараптаманы қайтаруға, сондай-ақ осы қалада балаларға арналған оңалту орталығын ашуға қатысты тұрғындардың өтініштері қаралды.
– Биыл Балқашта оңалту орталығының құрылысын аяқтаймыз, ал келесі жылы осындай нысан Шахтинскіде «Қамқорлық» корпоративтік қорын қаржыландыру желісі бойынша ашылады. Қазір ғимаратта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, – деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.
Тұрғындардың көптеген сұрағына сол жерде жауаптар берілді. Мұқият қарауды талап еткендер одан әрі шешілуі үшін бақылауға алынды.