21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында өңірдегі өнерпаздар мен сала қызметкерлеріне облыс әкімінің сыйлығы табысталды. Бұл – еңбек еленіп, құрметке бөленетін күн. Сыйлыққа ие болғандар арасында әріптестеріміз де бар.
Салтанатты жиынды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтау сөзімен бастады. Аймақ басшысы халық үшін мәдениет пен өнердің атқарар зор миссиясына тоқталды.
– Сіздерді 21 мамыр – өнер және мәдениет қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мәдениет – ел руханиятының өзегі, ұлттың өткені мен бүгінін сабақтастырып, келешекке бағыт беретін асыл құндылықтардың бірі. Сіздердің халық игілігі үшін атқарып жатқан елеулі еңбектеріңіз өңіріміздің дамуына зор септігін тигізуде. Еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сонымен «Алтын жолақ» аталымы бойынша облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі қаламгер Ерсін Мұсабеков, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ерғанат Кеңесбекұлы лайық деп танылды.
Ерсін Мұсабеков мінберге шығып, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтай отырып, қазақ халқы үшін мәдениет пен өнердің алар орны турасында ілкімді пікірін айтты.
– Бұл күн тек мәдениет пен өнер саласының қызметкерлеріне ғана қатысты деп айтсақ, қателесеміз. Бұл – өнерді қастерлеген қазақ деген ұлы халықтың мерекесі. Өнеріміз өркендеп, мәдениетіміз көркейсін! – деді сыйлық иесі.
Қара шаңырақ – «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ұжымын осынау атаулы сыйлықпен шын жүректен құттықтаймыз.
Редакциядан