Бұдан төрт жыл бұрын «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі құрылған олатын. Кейін Қарағанды облысында бірлестіктің филиалы ашылды. Сол күннен бері осы өңірдегі филиал басшысы болып Индира Тоқмурзина өз жұмысын адал атқаруда. Индира Жанұзаққызымен әңгіие барысында осы жылдарда атқарылған іс-шаралар туралы білген болатынбыз.
– Индира Жанұзаққызы, төрт жылдық белесті бағындырған «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі туралы айтып өтсеңіз…
– «Сенімен Болашақ» – бұл жай ғана Үкіметтік емес ұйым емес, ата-аналар алаңында жауапкершілік, ізгілік, мәдениет деген құндылықтарды насихаттайды десек болады.
Тура төрт жыл бұрын, 2021 жылдың 28 шілдесінде қоғам белсендісі Нұркен Асановтың бастамасымен «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған еді. Осы уақыт ішінде ұйым шағын идеядан бүкіл елді қамтыған ірі ұлттық қозғалысқа айналды. Бүгінде ол Қазақстан бойынша 150 мыңнан астам ата-ананы біріктіріп отыр.
«Салют – бұл бір сәттік жарқыл ғана. Ал жұлдыз – ол мәңгі. «Сенімен Болашақ» уақытша жоба емес, ол – отбасыларға, балаларға және қоғамға күн сайын жарық шашатын жұлдыз», деген болатын Нұркен Асанов өз үндеуінде.
Негізінен «Сенімен Болашақ» миссиядан қозғалысқа айналған идея.
Ұйымның басты мақсаты – ата-аналардың саналы жауапкершілігін арттыру, саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру және отбасы институтын нығайту. Себебі дәл осы институт ел болашағы – жаңа ұрпақты тәрбиелеудің негізгі өзегі. Бұл миссияны іске асыру үшін ұйым бес бағытта жұмыс істейді: ата-аналарға арналған тренингтер мен кеңес беру қызметтері, социологиялық зерттеулер жүргізу, қазақ ойшылдарының еңбектерін қайта басып шығару; ағартушылық және креативті жобаларды іске асыру, ата-аналарды мемлекетпен және қоғаммен диалогқа тарту.
– Осы төрт жыл ішіндегі жетістіктерге тоқтала кетесіз бе?
– Жалпы еліміз бойынша 16 910 шара ұйымдастырылды, 126 000-нан астам ата-ана қамтылды. 16 өңірде филиалы жұмыс істейді, 64 тұрақты қызметкері бар.
Осы уақыт ішінде 198 балабақша, 1 138 мектеп, 106 колледж және 27 жоғары оқу орнымен меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, аймақтарда 13 әлеуметтік пилоттық жоба жүзеге асты. Ата-ана болу ахуалына байланысты 2 ірі социологиялық зерттеу жүргізілді
2023-2024 жылдары «Сенімен Болашақ» еліміз бойынша бірқатар маңызға ие жобаларды жүзеге асырды. Атап өтсек, «Жақсылық жасап жарысайық» – жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, еріктілік пен тәрбиелік жұмыстар арқылы. «Өмірің өз қолыңда» – вейп және синтетикалық есірткілерге қарсы медиакампания.
«Тазалық – өмір айнасы» – жасөспірімдер мен ата-аналарға арналған репродуктивті денсаулық жайлы дәрістер.
«TATULYQ» – тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған ер азаматтарға мінез-құлықты түзету бағдарламасы.
«Кәсіби бағдарлау» – жасөспірімдердің мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауына және еңбек нарығына бейімделуіне көмек.
«Ұлт ұстазы» – заманауи мұғалім бейнесіне арналған тележоба.
«Оқуға құштар отбасы» – кітап алмасу (буккроссинг) жобасы мен оқырман отбасылар байқауы.
Бұл жобалар жергілікті мәселелерді ескеріп, өңірлік ерекшеліктерге бейімделе жасалғандықтан, тек жалпыұлттық емес, нақты проблемаларды да шешуге мүмкіндік беріп отыр.
– «Сенімен Болашақ» ата-аналармен жұмыс істейді. Олай болса, бүгінгі күні нәтижесі бар ма?
– Әрине, ата-аналармен тығыз байланыстамыз. Осы жылдар ішінде бірлестік екі ірі зерттеу бастамасын қолға алды. 2023 жылы 57 мыңнан астам ата-ана мен жасөспірім арасында сауалнама жүргізіліп, отбасындағы өзара түсіністік деңгейі анықталды.
Ал 2024 жылы басталған «Қазақстандық ата-ана» атты зерттеу аналитикалық баяндама мен ата-аналық үлгілер типологиясының негізін қалады.
Зерттеу нәтижелері бойынша: мектеп жиналыстарына қатысатын әкелер саны 11%-дан 45%-ға өсті; аналар мектеп өміріне бұрынғыдан жиі араласатын болды; балаларға эмоционалдық қолдау көрсетуге деген қызығушылық артқан.
Айта кету керек, «Сенімен Болашақ» Еуропалық ата-аналар қауымдастығының форумдарында екі мәрте Қазақстан атынан қатысты. Сонымен қатар 2023 жылы Швейцарияда өткен алғашқы Педагогтар форумына бару мәртебесіне ие болды. Бұл – қазақстандық ата-ана моделіне шетелдік сарапшылар тарапынан қызығушылықтың артқанын білдіреді.
Бірлестік әлеуметтік ата-ана моделін қоғамға енгізуді ұсынады. Бұл – әрбір ересек азаматтың жалпы тәрбиелік кеңістікке жауапкершілікпен қарауын білдіреді. Мұнда тәлімгерлік, ұрпақтар сабақтастығы және осал топтағы балаларға қолдау көрсету маңызды рөл атқарады.
– Қарағанды облысындағы филиалды басқарасыз. Өз жұмыстарыңыз туралы сөз қозғасақ.
– Әлеуметтік зерттеу аясында әр өңірдегі ата-ананың портретін қалыптастырамыз, проблемаларды алып шығамыз және ата-аналық тәжірибе туралы мәліметтер жинаймыз.
Бұған дәлел, Қарағанды облысында өткен «Өмірің өз қолыңда» медиа жобасы.
Жобаның мақсаты – жасөспірімдер арасында электронды шылым, вейптің зиянын түсіндіру, оның салдары туралы ақпарат беру және жасөспірімдер арасында қолдануын азайту.
Нәтижесінде 785 адам қамтылып, қатысушылар адам денсаулығына зиянын түсініп жобаға тартылған мамандардан (пульмонолог, психолог) пайдалы ақпараттар алды. Білім басқармасынан, білім бөлімінен және жекелей мектептер мен жастар ресурстық орталығынан әлі де сұраныс түсуде.
Қарағанды облысында соңғы бір жылда 150 ге жуық-шара өтті. Оның ішінде ата-аналармен диалог алаңдары, жоғары оқу орындарында, колледждер, әскери бөлімдер, Полиция департаментімен шаралар, Мемлекеттік ұйымдарда кезесулер бар.
Алдағы уақытта да алға өз мақсатымызды орындауға күш салатын боламыз.
– Индира Жанұзаққызы, уақытыңызды бөліп бізге сұқбат бергеніңіз үшін рақмет.
Әңгімелескен:
Әдебиет Белгібайұлы