Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында инвестиция тартуға ерекше назар аударды. «Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды», – деді Мемлекет басшысы. Қарағанды облысында инвестиция арқылы салынып жатқан кәсіпорындарды ойланбастан мысалға келтіруге болады. Президент экономикалық әлеуетті арттыруға ықпал ететін зауыт-фабрикаларды көптеп ашуға жеке қаражатты тартуға күш салуды тапсырды.
«Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді ат салыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет. Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырамын. Мен биыл мамыр айында «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжатта көрсетілген талаптар мүлтіксіз орындалуға тиіс.Мемлекеттің экономикадағы тікелей үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Мұндай ахуал нарықтағы теңдік шарттарын бұзады, жеке бастамаларға тосқауыл болады», – деді Президент өз Жолдауында.
Инвестор есебінен көп кәсіпорын салынған мекен ретінде Саран қаласын мысалға алуға болады. Мұнда Saran индустриялық аймағы жұмыс істеп тұр. Соның арқасында бір кездері ел үдере көшіп, қаңырап қалған қаланың тіршілігі қайта қайнап берді. Әсіресе, ел арасында «РТИ» атанып кеткен шағын ауданында өмір қайта бұрынғы қалпына келді. Бір кездері шағын аудандағы терезелері үңірейіп, үрейіңді алар үйлерді бұзу туралы да сөз шыққан еді. Сол үйлер қайта жөнделіп, ел игілігіне берілді. Билік пен бизнес бірігіп, «РТИ-дағы» үйлерді жөндеуге кірісті.
Моноқалаларды өркендету – бүгінгі ел билігі алдында тұрған ауқымды міндеттердің қатарынан. Ең тиімді тетік – инвестиция тарту. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Жолдауларында да бұл мәселені Үкіметке мықтап тапсырды. Арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктерін барынша пайдалануды міндеттеді. Моноқалалардағы жұмыссыздықты азайтуды, халықты баспанамен қамтамасыз етуді жүктеді. Міне, Саранның іргесінен Saran индустриялық аймағын құруда жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеру көзделген еді.
Саран – тау-кен саласына бейімделген мекен. Қаладағы елу мыңнан астам халықтың басым бөлігі – шахтер, металлург немесе өндірісте жұмысшы. «Қармет» компаниясына қарасты шахталар мен зауыт-фабрикаларда жұмыс істеп, нәпақасын айырып отыр. Жаңа ашылған индустриялық аймақ кеншілер шаһарына тың тыныс бергені белгілі.
Саран қаласы бүкіл республикаға үлгі болды. Мұны Үкімет отырысында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов айтты. Үкімет басшысы моноқалалар әкімдіктеріне кәсіпкерліктің өсуі үшін жағдай жасауды тапсырды. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, өңірде 2021 жылы индустриалдық аймақ құрылғаннан кейін оң динамика байқалды. Қала бюджетіне түскен салықтық аударымдар 4,5 есеге артты, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды және көлік құралдарын, автомобиль дөңгелектерін, полиэтилен құбырларын, тұрмыстық техника шығаратын бірқатар өндіріс орындары ашылды.
«Саран қаласы айтарлықтай түрленді. Даму көрсеткіштері жоғарылады», — деді жиында Олжас Бектенов.
Ұлттық экономика министрлігі Саран қаласының тәжірибесі негізінде осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыру үшін еліміздің бірнеше моноқаласында өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтарды құруды көздеген жоспар құрды. Бүгінде Ақтөбе, Қарағанды және Атырау облыстарының әкімдіктері тиісті жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Индустриялық аймақ үш жыл бұрын құрылды. Қазір бұрынғы резина-техникалық бұйымдар зауытының аумағында бой көтерген QazTehna автобус жасау зауыты жұмыс істеп тұр. Kama Tyres KZ шина жасау зауыты шина өндірісін жолға қойды. Сондай-ақ, KazIsolation металл бұйымдары зауыты, SilkRoadElectonics тұрмыстық техника зауыты, «Энергосистемы Elto» жарық бағандарын құю цехы, AsiaPromSteelLTD металлпрокат зауыты сынды өндіріс ошақтары орналасты.
Бұл өндіріс орындарында мыңдаған адаммен жұмыспен қамтылып отыр. Бұдан бөлек, аймақтағы кәсіпорындарға қызмет көрсететін шағын және орта бизнес нысандарында жүздеген адам жұмыспен қамтылуы тиіс.
Күнкөріс бар жерде баспанаға сұраныс артатыны аян. «РТИ-дағы» 14 үйді біртіндеп қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл іске жергілікті бюджет пен бизнес атсалысып жатыр. Мемлекет жөндеген үйлер – кезектегі тұрғындарға. Ал, инвестор өзі жөндеген үйді жұмысшысына береді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда әлеуметтік инфрақұрылымға күш салынуда.
Бір дәуірде Сарандағы резина-техникалық бұйымдар зауыты дүрілдеп тұрды. Әйтсе де, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен тоқырауда бұл өндіріс те шашылып қалды. Тәуелсіздік игілігі дерміз, кейінгі жылдары ел билігі Саранның сол даңқты дәуренін қайтаруға білек сыбана кірісті. Индустриялық алаң құрылып, бірнеше кәсіпорынның қазығы қағылды. Қазір жұмысын бастап кеткендері де бар. Мәселен, 2021 жылы QazTehna машина жасау зауыты іске қосылды. Ал, 2022 жылы KamaTyresKZ зауытының алғашқы шинасы конвейерден түсті. Кәсіпорын жылына 3,5 миллион шина өндіруге қауқарлы.
«KamaTyresKZ» ЖШС – Қазақ¬стан-Ресей әріптестігінің жемісі. Яғни, татарстандық «Татнефть» пен қазақстандық «AllurTyres» компанияларының ортақ алаңы. Жобаға 171 млрд. теңге инвестиция тартылды.
2021 жылы сәуір айында зауыттың іргетасы қаланды. Небары 16 ай ішінде бой көтерді. Мамандар рекордтық мерзімде тұрғызылғанын айтып, таңдай қағуда. Сарандағы зауытқа дейін де Татарстанмен біріккен бірнеше жоба жолға қойылды. Және аталған өндірістер отандық автоөнеркәсіпке демеу болуымен қатар, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалына да оң ықпал етуде.
Он тоғыз жыл бұрын Көкшетауда «КамАЗ» зауыты тұрғызылды. Қостанайда автобөлшектер жасау кәсіпорны салынды. Шина зауыты сол әріптестіктің жалғасы болды. Бұл жобалар өнеркәсіпті дамытуда да, моноқалаларды өркендетуде де маңызды. Саран қаласының мыңнан астам тұрғыны жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, зауыт автомобиль өнеркәсібінің де, тұрғындардың да сұранысын қанағаттандыруда. Өнім көлік құрастыруда пайдаланылады. Нәтижесінде, машина жасаудағы отандық үлес артады.
Еліміздің әр тарабында Президент тапсырмасы аясында қанат қаққан жобалар баршылық. Бұл тұрғыда шетелдік инвестициялар маңызды рольге ие. Мемлекет басшысы инвестиция есебінен жергілікті өнеркәсіпті аяғына қаз тұрғызып, импортты алмастыруды көздейді. Сайлауалды бағдарламасында да «Елдің өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны күшейеді. Ел ішінде тиімді индустриялық тізбек құру жұмысы қолға алынады. Мұнда бірте-бірте неғұрлым терең өңделген өнімдер шығарылады» деп, нақты мақсатты көрсеткен еді.
Зауыт қызметкерлері шина жасау ісінің қыр-сырын Татарстандағы зауыт базасында үйреніп келді. Алғашқыда Нижнекамскідегі оқу орнында 97 маман тың саланың бүге-шігесіне дейін меңгеріп оралды. Одан кейін дле тағы жүз адам сол жақта оқып келді. Бұл зауытты керекті кадрмен қамтамасыз етуде үлкен маңызға ие. Зауыт толық қуатын еңсергенде мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды.
Үш жарым миллион шинаның үш миллионы – жеңіл көлікке, 500 мыңы арнайы техника, жүк көліктері мен автобустарға тиесілі. Жеңіл көлік шиналарының диаметрі 13-тен 20 дюймге дейін барады. Әзірлеу үшін көп уақыт қажет емес. Мәселен, 20 дюймдік дөңгелек 16 минутта дайын болады.
Бастапқыда шикізат Татарстаннан тасылады. «Татнефть» қамтамасыз етеді. Дегенмен, 2025 жылы ол өнімнен бас тартуға мүмкіндік бар. Қазір Атырауда мұнай өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Яғни, келешекте өндіріске керек синтетикалық каучук Атыраудан алынады. Бастысы – зауыт ішкі нарықтың сұранысын толық қанағаттандырады. Сырттан импорттаудың қажеті жоқ. Тіпті, экспорт мәселесі де күн тәртібінде тұр. Яғни болашақта импортқа тәуелділіктен толық құтылуымыз әбден мүмкін.
Манас АҚСАРЫ