«JasStar» желісінің мерейлі мерекесі

Қарқаралы ауданында жас буынның бірлігі мен белсенділігін айшықтайтын, қоғамға қызмет етудің мейірім мен жауапкершілікке толы үлгісін көрсететін маңызды шара – «JasStar» волонтерлер желісінің 8 жылдық мерейтойы кең ауқымда аталып өтті. Мерекелік кеш тек ұйымның тарихына шолу жасап қана қоймай, өңірдегі жастар қозғалысының дамуы мен қоғамдық бастамалардың жаңа белесіне айналды.

Салтанатты жиынға аудан басшылығы, жастар ұйымдарының өкілдері, белсенді волонтерлер, қонақтар және түрлі сала мамандары қатысып, еріктілер еңбегінің қоғам үшін маңызын атап өтті.

Шараның ресми ашылуында Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ілияш құттықтау сөз сөйлеп, жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуына жоғары бағасын берді. Ол волонтерлердің жауапкершілігі мен шынайы жанашырлығы ауданның дамуына айрықша үлес қосып отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрлыбек Ильдебаев пен Қарқаралы қаласының әкімі Аслан Рахимбергенов те жас еріктілерге жылы лебіздерін білдіріп, ұйымның үздік мүшелеріне алғыс хаттар мен марапаттар табыстады.

Кеш барысында жас өнерпаздар көрермендерге әсерлі әндер, мың бұралған билер және шығармашылық қойылымдар ұсынды. Қонақтар үшін әзірленген түрлі ойындар мен интерактивті бағдарламалар мерекелік көңіл-күйді одан әрі арттыра түсті. Волонтерлер дайындаған арнайы флешмоб пен өздері шығарған ән кештің ажарын аша түсті.

Шараның маңызды бөлігі – жыл бойы атқарылған жұмыстарды қамтыған қорытынды бейнероликтің көрсетілімі болды. Онда волонтерлердің түрлі әлеуметтік бастамалары, қайырымдылық акциялары, игі істері мен есте қаларлық сәттері көрініс тапты.

Кештің ең жауапты сәттерінің бірі – жыл үздіктерін марапаттау рәсімі. Марапаттарды Қарқаралы ауданы жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Әбіл және «JasStar» желісінің төрағасы Дархан Әбілқасым табыстады.

Жеңімпаздар келесі аталым бойынша анықталды: «Үздік волонтер – 2025» – Садық Жәнел Жанатқызы, «Үздік көшбасшы» – Сайлаубай Амира Мейрамбекқызы, «Жастар белсендісі» – Дәуренбек Балжан Ержанқызы, «Жаңа есім» – Жұмагелдіұлы Алдияр, «Жас өнерпаз» – Өмірзақ Ақбота Алтынбекқызы, «Жастар жігері» – Есов Нұрали Ержанұлы.

Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен марапаттар табысталды. Шараға Қарағанды облысының өзге де волонтерлік ұйымдары қатысып, мерейтой қуанышын бөлісті. Бұл – өңірлер арасындағы достық пен ынтымақтастықтың айқын дәлелі.

Мерекелік кеш барысында жастар ресурстық орталығының директоры Әбіл Азамат Қуанышұлы волонтерлер жұмысына ерекше тоқталды:

«8 жыл – аз уақыт емес. Осы кезең ішінде ауданнан бастап республикалық деңгейге дейін талай игі іс атқардық. Волонтерлер – қай кезде де жанымыздан табылатын, көмекке бірінші келетін адамдар. Олардың мейірімділігі, елге деген жанашырлығы – шынайы патриотизмнің белгісі. Алдағы уақытта да бірлігімізді сақтап, жаңа жетістіктерге бірге жетеміз», – деді.

«JasStar» волонтерлер желісі 2017 жылы құрылған. Содан бері аудан жастарын біріктіріп, көптеген бастамалардың ұйытқысына айналып келеді. Қазіргі таңда 70-ке жуық белсенді жас түрлі бағытта волонтерлік қызмет атқаруда. Ұйымның ұраны да ерекше: «Біздің күш – бірлікте!»

Ұйым қызметінің негізгі бағыттары әлеуметтік – қарттар мен жалғызбасты жандарға көмек, тұрмысы төмен отбасыларды қолдау. Экологиялық – орман-тоғайды тазалау, ағаш отырғызу, «Таза өзен», «Таза Қазақстан» науқаны. Мәдени және спорттық – аудандық іс-шаралардың ұйымдастырушысы әрі белсенді қатысушы. Ақпараттық – жастар арасында пайдалы ақпарат тарату, әлеуметтік жобаларды насихаттау.

Пандемия кезінде де волонтерлер дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізіп, ерекше жанқиярлықпен еңбек етті. Бұл – жастардың азаматтық жауапкершілігі мен мейірімділігінің жарқын көрінісі.

Ұйымның ең үлкен жетістіктерінің бірі – 2021 жылы Қазақстан бойынша «Жылдың үздік волонтерлік ұйымы» халықаралық сыйлығын иеленуі.

Іске асырылған жобалардың қатарында республикалық «Жеңіс» жобасы, «Ардагерім – ардағым», «Жанашыр жүрек», «Ел тірегі – Елбасы», экологиялық «Таза өзен», «Таза Қазақстан» науқаны бар.

«JasStar» волонтерлер желісінің 8 жылдық мерейтойы – жас буынның қоғамға деген сүйіспеншілігі мен белсенділігінің көрінісі. Бұл мерекелік кеш волонтерліктің қоғамдағы рөлін тағы бір мәрте дәлелдеп, жастарға жаңа серпін, жаңа күш-қуат берді.

Қарқаралының бүгінгі жастары – ертеңгі елдің тірегі. Олардың бірлігі мен қайырымдылыққа толы қадамдары өңірдің рухани кемелденуіне үлес қосары анық.

Баршын ЕРТІСҚЫЗЫ