Қарқаралы ауданы Қасым Аманжолов атындағы ауылдың тұрғыны атақты механизатор Шайза Өтебаева бүгінде жастарға білгенін үйретіп, жол көрсетуші болып жүрген жан. Трактор жүргізген апамыз 76 жасқа келсе де әлі тың.
Кейіпкерімізбен «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты ұйымдастырған «Еңбегі жанған арулар» форумында таныстық.
Шайза Өтебаева – нағыз еңбек адамы, қоғам қайраткері және бірнеше мәрте марапатталған механизатор. Ол 1949 жылы туған. Өзінің бүкіл өмірін ауылшаруашылығына, соның ішінде механизаторлыққа арнаған.
1965 жылдан бастап тракторшы-машинист болып еңбек еткен. Ерлермен қатар ауыр техникада жұмыс істеп, колхоз-кеңшар өндірісіне зор үлес қосқан.
– Алғаш еңбекке араласқан күнім әлі күнге дейін көз алдымда. Совхоз орталығындағы сегізжылдық мектепті аяқтағаннан кейін трактор руліне отырып, механизатор болатынымды естіген кейбір замандасым сеніңкіремей де жүрді. «Алғашқы кезіккен қиындықтан кейін-ақ бұл ойыңнан қайтарсың», – деген олардың сөзін естіген сайын бойымды бір намыс оты билеп, өзім қалаған осы мамандыққа деген құштарлығым арта түсті, – дейді Шайза апай.
К-700 тізгіндеген арудың еңбегі жоғары бағаланып, бірнеше рет марапатталған. Атап айтқанда: 1970 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалі құрметпен беріледі. 1984 жылы Кеңес Одағы бойынша механизатор әйелдер арасындағы социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, П.Н.Ангелина атындағы Еңбек Даңқы сыйлығымен марапатталған. «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері. «Ана медалінің» І және ІІ дәрежесі де осы кісінің еншісінде.
Шайза Хамзиновна бірнеше рет жергілікті кеңестің депутаттығына сайланды. Оның халық алдындағы беделі өте жоғары болды, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты.
Әр жылдары түрлі деңгейдегі депутаттық мандаттарға ие болып, қоғамдық істерге белсене араласты.
Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып, бос отырмай шаруа қожалығын басқарады.
– Ауылда ғана емес елімізге сыйлы кісі. Кеңес одағы уақытында атағы дүркіреп тұрды анамның. К-700-ты бағындырған ғой. Кейін зейнеткерлікке шықса да бос жатпай әкеміздің құрметіне қойылған Байсерке қожалығын бірнеше жыл басқарды. Тек қана 5-6 жыл бұрын ауырып қалып ұлы Даниярға өткізді, – дейді қызы Эльмира.
Шайза апай – көпбалалы ана, ел үшін аянбай тер төккен, еңбек пен даналықтың үлгісі.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ